Атақсыз-ақ абыройлы
Жақсы аты көпке таныс Сақып ҮСЕНБЕКҚЫЗЫН Арқа елі, қалаберді Ақсораң халқы мақтан тұтады. Марапатынан мәртебесін жоғары қойған сол ұстаз – кейінгі буынға көп үлгі.
«Ойынмен емес, оймен жарысуды үндейтін. Ұстаздық жолда марапатынан бұрын, еңбексүйгіштікті жоғары қояды. Оқушыларының бәрі – озық ойлы» дейді ұстаз тәлімін алған шәкірттері. Көбісі сол ұстаз берген білім арқасында республиканың жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды. Мұғалім мәртебесінің биік тұсы – осы шығар.
Адамгершілігімен, білімділігімен, жақсы ісімен айналасына қадірлі болған, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұратын Сақып Үсенбекқызы 1985 жылы Жезқазған педагогикалық институтын математика және физика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын туған жері Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып бастады. Жас маман атанып, тек ауылға емес, сол шақта аудан жұртшылығына өзінің білімділігімен танылды. Көпке қамқорлығы, ізденгіштігінің арқасында 1996 жылы Балқаш қаласындағы №2 Абай атындағы лицейде математика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Білімді де салауатты тұлғаны қалыптастыру жолындағы жасампаз еңбек – адам баласы қызметінің ең күрделі түріне жатады. Сондай ғибратты еңбектің биік тұғырына көтерілген, біліктілік пен білімділіктің тізгінін тең ұстаған талапшыл ұстаз – Сақып Үсенбекқызы ата-ана алғысына бөленіп, оқушының таңдаулы ұстазына айналды. Аздаған жылдар аралығында Балқаш қаласына танылып, облыстық, республикалық пән олимпиадасының, ғылыми жобалардың жүлдегерлерін дайындады. «Пифагор теоремасын басқа тәсілмен дәлелдеу» және «Қазақтардың дүниетанымындағы математика» ғылыми жобалары, «Қосынды мен айырма түрінде берілген функцияларды көбейтіндіге және керісінше түрлендіру формулаларының қолданылуы» сабағы, «Қызықты есептер сайысы» жобалары жоғары бағаға ие. Жаңашыл ұстаз қазіргі таңда Президенттің «100 мектеп» бағдарламасы бойынша ашылған Балқаш қалалық №15 мектеп-лицейінде еңбек етуде. Оқушының пәнге қызығушылығын арттырғанды жөн көреді. МББҚБА және ҚДИ эксперимент ретінде Балқаш қаласында ұйымдастырылған ресурстық орталықта «Күрделі есептердегі математика» атты бағдарлама жазып, курс жүргізді. Тәлімін игергендер қатарында Бақыт Айтжанова математикадан олимпиада жүлдегері, Бектас Қанафин (2009), Ақбөпе Мұрат (2011), Мерей Өмірбек (2014) «Алтын белгіні» лайықты қорғағанын атап өткен жөн. Бұл көрсеткіштер қазіргі таңда Балқаш қаласының білімдегі көшін жалғап, мерейін үстем етіп тұр.
Жүрегінің жылуын жас ұрпаққа жомарттықпен жеткізуден Сақып Үсенбекқызы жөнінде айтылар лебіздер көп. Бәрін бір жазбаның аясына сыйғызу мүмкін емес. Алайда, кейінде облыстың ғалымдары ұстаз еңбегіне математикадан жаңа сабақтардың өткізу тәсілін шебер меңгерген деген баға бергенін айта кеткен жөн. 2013 жылы халықаралық «Шексіз математика» Болгар турнирінің күзгі айналымында Аяулым Кенжетаева қола медаль, Әлихан Мажікен, Арман Бимак, Әділ Болатов күміс медаль иегерлері атанса, 2014 жылы Мерей Өмірбек Х «URFODU» халықаралық математикалық олипиададан I-ІI дәрежелі дипломмен марапатталды. Сыйлан Құрал Қарағанды қаласының 80 жылдығына орай өткен облыстық «Достық-2014» олимпиадасында жеңімпаз атанды.
Мұғалім мәртебесінің биіктігін көргенде біз Фариза ақынның ұстаздарға арнаған өлеңін оқимыз. «Ал сенің еңбек жемісің өзгеше тіпті басқадан: ол – өзін арнап ел үшін осынау жүрген жақсы адам. Жақсы адам – елдің тірегі, байлығы туған халықтың, шапағын шашар үнемі көгінде тұрған жарық күн. Жүректе тұрар жалқы үнің, жанымнан жалын жігер күт. Ұстазым, сенің әр күнің, әр сәтің тұрған бір ерлік!».
Ұстаз – ұлағатты есім. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші Сақып Үсенбекқызының ғылым жолында ізденісте жүрген шікірттері бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранттары атанды. Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандығы бойынша ғылым магистрі Ақбөпе Мұрат, математика-ғылым мамандығының магистранты Бақыт Айтжанова, математикалық модельдеу мамандығының 4-курс студенті Мерей Өмірбек: «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей өмірлік берген тәлім-тәрбиеңіз қайда жүрсек те ұстамды болуға жол көрсетті. Сіз берген білім нәрі алдағы өмірімізге азық болары сөзсіз. Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге медет. Жапырағын жайған мәуелі бәйтеректей ғұмыр тілейміз»,– дейді.
Жалпы, математика – кез келген жүйелендіріп кетер сала емес. Десек те, қазір ғылымның биігінде жүріп «педагогпыз» дейтіндер көп. Бірақ, осы жолда атағынан бұрын абыройын ойлайтындар аз. Әріптестері үшін Сақып мұғалім – ізгілікке үндер парасаттылықтың биігінде тұрған жалғыз адам. Ол – атақсыз-ақ абыройлы.
Иә, ұлы мұғалім қашанда шабыттандырады. Ол сондығымен ұлы.
Балғын БЕКТАЙҚЫЗЫ,
әріптесі,
«Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері.
БАЛҚАШ қаласы.