Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық»
Бүгінгі таңда еліміз күрделі де қиын кезеңді бастан кешіп отырғаны мәлім. Коронавирус індетінің таралуын бәсеңдету үшін Мемлекет басшысы елде төтенше жағдай жариялады. Бұл дер кезінде қабылданған маңызды шешім індеттің белең алуына тосқауыл болды. Бұған қоса, Президенттің пәрменімен күн сайын қоғамның әр саласына қатысты дүркін-дүркін ауқымды шаралар қолға алынды. Осындай нақты алгоритм күресте алғашқы нәтижесін де берді. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында індетті бақылау мүмкін болса, өзге аймақтардағы жағдай алаңдаушылық туғыза бастады. Кеше Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ұлт қауіпсіздігін одан әрі бекем ету үшін қандай қадамдар жасалуы тиістігін Үкіметке тағы бір айқындап берді. Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке елдің әр аймағында ахуалдың ушықпауы үшін ауқымды міндеттер жүктелді.
ШҰҒЫЛ ШАРАЛАР НӘТИЖЕ БЕРДІ
Президент алғашқы науқастар анықталған сәттен, яғни, 15 наурыздан бастап, төтенше жағдай жариялады. Еліміздегі ірі екі мегаполис – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары карантинге жабылды. Осындай дер кезінде жүзеге асқан шешімдердің арқасында індеттің етек алуына жол берілмеді. Қазақстанның мұндай қадамын халықаралық қауымдастық та жоғары бағалағанын атады Президент.
Төтенше жағдай жарияланған соң мемлекет тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында дереу дағдарысқа қарсы шаралар қабылдады. Әлеуметті қолдауға бөлінген қаржы-қаражаттың да көлемі орасан.
«Азаматтарымызға көмектесу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қыруар қаржы бөлінді. Көптеген мемлекеттер халқына осындай қолдау көрсете алған жоқ. Үкімет сол қаражаттың сапалы әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалауы тиіс.
Төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды міндеттердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленді.
Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан, Үкімет және әкімдіктер осы жұмысты ерекше назарда ұстауы қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
АЙМАҚТАРДАҒЫ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ
Президент еліміздің басты қалалары Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жағдайдың тұрақтылығын атап өтіп, өзге өңірлерде – Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында дертке шалдыққандар санының күрт өсуіне алаңдап отыр. Сондықтан, атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігіне және қосымша шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.
«Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан, індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз.
Оған қоса, көктемгі егіс науқаны басталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынады. Осындай уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуалға айрықша назар аударуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет.
Мемлекеттік комиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуға тиіс. Бұл ретте, полиция мен мемлекеттік органдардың іс-қимылдары тек қатаң шаралар түрінде емес, орынды әрі ақылға қонымды болуы қажет. Жөнсіз әрекеттерге жол берілмеуі тиіс», – деді Президент.
ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Дәрігерлер қауымының індетпен күресте алғы шептегі ерен еңбегін ерекше ілтипатпен атаған Президент оларға қолдаудың жан-жақты болуын қадап айтты.
Төтенше жағдай кезінде қосымша үстемақы төленетін барлық медицина қызметкерлері тиісті төлемдерін дер кезінде алып отыруы қажет. Бұл орайда, мемлекеттік комиссияға мақсатты қаражаттың дәрігерлерге қысқа мерзімде жетуін қатаң қадағалау міндеттелді. Сонымен қатар, жергілікті биліктің де бұл істен қалыс қалмай, мүмкіндігіне қарай, дәрігерлер мен медбикелерді қолдау қажеттігін тапсырды. Медицина мамандарының қорғаныш құралдарымен толық қамтылуы да Мемлекет басшысының назарында. Қасым-Жомарт Кемелұлы елде әрбір бесінші науқастың бірі – медицина қызметкері екеніне көңіл аударды. Олар толықтай қорғаныс құралымен жаппай қамтылуы қажет. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыс полиция қызметкерлеріне де, әскери адамдарға да, еріктілерге де қатысты.
ТЕСТІЛЕУ АУҚЫМЫ ҰЛҒАЯДЫ
– Індет ошақтарын анықтаудағы біздің жұмысымыз ашық, жария. Біз ештеңені жасырып отырған жоқпыз. Жеделдетілген тәртіпте барлық мәліметтерді жария етіп, халықаралық ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Коронавирустың таралу салдары туралы білу үшін алдағы уақытта тестілеудің ауқымын ұлғайту қажет. «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық» – деді Президент. Бұл орайда, Денсаулық министрлігіне барлық мүмкіндікті пайдаланып, адам өлімін минимумға жеткізу міндеті қойылды.
АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖҰМЫСЫ – АУҚЫМДЫ
42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы алуға 1,7 миллион азамат өтініш берді. Мұның тең жартысы өтініш беруде онлайн қызметке жүгінген. Президент бұл орайда механизмнің толыққанды дайын болмай шыққанын жасырмады. Әрбір азаматтың үйінен шықпай, мемлекеттен көмек алатындай деңгейге жетуі үшін Үкіметке жедел механизм дайындау міндеттелді. Бұл істе техникалық инфрақұрылым ғана емес, нормативтік орта, мемлекеттік ұйымдардың бизнестік үрдістерінің дайын еместігін қатаң сынаған Мемлекет басшысы Үкіметке үш күн ішінде азаматтардың қашықтан отырып, төлем картасын алу мәселесін шешуді тапсырды.
ИНТЕРНЕТ-ЖҮЙЕ СТРЕСС-ТЕСТТІ КӨТЕРЕ АЛМАДЫ
Интернет-жүйе стресс-тестті көтере алмады. Мемлекет басшысы сол себепті, поствирустық кезеңде бұдан сабақ алу керек екендігін ескертті. Сандық мемлекеттің шын мәнінде әрекет етуі үшін ІТ саласын сапалы деңгейге көтеру мәселесіне айрықша назар аударды. Осы орайда, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ешбір қаражат құюсыз қайта қаралады.
Президент аталған бағытта денсаулық сақтау, білім беру және ғылымда радикалды реформаны жүзеге асыруды атады. Реформаларды дайындауды қазірден бастау тапсырылды.
ОҚШАУЛАНҒАН ҚАЛАДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ – БАҚЫЛАУДА
Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тұрғындарының 37 пайызы қазір оқшауланған жағдайда екенін тілге тиек етіп, азық-түлік қауіпсіздігінің қатаң қадағалануы қажеттігін жеткізді. Бұл мәселені Үкімет пен әкімдіктер ұдайы бақылауда ұстайтын болады.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ 30 СӘУІРГЕ ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ
Төтенше жағдай мерзімі ұзартылмаса, ахуалдың ушығып кетуі мүмкін. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында карантиндік режим созылды. «15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін кем дегенде сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін Елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің соңына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені, халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ, карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл – отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы», – деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Сонымен бірге, Үкімет әкімдермен тығыз байланыса отырып, тұралап тұрған шағын және орта бизнесті тіршілік аумағына нақты және адресті түрде біртіндеп енгізу жұмысын еліміздің екі ірі қаласында жүргізуі тиіс болады. Ол үшін әкімдіктер қатаң санитарлық-эпидемилогиялық жағдайды толықтай қамтамасыз ететін кәсіпорындарды анықтауы керек.
Қызғалдақ АЙТЖАН.