Асығып кеттің өмірден

Адам өмірге иықтап келеді, кетерінде ұйықтап кетеді дейтін әкем марқұм.
Кеше түнде құрдасым, жан досым, қарымды қаламгер Оралбек Жүнісұлы кенеттен ұйықтап кетіпті. Оылайша аяқ астынан «айналайын» деп жүретін абзал жаннан айырлып қалдық. Өкініш өзекті өртеп тұр, көңіл шіркін еш сенер емес!
Бір апта бұрын Астанадан қоңырау шалды. «Арқаның атақты ақыны Балтабай Батталғазин 20 маусым күні Ақтоғайда шығармашылық кешін өткізгелі жатыр. Сол мерекелік шараға төрт құрдасты»ертіп келгің», – деп өтініш білдіріпті. Бір ауыздан барамыз, жолымыздан жығылмай төрге шығып, төбе көрсетеміз деп уәде байластық. Енді, міне, сыңарынан айрылған аққудай болып, бір жылдың төлі саналған Төрехан, Серғазы үшеуміз баруға тура келіп тұр…
Өмір, неткен өктем едің?!
Иә, баяғыда Жүсіп Баласағұн «…Тірі өледі, жер қойнауы жатағы. Ізі қалады, болса жақсы атағы» деген еді. Сол айтқандай, Орекеңдей алтын азаматтың артында ұрпағы қалды, ауыз толтырып айтар атағы, Асылдай сүйікті жары, «Жұлдыздар із тастап ағады» деп аталатын бірнеше кітаптары қалды. Ел үшін ерен еңбек еткен ақмылтық журналистті халқы ешқашан ұмытпайды.
Өлімнен құтылмайсын қашсаңдағы,
Атадан арыстан туып ассаңдағы.
Алладан шыныменен бұйрық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы, – деп атақты Шал ақын айтқандай, Оралбек құрдасым тал бесіктен, жер бесікке түсіп, мәңгілік мекеніне кетіп барады.
Қош бол, бауырым!
Алла алдыңнан жарылқасын!
Әли ТОЙЖІГІТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Мәдениет қайраткері.