Жаңалықтар

Қатардағы жауынгер

Бұл соғыстың тарихы – халық ерлігінің тарихы. Оның шежіресі өшпейтін, өлмейтін, тозбайтын құбылыс. Сондықтан мұның үлкен алау, өшпес отының маздай беретіні даусыз. Осыны ұмытайық, тың дерек көздерін табуға ұмтылайық! Бұл бейбіт күндегі парызымыз.

Сурет Қорғаныс министрлігінен

 Биыл Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңісімізге 80 жыл толғалы отыр. 1945 жылы  9 мамыр Рейстахқа Кеңес әскерінің ту тігіліп, Отанымызға бейбітшілік алып келгеніне де 65 көктем болыпты. Сол кездері дүние есігін ашқан біз де бүгін сол жасқа келіп қалыппыз. Мен де осы Жеңіс мерекесіне орай, қаншама отбасының шаңырағын ортасына түсірген сұрапыл соғыс куәгерінің ұрпағы ретінде марқұм, майдангер әкем қатардағы жауынгер Сағымбек Құртбаев жайлы аз-кем ой толғауды өзіме перзенттік парыз санадым.

   Сұм  ажал әкемді 1963 жылы  61 жасында алып кетті. Соғыс салған жарақаттың қабынуы оның ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. 11 жасымда қалған мен және менен кейінгі шиеттей 5 бала және үш үлкен ағамыз қала бердік. Бірақ тағдырға не шара?  Барлығы да сол сұрапыл соғыстың зардабы.

Сурет автордан

   Ғұмыр бойы әкемнің асыл бейнесі мәңгілік көз алдымда жүрегімде мен бүгінде оны өзім немерелі болсам да оны қатты сағынамын. Бұл сағыныш әсіресе, 9 мамыр – жеңіс күні жақындаған сайын күшейе түседі.

   Келер ұрпақ  соғыс деген суық сөзді естімей, әке мейірімін көріп өссе екен деймін. Әке орнын ешнәрсе де толтырмайтыны анық.

Соғыстың алғашқы күндері -ақ Нұра аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырылған менің әкем сол кезде 39 жаста болатын  Ауылда өскен, бір ауыз орысша білмейтін, қой аузынан шөп алмайтын әкемді көз алдыма елестетсем, оның мылтық ұстап жауға қарсы оқ атуын елестетуім өте қиын. Бірақ амал бар ма, басқа күн туып жан жағыңнан от жаудырған кезде оны да атқаруға тура келді.  Үш айлық дайындықтан өткен әкеміз Сталинград майданына №1194 арнайы полк құрамында шайқасқа енеді.

  1942 жылдың 2ші қыркүйегінен Сталинград майданында жағдай шиеленісе түсті. Дұшпанның қалаға оңтүстіктен бұзып жарып өту қаупі төнді. Кеңес адамдарының ерлігі мен жеңіске деген жігерінің арқасында қала алынбас қамалға айналды. Еділ бекінісі алдында гитлершілердің тас талқаны шықты. Сталинградтың даңқты қорғаушыларының арасында Қазақстанның да перзенттері болды, оның ішінде 8 мыңнан астам қазақтар болды. Соның бірі қатардағы жауынгер Құртбаев Сағымбек еді.  Танкілерінің гүрілі жерді жарып, ауыр зеңбіректерді сүйреген «полуторкалары» айналаны шаңға бектіріп, аттылы-жаяулы аралас үздік-создық шұбатылған әскердің алды биік дөңнің басына шыққанда,  арғы беттегі жартылай қираған, үстін түтін аралас қалың тұман басып жатқан қасіретті Сталинград шаһары алақандағыдай көрінді. Қаланы қақ жарып өтетін қасиетті Волга өзенінің әншейінде көкпең-көк боп ирелендей ағып жататын суы да қарақошқыл тартып, адамның зәре-құтын алғандай… Бекінген жау оңай берілсін бе, кеңес әскерлері артиллерияның астына алып, дамылсыз төпелесе де, айылын жиятын түрі көрінбеді

 Осындай сұрапыл ұрыстың бірінде әкеміз жау оғынан сол иығынан  жараланып, №1321 эвакуациялық госпитальға түскен. 1942 жылдың 4 қыркүйегінен 12 желтоқсаны аралығында осы госпитальда емделген соң оны  әскерге жарамсыз деп тауып, елге қайтарады. Бұл  жайында сонау 1942 жылғы майдан даласынан келген сарғайған құжаттар сыр шертеді, онда былай деп жазылған:

Справка дана красноармейцу 1194 с.п. Куртпаеву Сагамбеку в том, что означенный тов. Куртпаев С. Находился на излечении в ЭК 1321 с 4 сентября по 12 декабря 1942 года по поводу   сквозное осколочное ранение левого плеча с повреждением кости.

