Руханият

Қасым ақын – саяси қуғын-сүргін құрбаны

Архивтік деректер ақын Қасым 1922 жылдың тамызында Қарқаралыдан «Қызыл керуен» көшіне ілесіп, Семейдің білім базарына жеткенін әйгілейді. Алайда, Қасым жеке ісіне тіркелген өмірбаянында «Қызыл керуен» сапары туралы ешбір ресми мәлімет бермеген. (ҚР Орталық Мемлекеттік Мұрағат. Қ-1778, т.3, іс .37. әрі қарай ОММ.)

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Әділетіне келсек, 1920 жылы Советтік «Қызыл керуен» Қарқаралыға билік басына келген жылдары-ақ жетуі қажет еді, келе алмады. Өйткені, 1919 жылы Ресейдің Сібірдегі ең жоғарғы органы Сібір ревкомы Колчак әскерінен азат етілген Семей мен Ақмола облыстарын уысында ұстап, өз үстемдігін жүргізіп тұрды да, Қазақ ревкомының билігін бұл өңірлерге 1921 жылдың жазына дейін жуытпады.

Әйтеуір 1922 жылдың 6 сәуірінде Қазақ Автономиясының Еңбек және Қорғаныс Кеңесінде елдің ішкі жағдайын білу үшін «Қызыл керуен» көшін жасақтау мәселесі қаралып, Оренбургтің мемлекеттік банкісінде арнайы қаржы қоры ашылады. (ОММ. Қ-5, т.1 іс-21а).

Ауыз әдебиетінде «Қызыл керуен» деп аталғанымен, оның заңды атауы – «Коллегия Красного каравана КирЦика». Алқа құрамында арыз-шағым қарайтын бюросы, әкімшілік-ұйымдастыру бөлімі де бар болатын. Үкіметтің көшпелі алқасына бөлінген 60 000 000 рубль қаражат республиканың 1922 жылдың бюджетінде қарастырылмаған еді. Билік қажетті қаражатты барлық министрліктердің есебінен жинап алып, Орынбордағы мемлекеттік банктегі арнайы №4 есеп­шотқа аударған.

Керуен жүгі екі «теплушка» мен платформаға тиелген, дала жолымен жүрерде 18 түйе мен 4 ат, 30 арба сатып алуға тапсырыс беріліп, жолға шыққан. (ОММ Қ.5, т.3, іс. 80)

Қажетті қаржысы, кадры, құзыреті, құқығы бар «Қызыл керуен» ел ішіне 1922 жылдың 22 мамырында Орынбор қаласынан аттанады.

Міне, осы Қазақ Үкіметінің көшпелі алқасының тамызда Қарқаралыға келгенін ақын Қасым Аманжолов 1951 жылғы желтоқсанында алғашқы рет еске алады. Оның өзінде де ақынның ресми өмірбаян­дық анкетасында емес, қара блокнотка жазылған өлеңінде.

Жалбыр тонды жетім кезінде «Қызыл керуенге» ілесіп, білім базарына кеткен күнін ақын ресми жеке ісінде атауды неліктен ұмытты? Не себептен ұмытқысы келді екен?

Ұмытса, отыз жыл өткенде сол күндерді тап 1951 жылдың желтоқсанында не себептен өлеңінде еске алды? Жылдардың артында ұмыт қалған «Қызыл керуенді» еріксіз есіне түсірген не себеп?

Қайғы еді! Жыр дәптеріндегі әрбір жолдан ақынның терең мұңға, қалың кейіске толы рухани күйзелісін, өмір өкінішін көреміз. Қасымның қайғылы көңілі сонау зарлы күнінде «Қызыл керуенге» ілесіп кеткенін еріксіз есіне салғызды.

Қайғы басқан Қасым блокноттағы «1951 жылдың 14 желтоқсанында «Партияның жабық жыйылысында оқылатын өлең» атты жырында зарлы заман күндерінен сыр шертеді: «Сонау кез мұрша болмай ойлануға, шыққалы жатыр едім қой бағуға. Ленин мен Сталин кеп ауылымызға, ап кетті көппен бірге мені оқуға». (ОММ Қ-2142, т.1, іс 68.)

Өлеңдегі Қасым ауылына соққан «Ле­нин мен Сталин» ақынның «Қызыл керуенді» көркем тілде суреттеуі еді. Орынбордан Қарқаралыға жеткен «Қызыл керуен» жол бойындағы қазақ ауылдарына арнайы соғып, елсізде ебелектей тентіреп жүрген жетімдерді жинай жүріп, Семей қаласындағы білім базарына, қазақтың жасөспірім балаларына арнайы ашылған мектебіне ала кетіпті. (ҚЗТҚО. Қ-415, т.-1, іс-93)

Ақын Қасым Рахымжанұлы Аман­жолов – 1911 жылы 10 қазанында Ресей империясы, Семей облысының Қарқаралы уезіне қарайтын Темірші болысының №7 ауылында дүниеге келген.

Әкесі Рахымжан 1916 жылы қайтыс болса, сегіз жасына дейін анасымен қалады. Қасымның толық жетімдігі анасы жат жұртқа кеткен 1918 жылы басталыпты: «Жаулығын теріс байлай ана кетті, Сыртта жел, үйде біздер қалдық сыңсып».

