ЖаңалықтарРуханият

Ата жұртқа алып келген сағыныш

Баяғы жаугершілік заманда қалмақтардың қолына тұтқынға түскен қазақтың бір баласы айдалада аттың қу басын тауып алып, «Сенің арғымақ аттың басы, менің Толыбай сыншының баласы екенімізді кім біледі?» деп құшақтап жылаған көрінеді. Сол айтқандай, Топар кентінде тұратын Моңғолияның бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Зарыққан Бағылатұлын біреу білсе, біреу білмейді.

Зарыққан Бағылатұлының айтуына қарағанда ол 1943 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Сақсын сұманының (біздіңше – кеңшар) Дайынкөл өлкесінде дүниеге келіпті. «Дайынкөл» дегеніміз моңғол сөзі емес. Кезінде Шыңғыс хан талқандаған найман ханы Даянның жұрты бұл. Кейіннен бұрмаланып кеткен ғой. Әйтпесе бұл жер мен Қытайдың Шыңжаң аймағы сол замандағы Найман мен Керей мемлекеттерінің ежелгі қонысы болғаны тарихтан белгілі. Оны баса-көктеп жайлаған жоңғарлар құрған мемлекеті жер бетінен жойылып кеткен соң, 1760 жылдардан олардан босаған бұрынғы орындарына наймандар мен керейлер қайта қоныстана бастайды. Он екі ата Абақ – Керей тайпасы Ер Жәнібек батырдың бастауымен келеді. Соның ішінде Шеруші руын Байтайлақ батыр әуелде Қытайдың Шығыс Түркістан өңіріне тұрақтатады. Бірақ кейін қалың Қытайдың қыспағынан олар моңғол жеріне біржола қоныс аударып, сол мекендеріне өсіп-өніп, өркен жаяды.

Зәкең де сол бабалардың жұрағаты. Оның әкесі Бағылат Түкіжайұлы (1917-1983ж.) Баян-Өлгей аймағының ауылдарында басшылық қызметтер атқарса, төрт баланы өмірге әкелген (1917- 1982ж.) анасы Күлжай сауыншы болған. Отбасының тұңғышы Зарыққан 1960 жылы туған жерінде орта мектепті бітіріп, ел астанасы Улан-Батордың Ауыл шаруашылығы жоғары мектебіне оқуға түседі. Бір ерекшелігі, мұндағы сабақтар бірыңғай моңғол тілінде оқытылған. Оны ойдағыдай тәмамдаған жас маман, магистр-зоотехник бұдан кейін Ресейдегі Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясының Басқару институтында, Берлинде мемлекеттік хатшылардың, Израильде бизнес курстарда оқып, білім алады.

Қазақ, моңғол, орыс тілдерін жетік меңгерген Зарыққан Бағылатұлының терең білімі алдағы өмірі мен еңбек жолында кәдеге асты. Яғни, ол бастапқыда Дорнығобы аймағы Алтыншіре сұмынының бас зоотехнигі (1965- 1967ж.) болып істеген. Осы шаруашылықтағы екі жылында мал басын ғылыми негізде өсіруге күш салып, жануарлар арасында қаулап тұрған аусыл, қотыр, бруцеллез ауруларынан сауықтыру ісін қарқынды жүргізеді. Мұнысы бағасын алып, осы аймақ Ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы лауазымына бекітіледі.

Арада төрт жыл өткенде іскер азамат МХР орталық партия комитеті бюросының шешімімен аталған аймақ әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Бізше облыс әкімінің орынбасары орынтағында отырғанда небәрі 27 жаста ғана екен. Бұған қоса аймақ Ауыл шаруашылық бас басқармасының және бірлестіктер кеңесінің бастығы міндетін қоса атқарды.

Жаңа жұмысына жан сала кіріскен ол Дорнығобы аймағы мен Кеңестік Қырғызстанмен ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынастарды бекем орнықтырады. Осы еңбегіне сүйсінген орталық оны Қобда аймағы әкімінің орынбасары және Ауыл шаруашылық бас басқармасы бастығы етіп, онда 1981-1990 жылдар аралығында 9 жыл еңбек етеді. Бұл кезеңде аймақта мал мен егін шаруашылығын қатар өркендету қолға алынды. Тау өзендерін бөгеу арқылы суландыру жүйелері орнатылып, көлдетіп және жаңбырлата суару әдісімен өсірілген картоп, көкөніспен елдің батыс аймақтарын, ал қауын, пиязбен Улан-Батордың өзін қамтамасыз еткен.

Осыдан кейін Зарыққан Бағылатұлының қызмет сатысымен өрлеу жолы басталады. Атап айтқанда, 1990-1992 жылдары Моңғолияның Ауыл шаруашылық бірлестіктер жоғарғы кеңесі төрағасының орынбасары, 1992- 1996 жылдары Баян-Өлгей аймағы Ауыл шаруашылық биржасының директоры, Моңғолдың ұлттық-демократиялық партиясы аймақтық комитетінің төрағасы, 1996-2000 жылдар МХР Ауыл шаруашылық, өндіріс министрліктің мемлекеттік хатшысы, ағa маманы болған. Әсіресе, Моңғол елінде мемлекеттік хатшы қызметінде өзіне дейін де, одан кейін де, бірде-бір қазақ баласы болмапты.

