Қатерлі ісік қапы қалдырмасын
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту туралы нақты айтты. Жалпы, онкологиялық көмек көрсетуде науқастарды диагностикалау, қатерлі ісіктерді емдеу және оңалту үшін жағдай жасау қажеттігін тапсырған болатын. Сол тапсырманы іске асыру шеңберінде Үкімет былтырғы жылдың соңында «Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітті.
Онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту ісі ілгері жүре бастады. Құжат шешуі тиіс мәселелер көп. Мәселен, онколог дәрігерлердің жетіспеушілігі. Салаға ел бойынша әлі 106 маман қажет екен.
Қарағанды облысында екі балалар онкогематологы ғана бар – Анар Абдиханова мен Мария Оспанова. Екеуі де облыстық балалар клиникалық ауруханасында еңбек етеді. Ал мұнда келетін бала көп. Қазіргі күні онкогематология бөлімшесі есебінде 180 бала тұр.
Жылына жаңадан 10-15 балада түрлі органдардың қатерлі ісігі мен лейкоз анықталады. Бөлімше меңгерушісі – Анар Абдиханованың айтуынша, бұл облыс деңгейі үшін орташа саналады.
– Есепте тұрғандар ішінде 57 бала лейкоз диагнозымен тіркелген. Бұл – ақ қан ауруы. Оны пункция жасау арқылы анықтаймыз. Сосын санитарлық авиация арқылы Астанаға жібереміз. Оны емдеу хаттамасы бар. Емге келмесе, жілік майын ауыстырады. Ол Қазақстанда жасалады. Туысынан табылмаса, халықаралық реестр бар, шетелден іздейді. Бұл жағдайда министрлік квота береді. Бізде ондай науқастар болды. Олар емделіп келгеннен кейін біздің бақылауымызда болады, – дейді дәрігер.
Онкогематология бөлімшесіне балалар анемия, тромбоцитопения – тромбоцит деңгейінің төмен болуы, тромбоцитопатия – мұрынның жиі қанауы, гемофилия – қанның ұюының бұзылуы сияқты диагноздарымен түседі. Бұдан бөлек, түрлі органдардың қатерлі ісігі анықталған кішкентай науқастар ем алады. Олар мұнда ұзақ, айлап жатады. Жағдайы жақсарғанға дейін. Химиятерапиядан кейінгі балалар жатып ем алады, себебі, оларға қан, тромбомасса құю қажет.
Бөлімшеде орын 20 адамға арналған. Дегенмен, одан артық жататын кездер көп. Мәселен, бүгінгі таңда бөлімшеде 22 бала ем алып жатыр. Анар Оспанқызының айтуынша, кейде 25-30 бала жататын кездер болады. Науқас балалар кезек күтіп қалмауы үшін қосымша төсек-орын жабдықтайтындары сондықтан. Бір қуантарлығы, аурухананың жаңа ғимаратының кеңдігі бұған мүмкіндік беріп тұр.
– Біз балаларды туғанынан 18 жасқа дейін қабылдаймыз. 18 жасқа толғаннан кейін онкологиялық науқастарды онкологиялық диспансерге, ал, гематологиялық науқастарды гематологиялық орталыққа жібереміз, – дейді дәрігер.
Күні-түні күтім керек болғандықтан, балалардың ата-анасының біреуіне ауруханада қоса жатуға рұқсат етіледі, жас шектеуі жоқ.
Аман Ақан анасы Ләззатпен жатыр мұнда. Ол Виллербранд ауруына шалдыққан. Бұл – гемофилияның бір түрі, генетикалық ақаудың салдарынан қанның ұюы бұзылады. Сондықтан, оның денесі біреу ұрғандай көк-ала. Аман анасымен Сәтбаев қаласынан жиі келеді.
– Мен екі айда бір осы онкогематология бөліміне келіп, ем алып қайтамын. Емделмесем, жағдайым нашарлап кетеді. Мысалы, бас айналады, көз алдым қарауытады, мұрным жиі қанайды. Мұнда маған укол салады, қан құяды, сосын жағдайым жақсарады, – деп жасырмайды Аман.
Ол өзінің үйде де, түзде де абай болуы керектігін біледі.
– Дене шынықтырудан босатты. Жүгіріп, секірген кезде ентігіп қаламын. Сондықтан, өзімді бірқалыпты ұстауға тырысамын. Достарым да, сыныптастарым да мұны біледі, сынып жетекшім де айтып отырады. Абайсызда жарақаттанып қалсам қан көп кетуі мүмкін. Соққан жерім көгеріп шыға келеді, – дейді ол.
Аман 7 сыныпта оқиды. Денсаулығына байланысты сабақтан жиі қалып қойса да, зерек бала өз бетінше оқи береді.
Анасының айтуынша, жазда жиі келеді екен.
