ҒАСЫР ҒҰМЫР

Ол Ұлы Отан соғысының қанды майдан жорықтарына қатысып, жастық шағының ең аяулы күндерін өткізді. Туған ел, қасиетті алтын босаға… Шын жүрегіңмен ардақ тұтатын ата-бабадан қалған құндылық…

Майдангер Ыбырайым Ынтықбаевтың небәрі 21 жасында сонау батысқа аттанып, жаралы болып елге оралғаны 1944 жылдың жазы еді. Ауыр кезең, соғыс жүріп жатыр. Майдан даласында жаумен қоян-қолтық араласып, бетпе-бет келіп шайқасқан достарын үнемі есінен шығармайтын. Зеңбірек запылы, жарылған снарядтар запылынан шырт ұйқыда жатып оянып кететін. Соғыста бір қолынан айырылды. Адамның он екі мүшесінің тең болғанына не жетсін. Бірақ, соғыстың аты соғыс. Ыбырайым ақсақал бір қолынан айрылғанға дейін бірнеше рет жараланды. Сол соғыс салған жара әлі де біткен жоқ.

Ол 1920 жылы Қоңырат ауданының екінші ауылында дүниеге келген. Қазір жасы 97-ге келіп отыр, ғасырға жуық ғұмыр.

Әлі есімде 1937 жылдан бастап мына іргедегі алып комбинатқа жүргізуші болып еңбекке араластым. Комбинаттың, қаланың ірге тасын қаластық. Бейбіт өмір жалғасып жатқан-тын. Алайда, 1941 жылы неміс басқыншылары елімізге опасыздықпен шабуыл жасады. Әскерге шақырылып, соғысқа кіруіміз осы арадан басталды, – деген-тін қария бір әңгімесінде.

Соғыстан кейін 1945 жылы өзінің өндіріс комбинатына қайта оралды. Автокөліктерді пайдалану бөлімінің бастығы болып еңбек етті. Соғыс ардагері Ыбырайым Ынтықбаев осы жауапты қызметті 1986 жылға дейін атқарды. Қаладағы мүгедектер қоғамының төрағасы болды. Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені, басқа да мәртебелі марапаттарға ие болды. Ол 6 немере, 7 шөбере сүйіп, ұрпақ бақытын көріп отырған аяулы ата. Өмірлік жары Қайша Арзымбетқызы екеуі 1946 жылы бас қосқан, екеуі 6 баланы қатарынан кем етпей өсірді, оқытты. Өзі ірге тасын қалаған қалаға 80 жыл толды. Жұртшылық оны үлкен мереке ретінде атап өтті. Жуырда қала әкімі А.Аглиулин ардагердің үйіне барып, арнайы құттықтап құрмет көрсетті. Көпті көрген кәрі құлақ қария бұл құрметке ризашылығын білдірді. Ардагерге қаланың шежіресі жазылған кітап табыс етілді.

Ұрпағымыз жақсы ғұмыр кешуіне тілектеспін. Соғысты көрмесін, тәуелсіз елдің перезенттері білімді, мәдениетті, өз жерін, ұлтын мәртебе тұтып, әлемдік бәсекеге лайықты бола берсін деп тілеймін, – дейді абыз қария.

Бірде, майдандастарыңызбен хабарласып тұрасыз ба, – деген сұрақ қойған едік.

Біразға дейін хабарласып тұрғанбыз. Жастау кезіміз, бір-бірімізге деген көңіліміз ақ, қадірлеспіз, тоқтаусыз хат жазамыз. 1941 жылы Белоруссияның үлкен қаласы Витебск түбіндегі сұрапыл шайқаста жараландым. Жарақат жазылған соң қайта ұрысқа кірістім. Әсіресе, ІІ Украин майданындағы кескілескен соғыстың орны ерекше еді. Бұл өзі негізгі майдан алаңы болды ғой. Житомир, Харьков қалаларын жаудан азат еттік. Польша жеріне аяқ бастық. Ауыр жараланған соң Кавказдағы Махачкала госпиталінде ұзақ емделдім. Бұл өзі Дағыстанның астанасы ғой. Соғыста кім рахат көрді дейсіңдер, қарағым?! Далада қансырап жатқан адамдар, жаны шығып ыңырсыған, айқайлаған дауыстар. Бір шинелден басқа киім болмайды. Жыл он екі ай ішінде тізе бүгіп отырмайсың. Халықтың туған елге деген патриоттық сезімі соғыста қайратымызға қайрат қосты. Бір сүйем жер үшін қасық қанын аямады жауынгерлер.

Осы сөзді айтып ауыр күрсініп, тағы да жауынгер достарын еске алып, мұңайғаны ойымызда қалыпты.

Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан Ыбырайым ақсақал ортамызда. Алланың берген жасын көре беріңіз, абыз қария!

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

Балқаш қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.