Жаңалықтар

Ассамблея аллеясы ашылды

Өткен сенбіде өңірдің барлық аймақтарында жаппай көктемгі ағаш отыр­ғызу науқаны басталды. Аумақтарды көгалдандыру ісіне қоғам белсенділерімен бірге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысты. Қалада осы көктемде 2000-ға жуық ағаш көшеті отырғызылмақ. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орайласқан шара барысында Қарағандыдағы Орталық саябақта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аллеясы пайда болды.

– Бүгін біз бұл саябаққа этномәдени бірлестіктердің басшыларымен бірге жиналдық. Бұл жердегі аллеяны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қамқорлығына алды. Бастаманы қолдағандарыңыз үшін рахмет! Саябағымыз болашақта көркем әрі жайлы болуы үшін көгалдандыруды жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Саябақтың бұл бөлігін әрі қарай абаттандырып, дамыту жоспарлануда. Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, биыл мұнда тегін ауқымды балалар алаңы салынады. Саябақты көгалдандыруға кәсіпкерлер де белсенді қатысып тұрады. Мысалы, жеке компаниялардың бірі өз көшетін отырғызған. Жасыл кеңістікке күтім жасау үшін саябақтар басқармасы арнайы су таситын көліктер сатып алыпты.

– Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа салған үлесіміз, келесі ұрпаққа қамқорлық. Біздің Ассамблеяға әрқашан жасампаздық тән болған. Саябақты барлық қарағандылықтар жақсы көреді. Менің ойымша, біз оны бірге көгалдандырып, көрікті ете аламыз. Баршаңызды туған қаламызға өз үйіңізге қарағандай ыждаһатты болуға шақырамын. Шаһар болашағына немқұрайлы қарамаңыздар, игі істермен өз үлестеріңізді қосыңыздар, – дейді корей ұлтының облыс­тық этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким.

Сол күні саябақта Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары аумақты қоқыс­тан тазартуға көмектесті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button