Басты тақырыпПриозерск

АТАЖҰРТҚА АЛАҢ ҚАНДАС КӨП

Ата-анаңның көзі жұмылғасын, ауылға қарай аяғың да тарта бермейді екен. Алайда, онда қалған ел-жұрттың арасында туған-туыс, жақын-жуық, құда-жекжат бар дегендей, той-томалығы мен өлім-жітіміне бармасаң азаматтығыңа сын болатын ыңғайсыз сәттер де болып тұрады. Шыны керек, туған жердің топырағының өзіне қарай тартып тұратын қасиеті тағы бар. Сондықтан, жол – алыс, жер – шалғай болуына қарамастан, біраз мәселені сылтау етіп, елге қарай ат басын бұруға тура келеді.

Биылғы сапарым қайын атамның қырқын өткізу мен жуықта дүниеден өткен жеңгемнің отбасына көңіл айтуға бағышталды. Жолдың билетін ертерек алып қойып, мерзімінде аттанып кеттім. Жаңа Президенттің билік басына келуіне байланысты Өзбекстанмен екі арадағы қарым-қатынас бұрынғыға қарағанда әжептәуір жеңілдеген. Бүгін жолға шыққан біз ертеңіне кешке діттеген жерімізге жетіп жығылдық. Сол күні қайын атамның қонағасын өткізіп, келесі күні таңертең қырқын берді. Күннің қатты ыстық болуына орай ол жақта садақа, құдай жолы секілді шаралар күн қызбай тұрып ерте өтеді екен. Құдай жолы тараған соң өзім танитын, жақын-жуық кісілер үйдің көлеңкесіне төсек салдырып, бұл жақ пен ол жақтағы тіршілік туралы әңгіме-дүкен құруға кірістік. Олар Қазақстанда өтіп жатқан «ЭКСПО –2017» халықаралық көрмесі және көші-қон мәселесі жайында көбірек сұрастырады. Білгенімді баяндап беріп отырдым.

Әңгіме Өзбекстанда енді басталған жекешелендіру науқаны барысына ауысты. Жекешелендіру науқаны бізде тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ жүргізілген болса, мұнда Президент Ш.Мирзияевтың бастамасымен қолға алынған. Ұжымдық шаруашылықтар түгел таратылып, алдында малы бар шаруаларды ерікті, еріксіз жекешелену науқанына қатысуға күштеп жатқан көрінеді. Бір байқағаным, аталған жекешелендіруді жергілікті қарапайым халық түгілі, шаруашылық басшысынан бастап, мамандарға дейін толық түсінбейді. Үлкен шаруашылық ұжымының бас есепшісі болып келген досым осыны айтты.

Тіпті, науқанды үгіттеп жоғарыдан келіп жатқан өкілдердің өзі нақтылап ештеңені ұқтыра алмайтын секілді. Мәселен, ең кемі 200 ұсақ малды (қой, ешкі) жекешелендіріп алсаңыз сізге құдығыңыз, жайылымыңыз, суыңыз және малдың басы үшін 60, 65 миллион сум көлемінде алдын ала мемлекетке қаржы құюға тиіс боласыз. 200 ұсақ малдың басын әрең құраған шаруа иесі мұнша қаржыны қайдан табады деген заңды сұрақ туындайды. Қораларында бұрыннан жүз қаралы қой-ешкісі немесе 40-50 ірі қарасы бар адамдарға аудан басшылары жеке шаруашылыққа өтуге үндеген болады. Келіспесеңіз сол маңдағы өріске мал жаюға тыйым салынып, 100 шақырымнан әрідегі елсіз қонысқа көшіретінін айтып қорқытады екен. Жекеге өтпей жатып салық пен мол қаражат төлеу мәселесі жекеге өтпекші болғандарды тығырыққа тіреуде. Айналып келгенде тек қана мал шаруашылығымен айналысып келген, шөл және шөлейт аймақты мекендейтін қазақ ұлтының өкілдерінің көңілін үрей билеген.

Кезінде қорасындағы малына сеніп отырғандар да, көшуге мұршасы болмағандар да Қазақстанға көшуге аса құштар болып отыр. Жинала сала көшіп кетуге көбінің жағдай жоқ, дерлік бәрі Қазақстандағы көші-қон орындарының құжаттамаларды рәсімдеу барысындағы қиындықтарды есітіп-біліп отырғандықтан содан да қорқады. Жалпы қиындық қыспағында қалып, шарасыз күй кешкен қандастарымызды көшіріп алуға, оларды ұжымдық және кешенді түрде ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақтарға қоныстандыруға Қазақстан мемлекеті тарапынан қолдау мен көмек қажет болып отыр. Олардың тілі мен жазуы жағынан қиындық тумайтыны анық. Ол үшін сол жаққа көші-қон органдары тарапынан өкілдер жіберіп, немесе сол жақтағы сауатты, ұйымдастырушылық қабілеті бар адамдар арқылы тізім жасап, көшіріп алатын аймақтарды белгілеп, қам жасау керек деп ойлаймын. Түбіміз бір туысқандарымызды тағдыр тәлкегіне қалдырып, қарап отыру ұлтымызға, халықтығымызға, елдігімізге, азаматтығымызға сын емес пе?!. Ол жақтағы осы кезде жүріп жатқан жекешелендіру науқанын ондағы жұрт қазақтарды осындай жолмен барынан айырып, тақырға отырғызу, өзбек байларына кіріптар етудің ішінара саясаты деп түсінеді. Малына күні қараған жұрт одан айырылса, ертеңгі күні қараң қалмақ. Азғана шамасы барлар көшіп келіп жатыр. Осы мақаламда құдайдан жасырмағанды жасырғым келмей, бар көрген-білгенімді қаз-қалпында, ештеңе қосып-алмай, боямасыз баяндадым. Жақсысына – қуандым, жаманын көріп, суалдым. Қанша дегенмен, мені жарық дүниеге әкеліп, ғұмыр сыйлаған, азаматтық жасқа жеткенше, қызықты дәуренім өткен атамекенім ғой, іздейсің, сағынасың, барасың!.. Қайда жүрсең де туған жерің мен еліңнің тілеуін тілейсің!

Көшкен елдің жұртында қалғандардың жағдайы жақсарып, болашақта қатарымызға келіп қосылады деп үміттенесің!.. Сондықтан да, бұйымтайым мен өтінішіме құзырлы орындар құлақ асып, қандастарының қан жылауына жол бермейді деп үміттенемін!.. Лайым, біздің тілегіміз бен үмітіміздің ақталуына бір құдай жар болғай!..

Нұрғали ҚАРАБЕКОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Сурет ғаламтордан алынды.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button