Қасымның жыры — Қазақтың мұңы

Қасым – қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген классик ақын. Алайда, оның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеу ақсап тұр. Осы олқылықтың орнын толтырып, бүге-шігесіне дейін зерттеуді қолға алу мақсатында дауылпаз ақынның 110 жылдығына орай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға онлайн түрде еліміздің әр аймағынан ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әдебиет сыншылары қосылды.

Іс-шараны тізгіндеген ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков дауылпаз ақын поэзиясындағы өршіл рух, отаншыл деп оны тұтас ұлт ақыны ретінде әйгілігенін атап өтті. Тәуелсіз сана тұрғысынан ақынның рухани мұрасын қайта таразылап, бүгінгі күннің мұраты тұрғысынан кешенді саралау қажеттігін айтып, кеш қонақтарын таныстырды. Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ақынның 110 жылдық мерейтойына орай аймағымызда қолға алынып жатқан, алдағы уақытта ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар баяндамаларында Қасымның ақындық миссиясына, стильдік даралығы мен жаңашылдығына, шығармашылық зертханасына, шайыр шығармаларындағы ұлттық құндылықтардың берілу жолдарына, ақын жырларындағы Орал образына, «Қасым» журналының шығармашылық мұратына, ақын мұрасының игерілуі мен зерттелуіне тоқталып, өміршең туындыларын әр қырынан ашып көрсетті.

— Қасымның ең үлкен жетістігі – Гуманистігі. Қасым арқылы тізерлеп қалған рух еңсесін тіктеді. Адам рухының жасампаздығын дәлелдеп, намысын жаныды. Ол – батырлық, өмірге құштарлық. Мағжан мен Қасым арасында көзге көрінбейтін байланыс бар. Соны ашу керек. Қасым Абай мен Мағжанға еліктеуден ерте арылып, өз жолын тапқан. Сонысымен ерекше. Ол Абайды толықтырған ақын. Оның мұңы – елдің мұңы. Бұл – ақынның тағдыры. Бірақ, қанатын жая алмады. Мұны «Өзім туралы» өлеңінде айтты. Қасым – қазақ поэзиясындағы тұңғыш тағдырлы ақын. Бәрі Қасым болғысы келді. Бірақ, Қасым – жалғыз. Шынайы ақын, тұтас тұлға, – деді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Тілешов.

Сонымен қатар, Ербол Ердембекұлы Қасымға қатысы бар дүниелерді жинақтап, бейнедәріс жасап, кітапханалардың сайтына, әлеуметтік желіге жалпақ жұртқа қолжетімді қылып қоюды және академиялық жинағын қалтаға салып жүретіндей етіп шығаруды ұсынды.

Белгілі әдебиет сыншысы Аманкелді Кеңшілікұлы Қасымның ақындық тұлғасы енгізген жаңалығы, эстетикалық көзқарастарының зерттелмей жатқанын айтты. «А.Маруаның «Бальзак» жөнінде зерттеу кітабы бар. Маяковский, Пастернак та терең зерттелген. Қасымды бүге-шігесіне дейін зерттеген еңбек жоқ. Мұны Мәдениет және спорт министрлігі мен облыстық әкімдік қолға алуы керек. Дидар Амантай сынды талантты жазушыларға қаламақы төлеп, сол зерттеу кітапты жазғызуға болады. Қарағанды облысы әкімдігі мерейтойда осыны қолға алса, үлкен олжа болар еді. Мерейтой өткен соң, қалатыны сол ғана. Оның тағдыры жайлы айтылды. Әр ақынның өз тағдыры бар. Мықтылығы — шығармаларының тереңдігінде. Қасымның туындылары ұлтқа әсер етті. Ұлт тұлғалары атылып кеткенде алтын көпір болды. Аудармалары да зерттелмей жатыр», – деді ол.

Абзал Нүкенов ұсыныстардың орынды екенін айтып, ескеретінін жеткізді.

Франциядағы «Қорқыт-Абай» мәдени орталығының қазақ тілі пәні мұғалімі Құралай Алтунай Қасымның «Дариға, сол қыз» шығармасының ерекшелігіне тоқталды. Бұл шығарманың қазақ поэзиясындағы жаңалық екенін айтып, Есмағамбет Смайлов, Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынхан Әбдірахмановалардың бұл өлеңге жоғары баға бергенін тілге тиек етті. «Қасым қиын кезде өмір сүрсе де, Құдайды ұмытпаған. «Тәңірім өзің кеше гөр» деген өлеңі 1999 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне шығыпты. Қызы Дариға шығарған жинаққа да енген. Бірақ, кейін мәтіні өзгертілген. «Тәңірім» сөзін «Жан дертім» деп өзгерткен. Қасымдай ақынға «жан дертім» сынды шала-жансар теңеуді телу – ұят. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі нұсқаны дұрыс деп Санап, текстологиялық зерттеу керек», — деді ол.

