Қастерлі парыз
Биыл біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Еліміз үшін бұл дата ерекше маңызға ие. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында жаппай ерлік көрсетіп, жанқиярлық еңбегімен фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Қаһарман әкелеріміз бен аталарымыз майдан даласында жан алысып, жан берісіп шайқасты. Қазақстан армияны қару-жарақпен, өнеркәсіптік тауарлармен және азықтүлікпен қамтамасыз ететін сенімді тылға айналды.

Есік қаққалы тұрған Жеңіс мерейтойына дайындық туралы Президент Ұлттық Құрылтайдың Атырауда өткен отырысында айрықша айтып өтті. Ол батырларымыздың есімдерін «Айбын» орденінің үш дәрежесіне беру бастамасын жариялады. Бұл құрметке Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаев лайық деп танылды. Жеңіс мерейтойы аясында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері ерекше құрметке ие болады, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Біздің парызымыз – қаза тапқандардың есімдерін есте тұту, батырларымызды құрметтеу, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау. Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында еліміздің болашағы жастардың қолында екенін баса белгіледі. Біз жас ұрпақты шынайы патриотизм мен жоғары мәдениет рухында тәрбиелеуге міндеттіміз. Барлық реформаларымыз – жас буынның игілігі үшін, бұл – мемлекеттік стратегияның өзегі. Президент жастарға мынадай өнегелі сөз арнады: «Біздің жас азаматтарымыз жасампаз көзқарас пен сындарлы ойлауға ие болуы керек. Олар көреген, жігерлі, тәртіпті, ізденімпаз әрі еңбекқор болуы тиіс».
Биыл Еңбек адамын дәріптеу, еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын насихаттау мақсатында «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды.
Бүгінгі заманғы қоғамның даму кезеңінде өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу аса өзекті міндетке айналуда.
Қазіргі жағдайда мектептеріміз нағыз патриот әрі жасампаз азаматтарды емес, тұтынушы ұрпақты тәрбиелеп шығаруда. Сондықтан, біз, өңір ардагерлері, жастармен кездесулерде белсенділік танытып, Ұлы Отан соғысы туралы шындықты жан-жақты түсіндіруіміз қажет. Бұл – соғыстың мәнін бұрмалауға тырысатын идеологиялық қарсыластарымызға жүйелі жауап болмақ. Жастардың Ұлы Жеңіске деген мақтаныш сезімін дарытып, олардың ата-бабаларының жауынгерлік даңқының лайықты мұрагерлері екенін естеріне салу – біздің асыл парызымыз.
Біз соғысқа қатысқан бабалардың шөберелері соғыс туралы бұрмаланған түсінікпен өспеуін қадағалауымыз қажет.
Ардагерлеріміз, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері және барлық аға буын өкілдері рухани тұрғыдан берік, моральдық-адамгершілік қағидаттары мықты, патриотизм мен интернационализм рухына берік, қоғамның ең саналы бөлігі тұрғысында, Отанымыздың, халқымыздың, оның болашағының, балаларымыздың, немерелеріміз бен шөберелеріміздің тағдырына бейжай қарай алмайды. Мұны есімізден ешқашан шығармаймыз.
Осы орайда бір орынды сауал жанымызды мазалайды. «Біз жанбасақ, кім?» деген. Дәл осы қасиетті қағида әрбір іс-әрекеттеріміз бен шешімдеріміздің негізгі бағыты болуы тиіс сынды.
Сұрапыл соғыста орыс, украин, қазақ, белорус, армян, грузин, әзірбайжан, өзбек және басқа да көптеген ұлт өкілдері иық тіресе шайқасты. Олар қасық қаны қалғанша, ақтық деміне дейін туған жерінің әрбір қарыс сүйемін қорғады. Олардың ерлігі – мәңгілік құрмет пен тағзымға лайық. Мұндай батыр халықтар бірлігінің үлгісі әлемнің ешбір елінде болмаған. Бұл туралы, әсіресе жастарға, үнемі еске салып отыру терең мәнге ие.
