Тұсаукесер

Қасымның жеке қоры ашылды

Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдығына орай дауылпаз ақынның жеке қорының тұсаукесері өтті. Бұл игі іс-шара аталған архив басшысы Жаңагүл ЖАРЕКОВАНЫҢ ұйымдастыруымен жүзеге асып отырғанын атап айту керек.

Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев, ақын Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры Қойлыбай Асан, «Қасым» журналының Бас редакторы Серік Сағынтай, қасымтанушы, медицина ғылымдарының кандидаты Аманжол Нұрбеков және басқа да қонақтар мен ақынның оқырмандары қатысты. Облыстық мемлекеттік архив енді жеке архив қорын көздің қарашығындай сақтамақ. Бұл – 1928-2006 жылдардағы оның өмірі мен шығармашылық жолын бейнелейтін 90-ға жуық іс. Қ.Аманжоловтың құнды құжаттарын оның қызы Дариға Қасымқызы мұқият сақтап, 2021 жылы Қарағанды облысының мемлекеттік архивіне өткізген. Құжаттар негізінен түпнұсқада, қолмен жазылған, машинкада басылған, газетжурнал түрінде, кескіндеме құжаттар, альбомда және фотосуреттер түрінде ұсынылған. Шараға қатысушы қонақтар қордың ашылуымен құттықтап, ақынның шығармашылығы жайлы ойларымен бөлісті. Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнежазба және слайд жұрт назарына ұсынылып, «Өмірін өлеңмен өрнектеген…» деректі фотокөрмесі ұйымдастырылды. Қасым Аманжоловтың өлеңдерін студенттер мен мектеп оқушылары мәнерлеп оқыды. Деректердің дені шығармашылық, ақынның өмірбаянына арналған, хат-хабарлар, графикалық және оның отбасының тарихын қамтитын құжаттар. Бұлардан бөлек, мақала, өлең, ән, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары, фотосуреттер, альбом, естеліктер басқа да жәдігерлер бар. Ұлы Отан соғысы жылдары Қасым ақынның шығармашылық өмірбаянында ерекше орын алады. Әсіресе, «Байкал», «Жайық», «Приветствую тебя, Брянск!», «Моя серая шинель на мне» өлеңдері осы қиын кезеңде туған. Қ.Аманжоловтың деректі мұрасы қазақ және орыс тілдеріндегі құжаттардан тұрады. Негізгі тобы шығармашылық қызметтің құжаттары – очерк, фельетон, оның ішінде көзі тірі кезіндегі басылымдарға шыққан дүниелері де бар. Ең алғашқы құжат 1934 жылы жасалған. Бұл 1934 жылы «Біздің еңбек» газетінде жарияланған «Есімде …» мақаласы. Кейінгі басылымдар 1940 жылы, 1944 жылы жарық көрді, бұл фронттық дәптерлерден алынған 2 мақала.

– Құжаттарды өзім ерінбей жинақтадым. Жұмыс барысында Қасым ақынның табиғи талантына, мінезіне тәнті болдым. Әсіресе, Оралдың архивінде дерек мол екен. Сол жақта жүргенде жиі жарияланыпты. Соғыстан кейінгі дәуірде тұтас ұлт әдебиетін алға сүйреп, өндіріп жазған екен. Жанкештілігі таңдай қақтырды. Осының барлығы өсіп келе жатқан жас буын үшін үлкен өнеге. Зерттегісі келетін жастарға мұнда мол мұра тұр, – дейді облыстық мемлекеттік архив басшысы Жаңагүл Жарекова.

Жеке қордың «Қ.Аманжолов туралы құжаттар» бөлімі – ең көлемдісі. Оған шайыр хақында мақалалар, өлеңдер, әріптестері мен ақын-жазушылардың, қызының, оның ішінде мерейтойларға дайындалған 80, 90 ж.ж. және тағы басқа құжаттар жатады. Ғ.Қайырбеков, Т.Ахтанов, С.Мауленов, Ә.Тәжібаева, М.Әлімбаев және басқа да белгілі тұлғалар айтқан естеліктер, кескіндеме құжаттар, альбом және фотосуреттерді де осы қордан таба аласыз. Сондай-ақ, ҚР Орталық мемлекеттік архиві ұсынған құжаттар мен фотосуреттердің сканерленген көшірмелері де кіреді. Қ.Аманжоловтың жеке архив қорының құжаттары сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Қасым осындай құрметке тұрарлық алапат ақын.Өйткені, оның шығармаларын тереңдігі мен поэтикалық қуаты оқырман қауымды әлі күнге таңдай қақтырып келеді. Қасым – уақыт өткен сайын құпиясы ашыла түсетін арал сияқты. Әлі талай зерттеулерді талап етеді. Іс-шара соңында шараның өтуіне атсалысқан студенттер мен оқушыларға Алғыс хаттар беріліп, кеш қонақтарына архив құжаттарынан жиналған жиынтық кітабы сыйға тартылды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button