Жаңалықтар

Атақсыз-ақ абыройлы

         

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Мәртебесінен  мейірімі жоғары  ұстаздарды көргенде: «Ізгі жанның  жақсылығын бұйыртсын!» деп бата қайыратын біздің ауылдың қариялары. Атақсыз-ақ абыройлы ұстазым бар.
– Тыныш, қыздар, шуламаңдар! Тақтаны сүртіңдерші тез!
– Дұрыстап қараңдар, қолында қалың кітабы бар ма екен?
– Бар сияқты, осы жолы тағы үлкен сөмкесін ұстап келіпті.
Екінші қабаттың терезесінен қарап тұрамыз. Сол мұғалім мектеп есігінің тұтқасын ұстаса болды, біздің сыныпта шыбынның ызыңы білінбейтін. Сабаққа дайын еместігіміз өз алдына, қызыл түсті кітабын ашып, орысша сөзді сөйлем мүшелеріне талдатпаса екен деп тына қаламыз.
Сонда бізге қатал көрінер тұсы – орыс тілін жетік білетін ауылдағы жалғыз адам болғандығы. Кітапты көп оқу арқылы тілді меңгерудің өзі үлкен мәртебе, интеллигенцияның белгісі екенін біз ол шақта қайдан білейік.
«Кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын жеткіліксіз,  ізденіс пен ерен еңбекті талап етеді бұл жол», – деп дәріс оқыды университет оқытушылары. Ал, бізге бұл қағиданы кезіндегі орыс тілінен сабақ берген Несіпжан мұғалім айтып қойған. Сонда бұл апай университет оқытушыларының алғашқы дәріске деп дайындағанын қайдан білген?! Оң солымызды таныған шақта, олардың да атағы дардай оқытушылар екенін ескеретінбіз. Мектепте оқығанда Несіпжан Ақбаева: «Сыйлы болу үшін өздерің өзгені сыйлаңдар» дейтін. Сол алты сөздің қайырымын көп көрдік.
Арқадағы Ақтоғай ауданында білімнің төсбелгісін таққандар көп. Алайда, кейінгі буын үшін Қызыларай орта мектебіне еңбегі сіңген Несіпжан Құлжанбекқызының орны бөлек. Біз ол кісінің тегін де жиі ауызға алмайды екенбіз. Көпке сыйлы болғаны сонша мектеп ұжымы, оқушылар  Нескен мұғалім дейтін. Әр ұлттың әнін айтады, биін де билейді. Орыс тілінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болды. Мерекелік шараларда айтыскер, қойылымдарда актриса, спорттық шараның жанкүйері де сол мұғалім. Туған күн иесін құттықтап үйрену де сол ұстаздың тәлімі арқылы бойға сіңді. Жақындардың туған күнін жатқа айтатын болдық. Қазір Балқаш қаласына көшіп кеткенімен, ауылдың жиын-тойларынан жиі көреміз. Көрген сайын жайдары жүретін қалпы жанымызды жадыратып жібереді.Шәкірттері болып бас қосқанда айтылатын естеліктердің дені – озық ойлы оқушы етіп, саланың маманы болуға себепкер қылған жақсы мұғаліммен өткен оқушы күндерден. Ал, шәкірттерінің тілегінде жүру бақыты кез келген ұстазға бұйырар ма?
Журналистикада алғаш эссе жазарда Л.Толстойдың  «Күшті, қайратты адамдар әрдайым қарапайым келеді» деген  түсінігін жоғары қоятын сол мұғалімді елестеткенмін. Тұлғасын арманыма ұқсатқаннан болар, менің санамдағы жоғары мәртебелі жалғыз ұстаз – сол кісі боп қалды. Өмір сүрудің өзі бақыт дейтін, өзгелерді сол бақытқа жетелей алған ізгі адам.
Меніңше «Біздің жолымыз болды, жақсы ұстаздан сабақ алып, жұлдызымыз жарқырады…» деп айтар шәкірт тәрбиелей алған адам – өзін ұстазбын деп айтуға толық лайықты.
Кезінде біз балалықпен жақтырмай қараған, ұстазымыз күштеп оқытқан сырты қызыл сол кітап – Гогольдің “Ревизор” комедиясы еді. Біздің жолымыз болды. 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button