Атамның ерлігі – ұрпаққа өнеге
Атам Омар Қылышбаевтан «сіз қай жылдары, қай фронтта соғыстыңыз?» деп талай сұрағаным бар. Сонда айтқан әңгімесі осы еді…
1942 жылдың басында соғысқа шақырылғандар қатарында Қарқаралы қаласына, Темірші ауыл кеңесінен 80 адам болдық. Қарқаралы қаласынан Қарағандыға келген 80 ауылдасты екіге бөлгенде, бір-бірімізді қимай, соғыста бірге жүретіндей жылап-еңіреп айырылысқан едік. Бөлінген біздерді пойызға отырғызып, 3 күн жүргеннен кейін, тоқтап, бәрімізді түсіріп, бір қаланың шет жағында салынған ұзын бараққа орналастырды. Сол күннен бастап әскер ойындарын үйрете бастады. Көбінесе үйрететіндері сапта жүріп-тұру, винтовка, пулемет тетіктерін бұзып қайта жинау, командир берген орысша жарлықтардың айтылуы, орындалуы.
Екі ай уақыт өткенде бізді сапқа тұрғызып, енді тікелей соғысқа барасыңдар деп, тізіммен бөле бастады. Теміршіден барған 40 жігіт әлі бірге едік. Сол арада ортамыздан бір адам басқа топқа ауысуы керек дегенде бір-бірімізді қимай үнсіз тұрып қалдық.
Бізді тағы пойызға отырғызып, 8 күн дегенде бір жерге тоқтап, түсіріп сапқа тұрғызып, бірнеше сағат жаяулатып, қалың орман ішіне әкелді. Жан-жағымызға, айналамызға көз салсақ, орман іші тола біздің әскер-солдаттар. Біз де өз бөлімшемізбен орманның бір шетіне орналастық. Орман іші қалың, үлкен ұшан-теңіз көл орналасқан.
Үш күн орман ішінде болдық. Қайда келдік деп сұрастырғанда, келген бағытымыз қоршаудағы Ленинград қаласы екен. Қала қоршауда болуы себепті, бізді тек қана кеме арқылы қала ішіне жеткізе алатын көрінеді. Теңіздің аты – Ладога көлі.
Қоршаудағы қалаға барлық қару-жарақ, азық-түлік, адам күші осы Ладога көлі арқылы су көліктерімен жеткізіледі, басқа жол жоқ. Ладога көлін халық «Өмір жолы» деп атады.
Қоршауда қалған Ленинград қаласына сырттан келетін көмекті болдырмау үшін фашистер су жолын барлаушы, бомбылаушы ұшақтарымен бақылап, біздің кемелерге шабуыл жасап, суға батырып жіберуге тырысатын. Дегенмен, олар «Өмір жолын» тоқтата алмады. Сол кезде ұшақтар аз болса да көл бетіндегі кемелерімізді қорғап қала алды. Біздің ұшқыштардың дәл осы көл бетінде небір ерліктер жасағанын естідік. Ленинград қоршауы – Ладога көлі, «Өмір жолы» туралы Совет халықтарының естімегені жоқ шығар.
Орман ішіне келгенімізге 3 күн болғанда қалаға өту керек болып, сапқа тұрып, су жиегіне қарай жүрдік. Кеме аялдайтын жерге келсек, бір үлкен нән кемеге тақтайдан жасалған көпір арқылы сапқа тұрған солдаттарды мінгізіп жатыр, бізде өз кезегімізді күтіп тұрмыз. Кезегіміз жеткен кезде кеме толып, симай қалдық. Келесі кемені тосуға тура келді. Әскер толған кеме жылдамдатып қоршаудағы қалаға қарай жол тартты. Бұрын соңды мұндай кеме, мұндай су көрмеген біздер кеме кеткен бағытқа қарап, аман-есен жетсе екен деп құдайдан тілеп тұрмыз. Құдай қай бір тілегіңді бере берсін, кеме көз көрген жерге барғанда дәл бір су астынан шыға келгендей немістердің үш бомбалаушы ұшағы біздің кемеге шабуыл жасады. Кемені ал бомбаласын, бұрқылдаған су, түтін құдай басқа бермесін, дәл сондай адамзатты қырып-жою тасжүрек фашистерге ғана тән шығар, бомба дәл бізге жауып жатқандай басымызды ұстап отырғаннан басқа не шара? Кеме суға батты, сол кемеде болған мыңдаған адамның бірі тірі қалмады. Фашистік құзғындар дәл бір тоят алған қарғаларға ұқсап, ұшып кетті.
Осы жағдайды, көріністі көріп тұрған жағадағыларға кемеге отыру – өлімге тікелей барумен бірдей болып көрінді. Бірақ, амал жоқ өлгендерден артықпын ба деп те ойлап қоямын. Келесі кеме келгенде бірінші кезекте міндік. Бар білген иманымды ішімнен айтып, құдайға сиынумен болдым.
