Руханият

Қасиетке құндақталған құндылық 4.Ашық қоғамның алғышарты

Иә, біздің жүйеде анархияның бас көтеруіне еш мүмкіндік болмады. Кез келген реформа ел іргесінің сөгілмеуіне, шаңырағымыздың шайқалмауына бағытталды. Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен-ақ ашық қоғам қалыптастыруды көздеген Елбасының сарабдал саясаты мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жүйелі жалғастырып келе жатқан саяси реформалардың салмағы осыны аңғартады. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының төртінші бөліміне жүк болған ордалы ойдың төркінінде де осы мақсат жатыр. Өйткені, ашық қоғам ел тұрғындарының белсенділігін арттырады. Ал, белсенділік бар жерде береке бірге жүрмей ме?!

Сондай-ақ, ел Президенті Тәуелсіздікке тірек болар құндылықтар қатарына азаматтық қоғамды дамыту тетіктерін қосады өз мақаласында. Сергек ойларымның сериялық нұсқасының бүгінгі бөлімін мен де осы арнаға тоғыстырмақпын. Бірге саралап көрелік…

Ұлттық кеңес ұтқыр қадам ба?

Рас, осыдан 10 жыл бұрынғы мерзіммен салыстырғанда, қарапайым халықтың саяси санасы – сергек, қоғамдық өре-танымы – жоғары. Кеше ғана өткен Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының барысы мен түпкі нәтижесі осының айқын дәлеліне айналды. Елдің саяси сабыры самарқаулық емес. Бұған дейін енгізіліп, өзінің оң нәтижесімен ел көңілінен шыққан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Президент айтқандай «Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісіне» айналды. Бұқара бұйымтайы осы жобалардың аясында екшеліп, мұң-мұқтажы лайықты жауабын алған соң да халықтың саяси сабыры қалыптасты деуге әбден болады. Былайынша, халықтың белсенді түрде ел өміріне араласуы, билік қабылдайтын шешімге ашық пікір білдіруі анархияға қарсы ауыр артиллерияның шабуылындай көрінуі мүмкін. Бірақ, ол – мүлде басқа үрдіс. Өйткені, бізде анархия деген құрдымның белең алуы байқалған жоқ.

Осы орайда ойымызды мақала авторының «…Саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық» деген тұжырымымен тұғырландырсақ болар. Иә, біздің ел анархиялық жүйеге арбалып, арандап үлгерген жоқ. Ал, Президенттің біз тілге тиек етіп отырған тұжырымында Қазақстандағы саяси жүйені дамуытудың алдағы онжылдықтарға бағдар болар батпандай олжа жатыр.

Қалай болғанда да, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл мақаласы – ел күткен сөзді еңсерген бағдарлама. Ал, әрбір ойы – ел алдындағы өз жауапкершілігін сезінген басшы парасатының жемісі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін не үшін алаулата ардақтап, жалаулата салмақтап отыр деген ойға келген боларсыз, бәлкім. Шынымен-ақ, осы екі жоба аз уақыттың ішінде бұқараның бұйымтайын билікке бұлтартпай жеткізетін мінберге айналғанын жоққа шығара аласыз ба? Жоқ, әрине. Сонымен қатар, Президент бұл бастамалардың аяқ астынан туа салмағанын, әлдебір мәжбүрлікпен қолға алынбағанын нақты айтады. Әбден пісіп-жетілген, уақыт талабымен екшелген идея ғана осылай жемісті болмақ.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, «Талбесік» көпбалалы аналар Одағы Қарағанды облыстық ұйымының жетекшісі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Сөз жоқ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Мен осы кеңеске мүше болған бір жылда бірталай мүмкіндіктерге қол жеткіздім. Жасыратыны жоқ, көпбалалы аналар проблемасын жергілікті атқарушы билік өкілдеріне дер уақытында жеткізгенімізбен, түпкілікті нәтижеге қол жеткізе алмай жүрміз. Олар бізді жүре тыңдайды дегеніміз емес. Қабылдайды, тыңдайды. Бірақ, мүмкіндіктері – шектеулі. Адам тағдырына тікелей қатысты, халықтың әлеуметтік тұрмысын қамтамасыз ететін заңдарға өзгеріс енгізу әкімдердің құзырында емес. Ал, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында айтылған ұсыныстарымның барлығы министрлердің назарын аудартып, дені оң шешімін тапты. Сондықтан да, мен Ұлттық сенім кеңесін шексіз мүмкіндіктер алаңы деп бағалаймын.

Әкімдерді сайлаймыз ба, жақындарды сайлаймыз ба?

Парламент сайлауы. Мәслихат сайлауы. Әкім сайлауы. «Осы қаптаған сайлауға қыруар қаржы бөліп, шығындалудың не керегі бар?» деген керағар пікірлер де айтылып жүр. Сайлау – демократия талабы. Біздегі сайлау данышпан Абай айтқан болыс сайлауының деңгейінде қалып қойған жоқ па? «Болыс болдым, мінекей, Бар малымды шығындап» деді Абай жарықтық. Ақыры, демократия туралы сөз қозғадық қой, сайлау жайындағы салмақты ойларымызды талғам таразыларыңызға ұсынайық.