Жергілікті ардагерлер ұйымдары осы құндылықты көздің қарашығындай сақтап, қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі тиіс. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін өткен тағылымды барынша пайдаланып, халықтар арасындағы достықты нығайтуға үлес қосу – біздің ортақ міндетіміз.
Ардагерлер ұйымдарының басты міндеті – жастарды барынша кеңінен қамтып, оларды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеу шараларын ұйымдастыру, тарихымызды бұрмалау мен қаралауға бағытталған кез келген әрекеттердің жолын қатаң түрде кесу. Өйткені, дәл осы тарихи шындық жастардың рухани құндылықтарының негізі болып табылады. Біз халқымыздың төзімділік, ерлік, теңдессіз қайсарлық, жауапкершілік және Отанға деген шексіз сүйіспеншілік сынды асыл қасиеттері жауды жеңуге көмектескенін естен шығармауымыз керек. Ардагерлер әрдайым өздерінің тарихи миссиясын есте сақтауы тиіс. Яғни, ата-бабаларымыздың теңдессіз ерлігін ұмытпау, олардың жанқиярлығы біздің жетістіктеріміз бен тәуелсіздігімізге қалай ықпал еткенін жастарға жеткізу. Ұрпақтар сабақтастығын нығайта отырып, дестелі дәстүрлерді сақтау. Батырларымыздың ерлігін ұлықтау. Бейбіт замандағы барлық жетістіктеріміздің, реформаларымыздың, ел тәуелсіздігінің соғысқа қатысқан ата-бабаларымыздың, Кеңес Одағы Батырларының, Социалистік Еңбек Ерлерінің, тыл еңбеккерлерінің және ардагерлеріміздің қажырлы еңбегінің жемісі екенін ұмытпау! Еліміздің барлық саналы азаматтары қоғамымызды бөлшектеуге бағытталған кез келген әрекеттерге батыл қарсы тұруы қажет.
Патриотизмді тәрбиелеу мәселесі қазіргі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Бұл бағытты жүзеге асыруда ардагерлер ұйымдары жетекші орындардың бірін иеленеді. Қазіргі таңда жастардың тарихи білімінің таяз болуы және өз елін сүймеу тенденциясы байқалады. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттің ықпалы зор. Көптеген жас азаматтар олигархтар мен байларды үлгі тұтып, шетелде білім алуды және жұмыс істеуді армандайды. Мемлекет басшысы бұл құбылысты жаһанданудың заңды нәтижесі ретінде қарастырып, оған түсіністікпен қарау керектігін айтады. Шетелдегі жетекші университеттерде білім алу жастарымызға сапалы білім мен мол тәжірибе жинауға, дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан, шетелде оқуға кедергі емес, керісінше, жағдай жасау қажет. Жастарымыз шетелде жүріп, қазақтың мәдениеті мен дәстүрін насихаттап, еліміздің беделін арттыруға үлес қоса алады. Бұл да – маңызды миссиялардың бірі, Қазақстанның әлемдік аренадағы брендін ілгерілету. Алайда, жаңа технологияларды меңгерген және мол тәжірибе жинаған азаматтарымыздың көпшілігі елге қайтып оралмайды. Сондықтан, біздің міндетіміз – олардың Қазақстанда жемісті еңбек етуіне қажетті жағдай жасау. Қазіргі уақыт патриоттық бағыттағы жаңа оқулықтардың қажеттілігін айқындап отыр. Оқушыларға дұрыс өмірлік ұстаным, моральдық тұрақтылық, өз елінде өмір сүріп, еңбек етуге деген ұмтылыс беру – заман талабы. Жастарды зауыттарда, шахталарда, кен орындарында, ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге дайындау – басты міндеттердің бірі. Оқу орындарының негізгі бағыттарының бірі қазақстандық патриотизмді, мораль мен адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісімді, дене және рухани дамуды қалыптастыру болуы тиіс. Барлық мектептерде ерлік сабақтарын өткізу, ЖОО мен колледждерде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің естеліктерін пайдалана отырып, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру – әр Жеңіс күні қарсаңында міндетті шараға айналуы керек.
Клара АЙМУРЗИНА,
еңбек ардагері