Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қасым есімі жастар жадында

Қарағанды қаласында Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдығына арналған «Алаштың дауылпаз ақыны: Қазақ поэзиясындағы жаңашылдық үрдісі» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференциясы онлайн өтті. Қарағанды облысы білім басқармасы ұйымдастырған бұл отырысқа студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты жастарға оның ішінде әдебиетке жаны жақын, көрсем, үйренсем деген талабы бар талантты өрендерге ақын шығармашылығын таныту, өздерінің әдеби қалауын қалыптастыру, оларды рухқа толы ақын жырлары арқылы патриоттыққа, отансүйгішкке баулу болып табылады.

Қасым тек өз шығармашылығымен ғана шектелмей, Махамбет, Абай поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлап, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен сабақ алып, қазақ поэзиясына өзгеше бір құбылыс болып келген ақын. Ол 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. 1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады. Мәселен, «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмалары даосы жылдардың еншісіндегі тың туындылар.
– Қасым бар әдеби мұраны бір басына жинаған дауылпаз ақын
. Қасым туындыларынан біз халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, алғырлығын көреміз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де осында. Қасымның мейлінше жағымды, ырғақты, күйлі, сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатыны анық. Қасым халықтың жанына үңіліп, оның шаттығына бірге шаттанады, мұңына бірге мұңайған еді. Оның әр туындысы – домбыраның сағағынан күмбірлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңілінің санасы барлар әрқашанда мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады. Ақынның кез келген шығармасын қанша тыңдасаң да мейірің қанбайды. Оның әр шығармасында өмірлік сабақ пен бағыт жатыр – дейді филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов.
Сондай-ақ,
әңгіме барысында Қ.Аманжоловтың өмірбаянынан кейбір деректер мысал ретінде де айтылды. Біртуар тұлға шығармашылығының ерекшеліктері туралы сұрақтар көтерілді. Режиссер Кеңес Жұмабеков «Рахымжанның Қасымы» поэтикалық драмасының ерекшелігін және ол идеяның қалай қалыптасқаны туралы сөз қозғады. Ол ақынның рухани патриоттық сезімін бойға сіңіріп, өсиеті мен мұрасын келер ұрпаққа аманаттау керектігін баса айтты.

Оған қоса ақынның соғыс басталғаннан аяқталғанша қан майданда жүргені де тілге тиек етілді. Басында Қиыр Шығыста тыныштық күзеткен қаламгер кейіннен батыстағы нағыз қан кешкен қырғынға аттандырылған. Ол өзінің досы «Абдоллаға» аранаған шығармасында нағыз қазақ сарбазының идеалын көрсеткендігіне ерекше тоқталып өтілді.

Шара соңында Қасымның жырлары оқылып, ақын туралы бейне роликтер тамашаланды. Бұл отырыс Қасымды жас өрендер санасында өзгеше бір қырынан қайта жаңғыртты.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button