ЖаңалықтарРесми

Қасым-Жомарт Тоқаев Құранды өртеу актілеріне қатысты пікір білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды.

Сурет aqorda.kz

Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды.

Президенттің пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс.

БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек.

Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясы қасиетті кітаптарды қорлау жөніндегі кез-келген актілерді айыптайтын және мұндай әрекеттерді халықаралық құқық нормаларын бұзу деп танитын қаулы қабылдаған болатын.

Марокко бастамашы болған құжатты БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қабылдады. Қаулыда атап айтқанда, «адамдарға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері діни көзқарастары немесе сенімдері негізінде, сондай-ақ олардың діни рәміздеріне, қасиетті кітаптарына, үйлеріне, кәсіпорындарына, мүлкіне, мектептеріне, мәдени орталықтарына немесе ғибадат ету орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттері, сондай-ақ діни орындарға жасалған барлық шабуыл» қатаң түрде айыпталады.

Сондай-ақ құжат авторлары мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранға қарсы арандатушылықты айыптауға шақырып, оларды «діни өшпенділік актілері» деп сипаттады.

25 шілдеде Копенгагендегі Египет және Түркия елшіліктерінің алдында Құранды өртеу акциясы өткен. Дәл осындай акция бір күн бұрын Ирак елшілігінің алдында да өткен. Мұсылман лидерлері мен саясаткерлері мұндай арандатушылықтардың сөз бостандығы туралы заңдарда қамтылмайтынын баса айтты.

Басқа материалдар

Back to top button