Әдебиет

Қасым Аманжоловқа

«Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасында І орынды еншілеген қарағандылық ақын Мақсат Күземхановтың өлеңі.

Даланың таптап ұлпа гүлдерін,
Арғымақ шапса «Бір Тәңір!» дедім.
Құса боп өткен құдіретті өлең,
Тұсалып өткен тұлпарым ба едің?
Қылыштай жұқа қайралып болдың,
Ойым жеткенше ойланып көрдім.
Ажалға жаның байланып кетіп,
Алашқа қайта айналып келдің!
Ашпай-ақ, аға, сырымды көпке,
Айтпай-ақ қойдым шынымды бетке.

Жыр жаза қалсаң жаһанның жүгі,
Артылады-ау кеп жұмыр жүрекке.
Бәрін де тарих тасы көмеді,
Мәңгілік өмір – Қасым өлеңі.
Біздің даланың қырандары да,
Ақ шыңнан биік асып өледі.
Шайқалмай рухым шайқаста небір,
Оқ атылғанда ойқаста, көңіл.
Бақ пенен нала – төрт тармақтағы,
Ақ пенен қара айқасқан өмір.
Қасымдай бір сәт қасқайып дара,
Жасыннан түскен қашпайық та, аға.
Қара өлең – қамал, қақпасын оның,
Қақпай-ақ бұзсам, босқа айыптама!

Мақсат КҮЗЕМХАНОВ.
Балқаш қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button