Жалпы, өмірінің 40 жылын Моңғолияның өсіп-өркендеуіне, ауыл шаруашылығын дамытып, реформалауға арнаған Зарыққан Бағылатұлы әлемнің 30-дан астам еліне барып, тәжірибе жинап қайтқан. Оны нарық талабына сай бейімдеп, елдегі жекешелендіру, кооператив құру ісінің көш басында жүрген. Осы салалардағы жаңа заңдардың қабылдануына белсене атсалысқан көрінеді.

Жаратылысынан қарапайым, көкірек керіп, кеуде кағуды білмейтін Зарыққан Бағылатұлы Моңғолияның мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1990-1992 жылдары МХР Халық Ұлы хуралының (Парламентінің) депутаты болғанда осы елдің демократиялық Heгізгі заңын-конституциясын дайындап, қабылдаған көрнекті саясаткерлердің бірі. Сонымен бірге 1992- 2000 жылы Демократиялық партияның саяси кеңесінің мүшесі, осы партияның 4 съезіне, Моңғолия бірлестікшілерінің 6 съезіне, Дүние жүзі қазақтары және Монғолдарының алғашқы құрылтайларына делегат болып қатысқан.

Есімі Моңғолия ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де кеңінен танымал. Тек 2005 жылы зейнет демалысына шығысымен атамекенге көшіп келіп, Топар кентінде 17 жылдай тұрып жатқан тұғырлы тұлға, абыз ақсақалды өзіміз әлі де толық танып-білмей жатқанымыз болмаса…

Мұның өзі «Танымасын сыйламастың» кері сияқты сезіледі.

Әйтпесе ел ағасының Моңғол елінде көрген құрметі, алған абыройы мен атағы, мақтау-марапаттары бір басына жетіп артылады. Оның еңбегін Моңғол мемлекетінің жоғары бағалағанының белгici – өңірі толған орден-медаль. Солардың ішінде МХР-дің «Алтын Жұлдыз» ордені, Ұлы Моңғол мемлекеті құрылғанының 800 жылдық және халық төңкерісінің 50, 60, 70, 80, 90 жылдық мерекелік медальдары, демократиялық төңкерістің 20 жылдық мерейтойлық медалі, Демократиялық партияның «Азаттық» ордені, ардагерлердің «Мәңгі даңқ» медалі бар. Бұған қоса ол ел Үкіметі тарапынан «Ауыл шаруашылығының озат қызметкері», «Ауыл шаруашылық, азық-түлік саласының үздік қайраткері», «озат бірлестікші», «озат кооператор» атағын алып, төсбелгілерін кеудесіне қадаған. Сондай-ақ, сол елдегі Қобдай, Дорнығобы, Баян-Өлгей аймақтарының Құрметті азаматы да атанған.

Сексенінде де сыр бермеген сұңғыла саясаткер, қоғам қайраткері күнделікті қат-қабат қарбаласына қарамастан қолынан қаламын тастамай келеді. Закеңнің әр жылдарда жазып, жарық көрген «Кооператорлар анықтамалығы, түсіндірме сөздігі», «Еңбек ері Хурээтінің тәжірибесі», «Қобда аймағының мал шаруашылығының технологиясы», тағы да бірнеше кітаптары моңғол тілінде жарық көрген.

Ол кісі ағып тұрған шежіреші, ақын да. Әкесі Бағылат шежірешінің ұлағаты бойынша «Барақ Сүйіндік: Тарих, шежіре», «Сүйіндіктің төр шежіресі», «Сүйіндік баян (Арғынның емес, Шерушінің Сүйіндігі – автор) шежіре-дастанын, «Өзіммен сұхбат», «Ізім-Өзім» естелігі, «Бәйтерекке жеткен із» хикая-эсселері, «Дайын көлдің толқыны» өлең кітаптары қазақ тілінде жарияланыпты. Ол өзінің туған, өскен өлкесі туралы «Сақсай тарихы», «Сақсай анықтамалығы» кітаптарын ғылыми негізде жазып, Сақсайтанудың негізін салды.

Ақын-жазушы ағамыз атамекенге зейнетке шыққан соң көшіп келгенін айтқанбыз. Өзі бір өлеңінде:

Атамекеніңді аңсап барады арысың,

Жетеледі қазақтығым, намысым.

Ұрпағымды тоғыстырып ұлтына

Өтемекпін ата-баба борышын, – деп жазғанындай, арманына да жетті. Өзінен тараған өрен-жаранымен Сарыарқаның сауырында жапырақ жайып, мәуелі бәйтерекке айналып отыр. Өзіне өмірлік серік болған жары Мәнура Қыдырбайқызы қасында. Екеуі қосылғандарының Алтын тойын атап өтіп, Құдай берген 6 баланың қызығын көруде, кезінде Моңғолияда техникум, университет бітіріп, сауда экономисі мамандығымен әр салада еңбек еткен Мәнура жеңгеміз Моңғолияның «Ана даңқы» ордені мен Қазақстанның «Күміс алқа» медалін алған ардагер зейнеткер. Осындай ардақты ата-ананың тәрбиесін көрген Армангүл, Дайынгүл, Жұлдыз, Жаннұр атты қыздары да мамандығы бойынша Астана мен Алматыда жұмыс істеп, тұрып жатыр. Екі ұлдың бірі Аманбек ерте қайтыс болып, артында бір қызы қалса, Аманжолы отбасылы, өздерімен бірге тұрады.

Сонымен Моңғолияның мемлекеттік хатшысы болған Зарыққан ағамыз жайлы әңгімеміз тәмам. Осыдан кейін абайлықтар абыз ақсақалын анық танитын болар…

Ержан ИМАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button