Бас тақырып

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Ел тарихындағы ең нашар компания

Костенко атындағы шахтадағы жарылыс Қарағанды ғана емес, бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарында құрбан болғандар саны жағынан ең үлкен апат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 29 қазан шахтадағы жағдайға байланысты «Жалпыұлттық аза тұту күні» болып жарияланды. Бастапқы деректер бойынша төтенше жағдай кезінде шахтада болған 252 кеншінің 205-і сыртқа шығарылған. Ал, кеше таңертең ресми орган шахтада қалған 45 кеншінің денесі табылып, жоғарыға шығарылғанын мәлімдеді. Бір кенші әлі іздестірілуде. Қазір оқиға орнында комиссия мен жедел штаб жұмыс жасап жатыр.

Меншік иесі өзгереді

Шахтадағы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шаралар қабылдау үшін Қарағанды облысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Қайтыс болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтқан Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын да жеткізді.

– Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтас­тықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Вадим Басин деген азамат бар, сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ал, Вадим Басин өз кезегінде меншік иесінің өзгеруі жұмысшылар алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтінін жеткізді. Қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің отбасылары өтемақының барлық түрлерін толық көлемде алады.

– Жұмыс жағдайына, төлемге, әлеуметтік кепілдіктерге ешқандай өзгерістер енгізілмейді. Керісінше, оларды жақсарту тұрғысынан ғана қайта қаралуы мүмкін. Бұл компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды, құқықтары бұзылмайды, – деді Вадим Борисович.

Ол бірінші кезекте шахталарда еңбек қауіпсіздігін арттырумен айналысып, қажетті жабдықтар сатып алынатынын да жеткізді.

 

Позициялау жүйесі болмаған

Осыдан 2,5 ай бұрын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тиесілі «Қазақстан» шахтасында болған апат кезінде компания өкілдері шахталарға позициялау жүйесі енгізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Бұл өз кезегінде әр кеншінің жер астындағы жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, кеншінің бас киіміндегі шамдарға датчиктер орнатылып, олар жер бетіндегі камералар арқылы бақыланып отырады.

Одан бөлек, кеншілерге метанның, көмірқышқыл газының өте жоғары шоғыры туралы уақытылы хабарлауға мүмкіндік береді. Бірақ, Костенко шахтасындағы апатқа байланысты өткізілген арнайы брифинг барысында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорнында позициялау жүйесі ешқашан болмағанын айтты.

– Мемлекет басшысымен кездесу барысында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары алдындағы міндеттемелерді орындау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ұжымдық шарт бойынша міндеттемелер орындалатынына сендіргім келеді. Республикалық бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан арнайы әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалатын болады. Кеншілердің қазасы – бәріміздің қабырғамызды қайыстыр­ды. Олардың отбасыларына қайғыра көңіл айтамын, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Ал, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов болса, шахталардағы жоспарлы тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қазан айының басынан басталған тексеру 4 қарашаға дейін жалғасады. Оның барысында 200-ден астам бұзушылық анықталған. Олардың негізгілері – өндірістік бақылаудың төмендігі, газдану мен шаңдану деңгейін төмендету жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Ал, жабдықтар мен құралдар әбден тозған.

– Біз іздеу жұмыстарын соңғы кеншінің денесін жер бетіне шығарғанға дейін жүргізе береміз. Тау-кен құтқарушыларымен бірлесіп, жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің 55 қызметкері, 12 техникасы жұмылдырылды, – деді министр.

Ал, құтқару жұмыстарымен айналысып жатқан «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының бірінші орынбасары Геннадий Силинский құтқарушылар кеншілердің қай жерде екенін шамамен білетінін айтады. Алайда, соққы салдары қатты болып, адамдарды екі шақырым қашықтыққа лақтырып жіберген.

– Алдын ала болжам бойынша, лавадағы бекіткіштер өртенген соң, құтқарушылар шақырылып, апатты жою жоспары енгізілген. Ал, шамамен жеті минуттан кейін жарылыс болған. Соққы толқынының күші батыс және шығыс блоктардағы телекоммуникация жүйелерін істен шығарған. Метан-ауа қоспасының соққы толқынына апаттық аймақ қана емес, сондай-ақ, оңтүстік-шығыста орналасқан қазандық лавасы да ұшыраған, – деді Геннадий Силинский.

Жан-жақты көмек көрсетіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің жақындарымен кездесу барысында жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жәрдемақы тағайындалады.

– Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компания­сына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ, балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс, – деді Светлана Жақыпова.

Қарағанды облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тап­қан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшыларының отбасы мүшелерінің тізімін жасауда. Ал, Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 277 бабының 3-бөлігі, яғни, тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button