Сонымен, Ленинград қаласына аман-сау жеттік. Қоршаудағы қала қайбір жетісіп тұр дейсің, солдаттардың өзіне өлмес нәр береді, азық-түлік жетіспейді. Бізге күніне үш мезгіл бір ас қасықпен ұн береді. Ұнды сол жерде жейсің бе, жоқ ыстық суға салып ішесің бе, ол өз шаруаң. Негізі сол кезде байқағаным, Ленинград қаласында қазақ солдаттары көп болдық. Біз, қазақтар, бір қасық ұнды ыдысымызға ыстық су құйып, соған араластырып ішетінбіз. Дегенмен, қазақтар аштық азабын тарта қоймады, оған себеп – оқтан өлген жегін аттардың етін қазақ, қырғыз, өзбек ұлт өкілдері қылдай қылып бөліп жедік. Жалпы, қазақтар қандай іске болсын төзімді келеді, тамаққа шыдамдылық көрсете білдік.
Бір күні жанымыздан өтетін темір жол бойында бір вагон картошка төгіліп жатыр дегенді жігіттер айтып келді, барып көрсек кәдімгі картоп, «е, мынау жақсы болды ғой, алып кетейік» деп жатқанда ішіміздегі ересегіміз Әлиманов Нұртай: «…әй, былай тұрыңдар, далада тегін нәрсе жатпайды, жоламаңдар» дегені. Расында картоп базда жатып, уланған болып шықты.
Бізбен бірге Ленинград қоршауында Балтық елдерінің Эстон, Литовец, Латвия азаматтары болды. Өздері өңкиген-өңкиген ірі, денесіне қарай өте тамақсау келеді. Көзіне көрінгенді жеп, көбісі өліп қалды. Бізге бір ас қасық ұн берсе, оларға екі қасық ұн береді. Оны олар місе тұтпай, асқазанын толтыру үшін ұнға опилка ағаштың ұнтағын қосып жеп, одан да талайы өлді.
Командирлер немістерге барынша білдірмей, алдыңғы шепке атыс құралдарын жеткіздіре білді. Шабуыл жасар алдында тағы да саяси үгітшілер әңгімелесіп, бұл жердің соғыстағы маңызының зор болып тұрғанын, қалайда немістерді ол жерден шығарудың мәнін түсіндірді. Таңғы сағат 4 кезінде біздің жақтан көптеген зеңбіректер, минометтер немістерді бір сағаттай атқылады. Мен соғысқа кіргелі ондай атысты көрмегенмін. Зеңбірек атысы тоқтасымен кезек бізге келіп, шабуылға шықтық. Жер астына тығылып алған немістер біздің жақ қанша атқылағанмен өлмеген бе, бізді қару-жарақтарының не бір түрімен қарсы алды, дегенмен сайланып, дайындалып барған біздер де біраз жерден немістерді шегіндіріп, жеткен жерімізге жер қазып, бекініп алдық. Енді арттан келетін зеңбіректерге орын дайындап, соларға көмектестік. Немістер тастап кеткен жерлерін қайтарып алуға барынша күш салды. Бірнеше шабуылға шыққаным, шегінбедік. Шабуылдарын тойтара отырып, көздеген мақсатымызға жету үшін күні бойы сол жерде алма-кезек шабуылмен өткіздік. Екінші күні немістер таң атпай бізді атқылай бастады. Фашистер бір атқыласа, қоймай атқылайды. Сондай бір атқылауда менің сол қолымның білек сүйегіне снаряд жарықшағы тиіп, сындырып кетті. Санитарлар түтеп тұрған оқ боранында келгенше менен көп қан кетіп, есімді білмей қалдым. Есімді санитарлық бөлімге әкелгенде жинадым. Ол жерде бір күндей жатқан соң, жараланғандарды қоршаудан шығарып, тасып жүрген ұшақпен бір қалаға келдік. Сол жерде әскери госпитальда 4 айдан аса жаттым. Соғысқа жарамсыз болған соң, дәрігерлік комиссия елге қайтарды.
Мен Ленинградтықтардай төзімді халықты көрмедім, бізге анда-санда беретін бір тілім нан не сухарды беріп тұрсаң, алмайды, «сендер, солдаттар аман болыңдар деп» кете барады. Қасыңнан ұзай бере, құлап түсіп өлгенін де көрдім.
1945 жылдың аяғында аман-есен елге оралып, атам Омар Қылышбаев Қарағаш колхозында басқарма орынбасары, біраз уақыт басқарма төрағасы, 1951 жылдан 1990 жылға дейін зейнеткерлікке шыққанша сиыр фермасын басқарды. Бір ғасыр жасап, 2003 жылдың 16 шілдесінде өзі туып-өскен жері – Қарқаралы ауданы, Темірші ауылдық округі, Қарағаш ауылында дүниеден қайтты.
Күләш ОМАРОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі.