Атаулы жылдың ауқымды міндеттері
Колледж әрқашан кәсіпқойлар командасын қалыптастырады. Жаңалық пен жақсылыққа ұмтылған білім ошақтарының тәжірибесіне сүйенсек, кәсіпқойлық – табысты дамуға кепіл.
Биыл Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылын» ерекше атап өтіп, жастарды өндіріске бағыттауды міндеттеді. Жастардың біліктілігін, мотивациясын, әлеуметтік қорғалуын, оқуға адалдығын және еңбекке ерте араласқандарын ескеріп, олардың құндылықтарға адалдығын арттыруға үздіксіз қамқорлық жасайтынын атады.
Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын іске асыруда тиісті жұмыстар басталып кетті. Бүгінде облыста 33 мыңнан астам студент оқитын 52 колледж жұмыс істейді. Кадрларды даярлау 126 мамандық бойынша жүргізілуде.
Мемлекеттік тапсырыс 1100 орынға артты
«Жұмысшы мамандықтары жылына» орай биыл колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 1100 орынға көбейіп, оқуға 9 244 адам қабылданды.
– Дуальді оқытуды дамытуда кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа форматтарын енгізу маңызды. Соның ішінде колледждерді ірі бизнестің қамқорлығына беріп, мақсатты тапсырысты кеңейту де көзделіп отыр. Халықаралық стандарттардың талаптарын ескере отырып, жұмыс берушілердің қатысуымен, білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстары жалғасады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Басқарма басшысы атап өткендей, облыста бүгінде 8 жетекші бағыт бойынша колледждерді кластерлеу басталды. Атап айтсақ, білім берумен қатар, құрылыс, көлік, энергетика, IT және байланыс, тау-кен өндіру, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы жұмысшы мамандарды қамту көзделген. Бұл орайда өңірдің «Жаңа мамандықтар» атласы әзірленгенін атап өткен жөн. Ол мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында ескерілетіндіктен, осыған орай биыл «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану», «Гидротехникалық құрылыс» және «Гидротехникалық мелиорация» мамандықтары ашылады. Кәсіптік бағдар беру жұмысы да жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылады.
Жыл шарапаты – «Жұмыс тап» жобасы
«Жұмысшы мамандықтары жылында» өңірлік WorldSkills (Ворлдскиллс) чемпионатына тоқталған жөн. Ақпаратқа сүйенсек, биыл өңірде «Жас Skills», сондай-ақ, алғашқы рет «Бөбек Skills» кәсіби шеберлік конкурсы өтеді. Оқушыларға жергілікті кәсіпорындарға саяхат жасайтын мүмкіндіктің берілуі үлкен олжа болмақ. Мектептерде профильді сыныптар құру жұмыстары жалғасын табатыны қуантады. Қазірдің өзінде мектептерде қызмет көрсету, авто, агро, құрылыс, ІТ және басқа да бағыттар бойынша 50 профильді сыныптар құрылатыны жасөспірімдердің мамандыққа қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Түрлі себептермен мамандығын өзгертуге шешім қабылдаған ересек адамдар да «Жұмысшы мамандықтары жылының» шарапатын көреді. «Жұмыс тап» жобасы аясында түрлі жастағы азаматтарға арналған бағдарламалар колледждер базасында жүзеге асырылады. Оларға мансаптық өсу және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері беріледі.
Колледждердің әл-ауқаты артады
Білім басқармасының мәліметінше, биыл облыс колледждерінде заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 2 заманауи құзыреттілік орталығы және 10 шеберхана құрылады. Бұл бағытта «Qarmet» АҚ, «KazakhmysSmelting», «QazTehna», «KamaTyresKZ», «Silk Road Electronics» ЖШС және өңірдің басқа да ірі кәсіпорындарымен белсенді жұмыс жасайды. Моноқалаларда және ауылдық жерлерде орналасқан колледждердің қызметіне ерекше назар аударылуда.
– Біз биыл Балқаш және Теміртау қалаларында орналасқан шағын колледждерді ірі колледждерге қосу арқылы ірілендіру жұмысын жүргіздік. Бұл ірі колледждердің ресурстары арқылы шағын колледждердің әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді, биыл аталған ғимараттарда өңірлік сұранысқа сай су шаруашылығы, туризм бойынша заманауи шеберханалар мен зертханалар ашылатын болады.
Қытай, Германия, Турция, Финляндия елдерімен тәжірибе алмасу арқылы халықаралық серіктестікті дамытатын боламыз. Теміртау және Қарағанды қалаларында орналасқан екі жоғарғы политехникалық колледжді халықаралық аккредиттеуден өту мәселесі пысықталуда. Бұл да түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Колледждерде шағын кәсіпорындар құру, кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруда еңбек адамының оң имиджін қалыптастыру көзделген, – деді Гүлбақыт Жүнісова.
Тәжірибе өндіріспен ұштасқанда…
«Жұмысшы мамандықтары жылының» жастарға берген ең үлкен несібесі – жинаған тәжірибе мен білімді өндірісте ұштастыруға кең мүмкіндіктің жасалғаны. Мәселен, бүгінде 4000-нан астам студент білім алатын Қарағанды политехникалық колледжі түлектерінің 100 пайызы жұмыспен қамтылған.
– Оқу кабинеттері мен зертханаларды жаңа жабдықтармен жарақтандыру және оларды оқу процесінде пайдалану қазіргі уақытта теориялық оқытуды қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша оқу уақытының едәуір бөлігі мамандарды даярлау сапасын арттыруға, практикалық оқытуға бөлінеді, – дейді колледж директорының оқу-өндірістік істер жөніндегі орынбасары Александр Ковалев.
Бүгінде кәсіпорындар жаңа экономикалық жағдайда жұмыс істеп жатқанда, өндірістік бәсекелестіктің пайда болғаны рас. Жас мамандарды даярлау сапасына қойылатын талаптар да күрт өсті. Осыған байланысты колледж өзінің даму перспективасын жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастықтан тапқан.
– Колледжде 10 мамандық бойынша 20-дан астам ірі кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік туралы шарттар жасалғандықтан, колледжде «Тау-кен ісі» бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестік жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта дуальді оқыту жүйесі электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары мамандығы бойынша енгізілді. «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» және «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтарында дуальді оқыту жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Автомобиль бөлімшесінің базасында, шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстары орындалатын, техникалық пәндер бойынша, оның ішінде, мехатроника және робототехника бағыты бойынша оқу макеттері мен стендтер құрылатын студенттік конструкторлық бюро жұмыс істейді, – деді Александр Ковалев.
«Жұмысшы мамандықтары жылында» колледж студенттеріне кең мүмкіндік берілді. Өндірістегі сала мамандарының сөзіне сүйенсек, облыстағы колледждерде жылдар бойы жинақталған тәжірибе ұқыпты сақталып келеді. Іргелі білім беруге және оқу жүйесін заманауи тәжірибемен үйлестіруге, отандық және әлемдік жаңа технологияларды пайдалануға негізделген дәстүрлер дамуға жол ашады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»