Ранение получены при боевых действиях Великой отечественной войны.

Негоден квоинской службе. Десе, енді бір қағазда заключение ВТЭК инвалид великой Отечественной войны деген қорытынды тұр.

  Сол иығынан жараланған әкеміз 1943 жылы елге оралған соң әкеміз соғыс мүгедегі болса да еңбекке араласып,    «Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың баласы емес пе, аман-сау елге оралғаны бір Алланың арқасы, соның өзі ешбір наградамен өлшенбес олжа ғой! Әйтпесе, қаңғып тиген жау оғын былай қойғанның өзінде, ағысы жойқын Дон өзенін Ақсай, Новочеркасск  деген елді  мекендердің  тұсынан жүзіп өткендерінде, қаншама адам суға кетті десеңізші?  Қырымның көк сеңгір тауларынан асқанда да талай адам құздан құлап, мерт болды емес пе?!

Бала кезімізде әкеміз арқасын күнге қыздырып есік алдында отырғанда біз қызық көріп оның арқасындағы оқтың орындарынан қалған тыртықтарды  көріп таң қалушы едік.

Елге оралған соң әкеміз және соғысқа дейін туған ағаларымыз Нәскен, Өскен әуелі Кеңжарықта, одан соң тың игеру кеңшары құрылғанда Щербаков қазіргі Қайнар шаруашылығында аянбай еңбек етті, осы шаруашылықтың іргесін қалауға өздерінің маңдай тер еңбектерін қосты. Еңбегі еленіп Өскен 1962 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің Пленум мүшесі болды. Құртбаевтар әулетінің бұл шаруашылыққа сіңірген еңбегін Щербаков ауылының бүгінгі таңда көзі тірі байырғы тұрғындары өте жақсы біледі. Тіршілігінде бойына біткен момындық пен еңбекқорлық, қарапайымдылықтың арқасында ол ешқашан да ешкімнен ештеңе сұрап көрген емес. Барға қанағат қылып, өмірінің соңғы сәтіне дейін  үйелмелі сүйелмелі балаларын жеткізу үшін еңбек етті.

  Қарша бораған оқтың астында, қан төгіс майдан ортасына түскен, өзінің Отан үшін отқа түсіп, Отан алдындағы борышын қатардағы жауынгер ретінде адал атқарған әке аруағына бас иеміз. Бейбіт заманда, кешегі соғыста фашизммен еліспей беріспес айқасқа түскен әкеміз қарапайым еңбек адамы, қатардағы жауынгер Құртбайұлы Сағымбекті  Жеңіс күні  еске алып,  оның өлмес рухына мың мәрте тағзым етеміз!

***

Енді соғыс ардагерлері жайында өз басымнан өткерген бір жайтты да атап өткім келіп отыр. 2010 жыл  Ұлы Жеңістің  65 жылдығы қарсаңында ауылдан хабар жетті «Сенің әкең соғысқа қатыспапты, оны тізімнен алып тастадық» деген. Әкемнің дүниеден өткеніне де 50 жылға жуықтаған, бірақ бала кезімде әкеміз жауырынын күнге қыздырып отырғанда оның соғыстағы оқтың тыртықтарын сипат отырғаным есімде, соғыстан жараланып мүгедек болып қайтқан. Амал не жергілікті биліктегілер құлақ асатын түрлері жоқ, амалсыздан аудандық мұрағатқа жүгіндім. Бір ай өткенде мұрағат басшысы телефон шалды «келіңіз» деп көңілім алай түлей болып асыға жеттім. Алдыма «Личное дело инвалида Великой Отечественной войны Куртбаева Сагимбека» деген папканы қойғанда әкем тіріліп келгендей болдым. Ол құжат мұрағат басшысының тыңғылықты іздеуінің арқасында «Мерзімі өткендіктен жойылуға тиіс» құжаттардың ішінен табылыпты. Мың алғыс, әрине, Сергей Меркуловқа!  Кейін әкем туралы мәліметтер «Память» сайтынан да табылды, тіпті соңында жұбайы Куртбаева Жамал, екі ағам Нәскен, Өскен атты балалары қалды деген құжат та табылды. Сондықтан Ұлы Отан соғысына қатысқандар туралы мәліметтерге ерекше мұқият қарап, әркімнің алып қашпа сөзіне ермеген жөн. Отан қорғауға қатысқан әр жауынгер – батыр! Бұл – адамның тағдыры, әрі беріден соң ұрпақ тағдыры деп білемін!

Бикен САҒЫМБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Back to top button