Қасірет
1924-1929 жылдары ҚазақАССР Совнаркомының төрағасы болған Нығмет НҰРМАҚОВ өзі қызмет еткен жүйенің кәмпеске арқылы қазақты барынан айырып, түп-тұқиянымен жойғысы келгенін жан-жүрегімен сезді. Барынша тойтарыс беруге тырысқанымен, қауқарсыздықтан арыз жазып, өз еркімен жұмыстан кеткісі келген. Алайда, қыр соңынан қалмаған жауыз Голощекин, өтінішін Мәскеуге қабылдатпай, кәмпеске науқанын Нығметтің қолымен жүзеге асырды. Кәмпескеден кейін ғана, арызы қабылданып, Мәскеуге ауыстырылған…
«Бұрынғы патшаның тепкісінде жаншылған халықтарға теңдік беріп, адам санына санайтын жалғыз большебик партиясы екеніне көзім жетті. Сол себепті, мен де болшебик болдым» деп Сәкен Сейфуллинге хат жазған қайран ер осындай тағдыр тезіне түсетінін білмегені анық. Өлім жазасына кесілер кезінде толтырылған кінә тағу қарарында «пантюркист» деген бір-ақ сөз жазылыпты. Өмір бойы өзі қызмет еткен жүйенің Нығметті көзден таса қылмағаны байқалады.
– Нығмет Нұрмақов сияқты бұрын большевиктерге шын ықыласымен қызмет еткен қайраткерлер 1931-33 жылғы ашаршылықтан кейін, Кеңес өкіметінің қазаққа титтей де жаны ашымайтынына көзі жетіп, оны құлатудың қамына кіріскен сияқты. Сондықтан, оларды ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен азаматтар деп бағаласақ артық болмас, – депті бір сұқбатында тарих ғылымдарының кандидаты Болат Қабдөшев.
Нығмет Нұрмақов атылған соң, оның отбасы қудалана бастаған. Ауылда жүрген әкесі Нұрмақ «халық жауы» деген жаламен Қарағандыда атылады. Жары Зүфнүн Бутырка, Карелия түрмелерінде отырып, кейін КарЛАГ-қа ауыстырылған. Онда10 жыл жазасын өтеген соң, тағы да тоғыз жыл колония-поселениеде Қарағанды маңынан жіберілмейді. Көп нәубет шегіп, шахтада лампа ұстаушы болып істеген. Атақты Жақып Ақбаевтың туған ағасы Ыбырайдан туған Зүфнүн осының бәрін көтерген. Бұлт артынан күн шығарына сенген. 1956 жылы Нығмет ақталған соң ғана, Мәскеуге оралып, сонда 1991 жылға дейін тұрыпты. Бұл – сол кездегі ұлт қайраткерлері жарларының бәріне ортақ тағдыр…
Ал, Нығметтің ағасы Құрманғали да әскери адам болыпты. 1937 жылы Воркутаға жер аударылып, сонда қаза болған. Ұлы Ноян мен Тамараны бір-бірінен айырып, Саратов пен Пенза қалаларының балалар үйіне жібереді. Тамара сонда ауырып қайтыс болып, Ноян сұранып майданға аттанды. Соғыста ол ең қауіпті саперлер бригадасының құрамында болған. От пен оқтың арасында жүрсе де, Ноян қанындағы батырлықтан таймапты. Көрсеткен жанқиярлық ерліктері үшін үш бірдей орден, медаль тағып оралыпты кеудесіне. Кейін отбасылық жағдайлармен Мәскеуге барып тұрақтап, сонда өмірден өтеді. Байқасақ, репрессия салдарынан Нұрмақовтар әулеті аяусыз қуғынға ұшырап, бір үйден төрт адамға өзге елдің топырағы бұйырған. Ауыр қасірет.
– Шынымды айтсам, ол кісі туралы бала кезімде, тіпті, студент кезімде де көп біле қойғаным жоқ, тек атын еститінбіз. Бірақ, саяси қуғын-сүргіннің ызғарын кейбір адамдардың бізге қатысты іс-қимылдарынан сезінетінбіз. Олар «халық жауының тұқымы» деп бізді әрі итеріп, бері итеріп, құйрығымыздан теуіп жүретін, тіпті, бетімізге түкіретін. Тек, 1956 жылы жазықсыз атылғандарды ақтау шарасы болған соң Нығмет, Құрманғали ағаларымыз туралы біле бастадық, – деп еске алады Нығмет Нұрмақовтың ағасы Жәмелдің ұлы, медицина ғылымдарының докторы Аман Нұрмақов.
Жалпы, Нығмет ақталғанша, оның ұрпақтарына шовинистік көзқарастың көп салқыны тиген. Мұның бәрі «Орнында барды оңалдырмаудың» амалы еді…
Жәлел ШАЛҚАР.