– Сәтбаевта жазда ыстық. Аманға ауа райы, ыстық, қатты суық әсер етеді, физикалық салмақ салуға болмайды. Тек күтіммен отырған бала. Әуелі құдай, сосын осы бөлімшедегі дәрігерлердің арқасында балам осы жасқа жетті, басқа балалар секілді өсіп келеді, – дейді Ләззат.
Денесіндегі көгерген гематомаларды ата-анасы баланың туған кезінен-ақ байқапты. Алты айынан бастап қаратып, көптеген тексерулерден кейін 8 айында диагнозы белгілі болған екен. Содан бері Аман өз өмірі үшін күресіп келеді. Бұл күресте басты қолдаушысы да, қорғаушысы да – отбасы.
– Сол жылдары Сәтбаевта өте жақсы онкогематолог дәрігер болды. Бізге диагнозды дұрыс қойып, емдеді, көп көмектесті. Қазір Ұлытау облысында бірде-бір онкогематолог маман жоқ. Баламның жағдайы кез келген уақытта нашарлап кетуі мүмкін. Қалада кейде реанимацияға да алмайды. Дәрігердің жоқтығы өте қорқынышты. Шарасыздықтан жылаған сәтімде, «Менің осындай болып туғаныма кешір» дейді. Балам үшін мықты болуға тырысамын. 10 айынан бастап, осында емделіп келеміз, қазір балам 12-де. Осы аурухананың дәрігерлері қаншама рет өлімнен арашалап қалды. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ, басымды иемін, – деп көз жасына ерік берді.
Аманнан «Жазыласың ба?» десек, «Білмеймін», – дейді. Бірақ, анасы мен дәрігерлер бұл аурудың өмір бойына екенін біледі.
Онкогематологтардың жұмысы физикалық тұрғыдан да, моральдық жағынан да ауыр, барлығы бірдей шыдай бермейді. Сол себепті болар, бұл мамандыққа келгісі келетіндер аз. Оны үстіне аталған мамандықты Астана немес Алматыда ғана меңгеріп шығуға болады. Ол жақтағылар өңірлерге келуге ниетті емес сияқты.
Маман көп ата-ананың қатерлі ісік сатысын өткізіп алатынын айтады. Себебі, баладағы қатерлі ісік, әсіресе, ішкі органдардағы ісік түрлері алғашы сатыларында білінбейді, тек көзбен көрінгенде немесе баланың өзі шағымдана бастағанда ғана көмекке жүгінеді. Ал, бұл әдетте екінші-үшінші саты саналады. Сондықтан, баланың ішкі органдарын да УДЗ арқылы тексеріп отырған жөн. Ауруханада бұл үшін МРТ, КТ бар.
– Баланың жиі басы айналса, тіс иегі, мұрны қанаса, терісі бозарса, буындары ауырса, тершеңдік, тәбеті жоғалып, салмақ тастаса дәрігерге қаралу керек. Тіпті, мұрын күнде емес, айына бірнеше рет қана қанаса да тексерген дұрыс. Ол үшін тұрғылықты емханада тоқсанына бір рет жалпы қан талдауларын жасатып отыру керек. Гемоглобин деңгейі, тромбоциттердің саны, қанның ұю жылдамдығы мән беретін дүниелер. Осы заманда баланың гемоглобин деңгейі 20, 30, 40 болып келетін ата-аналар бар. Сол сияқты бездердің үлкеюі де дәрігерге баруға себеп болуы тиіс, – деді Анар Абдиханова.
Ол науқас балалардың ішінде, лейкозбен Теміртау мен Балқаш қаласынан жиірек түсетінін айтады.
– Анемиямен ауыл балаларынан гөрі қалалық балалардың жиірек ауыратынын байқаймыз, – дейді онкогематолог. – Бұған экология да әсер етуі мүмкін. Қазір балалар құнарлы тамақ ішпейді, газды су, фаст-фудпен тамақтанады. Сонымен қатар, ата-аналар түрлі дәрумендер мен қоспаларды тиісті талдауларсыз, нұсқаусыз бере береді. Біздің барлығымыздың ағзамызда онкожасушалар бар, олар дәрумендерді «жақсы көреді». Қажеттіліктен тыс дәрумен онкологиялық аурулардың пайда болу ықтималдығын арттырады. Қатерлі ісік туа бітті және жүре пайда бола береді. Одан ешкім сақтандырылмаған. Кез келген уақытта кез келген адамда шығуы мүмкін.
Рас, ешкім ештеңеден сақтандырылмаған. Дегенмен, денсаулықты сақтау, саламатты өмір сүру өз таңдауымызда. Әлемде жыл сайын 400 мыңдай бала қатерлі ісік ауруына шалдығады. 100 мыңдайы қайтыс болады. Ал, біздің елде жылына 35 мыңдай адам ауырса, оның 600-і – бала. Бұл дерттің емі оңайға соқпайды. Бір жақсысы жас ағза ересектердікіндей емес, емге көнеді, тез жазылады. Бастысы диагнозы анықталса, емі кешікпесе болғаны.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz