Таңғы сағат 7.00-де Шет ауданына қарасты барлық референдум учаскелері ашылып, өз жұмысын бастады. Бұл туралы Шет аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Дәулетұлы мәлімдеді.
– Еліміз үшін маңызды шешім қабылдау мақсатында аудан тұрғындары бүгін ерте тұрды. Оны бүгінгі дауыс беруге келген адамдардан аңғаруға болады. Ауданда 51 референдум учаскесі бар. Барлығы талапқа сай жабдықталып, комиссия құрамдары бекітілген. Тіпті, алғашқы болып дауыс бергендерге сый-сияпат жасалып жатыр. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Дауыс берушілер өз мекенжайына қарасты учаскеге барып, өз таңдауын жасай алады, – деді Шет аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Дәулетұлы.
Сондай-ақ, Ақадыр кентінде орналасқан № 736 учаскеде алғашқы болып 77 жастағы тұрғын дауыс берді. Кент тұрғыны Нарбай Куланов учаскеге бірінші болып келген.
– Референдум болады деп таңертең ерте тұрып, дауыс беруге келдім. Мен үшін бүгінгі референдум ерекше маңызды. Сондықтан, жерлестерімді бей-жәй қарамауға шақырамын, – деді Нарбай Куланов.
Айта кетейік, Шет ауданында референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне 23 830 азамат енгізілген.
Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы.