Ресми

Астықты ауданның әлеуеті артады

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Нұра ауданына барды. Аймақ басшысы ауылдарды аралады, шаруашылықтардың жұмысын көрді, жергілікті тұрғындармен кездесіп, талап-тілектеріне назар аударды. Көктемгі егіс алқабындағы қауырт жұмысты да аралап көрді. Биыл егіс алқабы 10 пайызға ұлғаяды. Шаруалар 313,4 мың гектар егін егуді жоспарлап отыр. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Дала жұмысына 1500-ден аса егіс техникасы мен 1200-ден аса трактор жұмылдырылды.

Әкім ат шалдырған Құланөтпес ауылының ажары артып келеді. Бұған жас агрокәсіпкер Сайын Ибрагимовтің қолдауы үлкен болып тұр. Аймақ басшысына агрокәсіпорынның тыныс-тіршілігін таныстыра келе, келешек жоспарымен де бөлісті.

Ауыл ажары – инвестор игілігінен

«Құланөтпес» шаруашылығы бидай және басқа дәнді дақылдар өсіреді. Қазір 50 адам еңбек етіп жүр. Дені – ауылдың жергілікті хал­қы. Қазіргі уақытта жұмыс қауырт. Астық қоймаларын жөндеуден өткізіп, жаңа техникалар сатып алып, соның күшімен тыңайған жерді игеруде.

Шаруашылықтың жұмысы жүйелі жүріп жатыр. Суармалы егінші­лік жолға қойылды. Наубайхана салынды.

Енді ауылды да өркендету деген мақсат-мұраттарымен бөлісті. Көшелерге көшет отырғызып, гүл егу, саябақты қалыпқа келтіру секілді жұмыстар қарқын алған. Жастар үшін спорт нысандарындары мен үй салу деген үлкен шаруалардың да жоспары пысықталу үстінде.

– Ауылдағы өркениеттің қаладан кем болмауы үшін күшімізді саламыз. Біз өз бизнесімізді ғана ойлап қоймай, ауылды абаттандырып, инфрақұрылымын дамытумен айналысып жатырмыз. Биыл өз есебімізден екі үй салуды жоспарлап қойдық. Бес жыл ішінде біз 54 пәтер салғымыз келеді. Наубайхана іске қосылды. Мини-маркет салып жатырмыз, – деді игілікті істер атқарып жүрген Сайын Ибрагимов.

Құланөтпес ауылының тұрғындары су мәселесін көтерді. Ерма­ғанбет Қабдулаұлы су құбыры желілерін жаңарту үшін, су сапасын жақсартатын қондырғыларды орнатуға қаражат бөлінгенін айтып өтті. Мердігерге бұл жұмысты биыл толық аяқтау керегін тапсырды.

Ірі жобалармен – ілгерілеуге

Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов ауылдарды дамыту үшін инвесторларды тартуға күш салатынын атап өтті.

– Құланөтпес ауылы Шахтер, Қайнар, Жараспай сияқты үлгі­лі ауыл атану үшін әлі де жұмыс істейміз. Біз басқа елді мекендерде де жұмыс істеуге дайын инвесторларды іздеудеміз. Мысалы, Ахмет ауылында макарон цехын салу жобасы бар. Және Өзбекстаннан келген инвесторлар алабалық өсірумен айналысуға ниетті, – дейді Бақытжан Мылтықбайұлы.

Аудан әкімі 10 инвестициялық жоба әзір тұрғанын жеткізді. Мәселен, сүт фермасы, күніне 15 тонна ұн өндіретін кәсіпорын, құс етін өндіру кешені секілді ірі жобалар бар.

Сонымен қатар, ауданның экотуризмін дамыту да назардан тыс қалмаған. Нұра өзенінің жағалауында глэмпинг орнатылады. Ол үшін бірнеше киіз үй сатып алынды.

 

Жол азабы азаяды

Нұра ауданының Жараспай, Құ­ланөтпес және Изенді ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңарту басталады. Қантай ауылында су құбыры мен Нұра кентінде кәріз желілерін салуға жобалық-сметалық құжат әзірленетін болады.

Аймақ басшысы Нұра ауданына барар жолдағы су торабына тоқтады. Оны мемлекет меншігіне беру мәселесі тез арада шешілу керекті­гін атап өтті. Сондай-ақ, Қантай ауылының 5 шақырым жолы жөнделеді. Бұл жол Шахтинск қаласына апарады.

«Осакаровка – Нұра» жолының екі учаскесін қайта жаңарту жалғасады. Биыл теміржол өткеліне жол ашу жоспарлануда. Келесі жылы «Нұра – Шахтерское – Пржевальское» автожолын жөндеу аяқталады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша сегіз ауылда кентішілік жолды жөндеуге қаражат бөлінді. Мер­дігерлер анықталды, жақында жұмыс басталады.

– Су тасқыны кезінде Сығанақ және Ақтүбек ауылдарының тұрғындары басқа елді мекендермен қатынауы қиындайды. Бұл мә­селені шешу үшін облыстық бюд­жеттен «Құланөтпес – Нығман» жолын жөндеуге қаражат бөлінді, – дейді облыс әкімі.

Аудандағы барлық жолдарды кезең-кезеңімен ретке келтіруге мүмкіндік беретін бес жылдық жоспар жол азабын жоқ ету үшін жасалып жатқан бірден-бір шаруа.

«Барлық мәселе шешімін табады»

Нұрада 20 пәтерлі жалға бе­рі­летін тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Биыл кезекте тұрған 40 отбасы жаңа тұрғын үйге кіруі тиіс.

Сондай-ақ, Нұра кентінде және Ахмет ауылында жеке тұрғын-үй құ­рылысы басталады.

Нұра ауданында алты мектеп жөнделеді. Келесі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жаңа оқу орнының құрылысы басталады.

– Нұра кентінде жаңа мектепке жер бөлініп, тиісті құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ, Заречное мен Байтуған ауылында фельдшерлік-аку­шерлік пункт салынады. Мен бұл аймақта дәрігер жетіспейтінін білемін. Бұл – біраз ауылда бар мә­селе. Былтыр 16 маман келді, биыл тағы екі дәрігер – педиатр және анестезиолог-реаниматолог келеді. Біз жас мамандарды тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Биыл дәрігерлердің кейбір санаттары үшін жәрдемақы сомасы 5 миллион теңгеге дейін көбейді. Бүгін айтылған барлық мәселелер мен сұрақтар шешілетінін болады, – деді өңір басшысы.

Аудан тұрғындары жол, аулаларды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу мәселелерін көтерді. Кездесуден кейін облыс әкімі нұралықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button