Қасымның архивтегі қара блокнотында жалбыр тонды жетімдіктің зарлы күндері, аштық жылдары жабысқан ауруында да ұмытылмапты: «Азырақ құрғыр ауру қажытса да, Әлі де жігерім бар шарқ ұр­ғандай».

Ақынды қажытқан ауру – ескі досы, тұмау-тын. Мұрағатта сақталған дәрігерлік анықтама бойынша 1952 жылдың басында Қасымның бойында туберкулез ашылыпты. Медицина ғылымының анықтамасы бойынша туберкулезге ұшыраудың негізгі себебі – күйзеліс!

Қасымды 1955 жылдың қаңтарында алып тынған күтпеген кезде соққан күйзеліс күйігінен күрт оянып, үш жылға созылған дерт болатын. (ОММ. Қ-2142, т.1, іс 142.)

Дертті Қасымды күйретіп кеткен күйзелістің нақты себебі – 1951 жылдың желтоқсанында болуы тиіс партиялық жиындағы саяси сот еді.

Совет елінде 1946-1951 жылдары сөз және шығармашылық еркіндікке қарсы солақай саяси науқанның салқыны соғып тұрған кез. Партияның қанды қаламына іліккен Қасымның бар жазығы – 1940 жылы жазылған, еш жерде ашық жарияланбаған «Кенеке» атты хан Кенесарыға арналған поэмасы. Шынын айтсақ, поэма сылтау ғана, негізгі себебі – советтік репрессиялық саясат.

Өзіне тәуелді ету үшін советтік идео­логия бюджеттік қаламақыға басы байланған қаламгерлерді бақас базарындағы «сыйлық сайысына» барынша тартып бақты. Осы жолмен билік қазақтың ұлттық бірігу идеясын жөргегінде тұншық­тыруға күш салғаны анық.

Біздің бұл ойымыздың заңдылығын Қасымның архивтегі өлеңінің мына жолдары дәлелдейді: «Ей, Қасым, адасуға қақың бар ма? Адасу закон бе екен ақындарға? Жаңа басқан жолыңнан адасасың, Мұхтар, Сәбит, Ғабиттей атың бар ма? Өзіңді өзің ойла, ей, шырағым, Сөнбесін кеудеңдегі шамшырағың. Жүйріктер бәйгісіне босқа түсіп, Сен неге шабаныңды қамшыладың?»

Қатерлі қателігінің себебін кеш түсінген қайғылы Қасымның «Жүйріктер бәйгісі» деп атап отырғаны бақас базарына шығарылған әдебиет бәсекесіндегі Сталин сыйлығы болатын.

Бақталастар базарына Қасым ақын да аңдамай қадам басып қалғанын архивтегі СССР Жазушылар одағынан келген хаттар растап отыр. 1945 жылы майданнан оралған ақын Қасым «Абдолла» поэмасын Сталиндік сыйлыққа ұсынуға қатты әрекет еткенін растайды. Сталиндік сыйлыққа құмарлар тобы ақынның бұл еркіндігін кеше алмады. Ақырында Қасымның осы адасуы оның саяси қуғын-сүргінге ұшырауына себеп те болып шығады. (ОММ Қ.2142. т.1.іс 151)

Ақынның өкіне есіне алып отырған адасуы 1951 жыл 14-17 тамыз ҚК(б)П ОК­-нің бюросының отырысының «Жа­зушылар одағындағы өрескел қателіктер мен оларды түзету шаралары» туралы №82 хаттамасының 133-ші пунктінде «Жазушылар одағы Қасымның саяси қате өлеңдерін сынамады, әшкерелемеді» деген айыптау сөздері боп жазылады. (ОММ. Қ. 753. Т.1. Іс. 10. б.81. көшірме.)

ҚК(б) Орталық Комитеті айтты – бітті. 1951 жылдың қазан айында «Әдебиет – Искусство» журналының №10 санында «Қ.Аманжолов творчествосындағы жат пікірлер» деген айыптау мақаласы бұрқ етті. Онда «Қасымға кезінде бірталай сындар айтылды, ҚК(б) Орталық Комитет тарапынан да ескертулер жасалды. Сонда да, ақын бұл пікірлерден тиісті қорытынды жасамады» деген ауыр кінә тағылды.

– Олай болса, айтқанға көнбейтін, жат ақынның бізге қажеті шамалы. Дереу партиядан қуылсын! Жетті кезі өлетін, тірегі жоқ қайратына сенетін. Аласталсын тұрмыстан, кешсін қорлық, жапырақтай қуарсын, үні оның енді шықпасын, басылмасын еш өлеңі, бір тиын қаламақы берілмесін. Өмірден мүлдем қол үзсін, ажал жетсін аштықтан, – депті билік.

Қасым тасадағы топтың өзін қасақана саяси репрессияның құрбаны еткенін жақсы түсінген. Біз оны «Мен не жаздым сонша соңға түскендей» деген аяқталмай қалған өлеңінен нақты көреміз.

Ақынның бұл өлеңі жолсыз жазаға ұшыраған барша саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарының атынан айтылған Бухенвальд набаты іспеттес дабыл қағуда.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button