Модератор Нұрлан Дулатбеков Қасымды алдағы уақытта французша сөйлету керектігін, ол үшін көмектесетінін айтты.

Философ, жазушы Дидар Амантай да өз баяндамасында ақын поэзиясының асқақтығын, негізінің жырауларға барып тірелетінін атап айтты. «1991 жылы «Ана тілі» газетінде «Қасым – ұлт ақыны» деп баға берілді. Әр өлеңінде образ бар. «Дариға, сол қыз» өлеңі роман жүгін көтеріп, бір дәуір оқиғасын айтып тұр. Нағыз модернизм – осы. Өлеңдерін ағылшын, француз, неміс, қытай тілдеріне іріктеп аудару керек. «Советтік менің өз елім» өлеңіндегі «Советтік менің өз елім» жолы бұрын болмаған, кейін енгізіліпті. Алматы, Қарағанды қалаларындағы автобус, пойыз, метроға ақынның өлең жолдарын жазып, іліп қойса нұр үстіне нұр болар еді», – деп жалғады сөзін Дидар Амантай.

Нұрлан Орынбасарұлы өз кезегінде билбордтарға ақын өлеңдерін ілу туралы қалалық әкімдікке ұсыныс жасағанын жеткізді. Ал, Абзал Нүкенов былтырдан бастап, «Әдеби аялдама» жобасы Қарағанды, Балқаш қалаларында басталғанын және деректі фильм түсіру жоспарланғанын айтты.

Орал қаласынан қосылған филология ғылымдарының кандидаты Азамат Мамыров Қасымның Оралда өмір сүрген кезеңінің зерттелмей жатқанын, Орал топырағының Қасымды рухани өсіргенін және үздік өлеңдерінің Оралмен байланысты екенін баса айтты. «Оралда жұмыс істеген «Орал Өңірі» газеті ғимаратында ескерткіш тақта орнатылды. Өзі тұрған үйін музейге айналдырғалы жатырмыз. Деректі фильм түсірдік. Қасым 1932 жылы Оралға келгенде Қажым Жұмалиев бастаған мықты әдеби ортаға кезіккен. Ортасы да ақынға жақсы жағынан әсер еткен. Қажымға арнаған өлеңі де бар. Соғыстағы серігі Абдоллаға «Жау жолына атам сені, бомба бол да жарыл жүрек» деуі Кіші жүз қазақтарының асқақ рухын көрсетеді», – деді ол.

Оралдағы Бәйтерек ауданындағы Қасым мектебінің басшысы Роза Тілеуқызы да мектептің жетістіктеріне тоқталды. Айтуынша, 2008 жылы қаңтарда жаңадан жұмыс бастаған мектепте, басында 237 оқушы болса, қазір 459-ға жетіпті. Волейболдан жыл сайын облыстық «Қасым кубогі» сайысы өтеді екен.

«Сіздерге дәріс оқуға оқытушыларды жібереміз, кітаптар беріп, мектеп мұражайын Қасымға қатысты дүниелермен толтыруға қол ұшын береміз», – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Ал, зерттеуші Марат Азбанбаев «Қазақтың әні мен өлеңін найзадай көтеріп келемін» баяндамасын ортаға салды. «Қасымтану» ғылыми зерттеу орталығының атқармақ қызмет идеясы негізінде Қарағанды қаласын және облыстың барлық өңірін қамтитын «Қасым Аманжоловтың шығармашылығын зерттеу» атты жүйелі ғылыми негізделген құқықтық-ғылыми жоба жасақтау қажет. Облыстық мәслихаттың шешімімен қабылданған бағдарламасы, жұмыс жоспары бар, бюджетте қаражат көзі көрсетілген, мақсат, мүддесі, міндеті анық көзделген идеологиялық, құқықтық, қаржылық ресми заңды құжат болуы керек», – деді ол.

Шара соңында Нұрлан Дулатбе-

Ков жиынды өткізуге және Қасымды зерттеуге атсалысып жүрген барлық азаматқа алғысын айтып, Қасымның қызы Дариғаның орыс тілінде «Повесть о кубинце» атты шығармалар жинағын шығарғанын, тұсаукесері алдағы уақытта болатынын тілге тиек етті. Ғалым Жансая Жарылғап басқаратын «Қасымтану» орталығын алда көп жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, қонақтарға «Қасымның әндері-ай» атты Мәскеуден шығарылған диск таратылды.

Жәлел ШАЛҚАР.