Кешегі Парламент және мәслихаттар сайлауы барынша демократиялық қағидаттар негізінде өтті. Сайлау алдында 3-4 күн бұрын ғана жарияланған мақаласында Мемлекет басшысы: «Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік», – деді. Бұрын «Сайлауға барамын, бағымды байлауға барамын» деген қыңыр пікірді қымсынбай айтатын едік. Осы жолғы сайлауда «Сайлауға барамын, ел ертеңін ойлауға барамын» деген пікір айқын аңғарылды электорат белсенділігінен. Бұл – менің жеке пікірім. Қарсы дау айтып, өз пікіріңізді дәлелдеймін десеңіз, мархабат.

Көп болып талқылап, ел болып екшейтін түйткіл – алда. Ол – әкімдер сайлауы. Әуелі ауыл әкімдерін сайлаймыз. «Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз», – деді Президент. Қош. Алақандай ауыл әкімін сайлаудың артында біздің ұлттық менталитетіміздің ұсақ-түйек дағдылары бой көтерсе ше? Мәселен, рушылдық. Шағын ауыл қаққа бөлініп, шатақ шығып жүрмей ме? Мәселенің үлкені осында жатыр. Тіпті, демократия қағидаттарының алтын қазығына айналған АҚШ-тағы Трамп пен Байден бәйгесінің астарында штатаралық жікшілдіктің иісі аңқып тұрған секілді. Өз басым солай ойлаймын. Ал, қазақ даласында да, баласында да әбден тамырланып алған рушылдық пен жершілдіктің анау айтқан ауыздықтауға көнбей кететін жері болатынын ескеру керек шығар…

Жарайды, демократияның барлық принциптері негізінде сайлау өткіздік делік. Сайланған әкімнің білімбілігі ауылдағы мың-сан проблеманы еңсеруге жетпей жатса, аудан әкіміне шағымдану – ежелгі әдетіміз. Сол жолдан жаңылмай, мұңымызды ақтарып, шынымызды айтсақ, аудан әкімінің «Өздерің сайлап алған әкімдерің» демесіне кім кепіл?

Мәселенің тағы бір қырына үңілейік. Сайланған әкімнің білім-білігі – телегей, талабы таудай болсын-ақ. Мүмкіндігі ше? Ауыл тұрғындары үшін коммуналдық қызмет – қолжетімсіз. Аудан орталығында жалғыз коммуналдық мекеме бар. Оның өзі жекеменшікке өтіп кеткен болса ше? Әкімдердің өз мүмкіндігін танытуына да мүмкіндік керек, ендеше. Тым болмаса, арасы жақын екі-үш селолық округтің ортасынан бір коммуналдық мекеме ашып, сол арқылы бұйығы ауылдардың бұйымтайын шешіп отырса…

Әрине, әкімдерді сайлау – уақыт талабы, реформа талғамы. Тіпті, біз бұл мәселеге сәл кешеуілдеп келдік десе де болады. Әкімдердің сайлауына қарсы болып отырған жайым жоқ, әйтпесе. Үміткерлерді іріктеу, ұсыну кезінде олардың іскерлігі ескеріліп, білім-парасаты, тәжірибесі таразыланып жатса, құба-құп. Әлеуметтік желідегі, ақпараттық сайттардағы пікірлерді саралап көрдім. Бірнеше қоғам қайраткерлерімен пікірлестім. Бәрінің азаматтық ұстанымы менің осы ойымды қуаттайды.

Ниқанбай ОМАРХАНОВ, мемлекеттік қызмет ардагері:

– Ауыл әкімдерін сайлау – өте дұрыс принцип. Тіпті, оның мезгілі әлдеқашан болған. Бірақ, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктеріне байланысты ескеретін мәселелер бар. Ол – біздің рушылдығымыз бен жершілдігіміз. Сол үшін аудан әкімінің ұстанымы берік болу керек. Аудан әкімі үміткердің тәжірибесі мен іскерлігін ескермей, әлдебіреулердің көкесінің өтінішін ғана орындаса, онда бұл реформаның тиімділігі болмайды. Негізі, сайлау тәртібін төменнен емес, жоғарыдан, облыс, аудан әкімдерінен бастау керек. Мен бұл пікірімді әлеуметтік желідегі парақшаларымда жариялаған болатынмын. Қолдау көрсеткендер қарасы – қалың. Дегенмен, ел Президентінің бұл реформаны енгізу жөніндегі тәуекелі оң нәтиже береді деген үміттемін.

***

Не керек, Қазақстанда қолға алынған әрбір реформа мен жаңғыру үдерісі ашық қоғамның алғышартына айналып отыр. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы ел мен жер тарихына, қасиетті жерге, ұлттық өнерге, мемлекеттік тілге, жастар саясатына қатысты ордалы ой, парасатты пікірлері сананы сергітіп, сенімді серпілтіп тастағаны ақиқат. Ашаршылық құрбандары мен Алаш арыстарының тағдыры, жай ғана ай атауын бас әріппен жаздырған Желтоқсан қаһармандарының ерлігі лайықты бағасын алып, насихатталуы жөніндегі өткір ойлары да – өзі айтқандай, «ештен кеш жақсының» емеуріні. Сайып келгенде, Тәуелсіздік бір күндік тәуекелдің жемісі емес. Ғасырларға жүк болып, асылдарға арман болған кие! Сол құндылықтың бағасын біле отырып, болашақ ұрпаққа қуатты мемлекет аманаттаймыз деген Президентіміздің асыл мұраты да – ұлттың ортақ мүддесі. Иә, Тәуелсіздік бәрінен қымбат!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button