Бас тақырып

Қашықтықтан оқыту – уақыт талабы

Коронавирустың таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланған соң, оқушылар көктемгі демалысқа ерте босатылды. Сәйкесінше, олар төртінші тоқсанды 6 сәуірден, қашықтықтан оқыту форматында бастайды. Оған мұғалімдер тыңғылықты дайындалуда. Ал, ата-аналарға каникул уақыты аяқталған соң онлайн оқудың қалай ұйымдастырылатыны қызық. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің мамандары орта білім беруді қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруда жобалық кеңсе құру арқылы әлем елдерінің тәжірибесін қолданып көрмек. Мектептер мен ұстаздар үшін онлайн теле-курстар, вебинарлар әзірленбек.

ОНЛАЙННЫҢ ҚАҒИДАСЫ ӨЗГЕШЕ

Каникул аяқталған соң қажет болған жағдайда оқушылар қашықтықтан оқуға көшуі жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «5 сәуірден кейін жағдай реттелмейтін болса, біз қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуге дайынбыз. Қазіргі уақытта осы жүйені контентпен қамтамасыз ету, оны толтыру, педагогтарды оқыту, сервистерді тестілеу және басқа да жұмыстар жүргізілуде», – деді.

Жалпы, бұған дейінгі оқушылардың демалысы кезінде мұғалімдер өздерінің педагогикалық шеберлігін арттырумен айналысып, қашықтықтан білім беретін «Bilimland», «DDaryn.online», «Күнделік», «Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» және «AGS» интернет ресурстарындағы курстарға қатысып жүргені белгілі еді. Алдағы уақытта да әдеттегі дайындыққа қоса мұғалімдер цифрлық білімін арттыру мақсатында аталған ресурстармен жұмысын жалғастырады.

«Қашықтан жұмыс жасауда мұғалімдердің жүйелік тәжірибесі жоқ екенін ескеретін болсақ, әрине, бұл оңай шаруа емес және бұндай жұмыс бұрын талап етілмеген. Десек те, мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстары, электронды оқулықтар, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де жұмыс жасайтын» – деп жазды өзінің Facebook парақшасында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова. Оның сөзіне сүйенсек, қашықтықтан оқытудың әдіс-тәсілдері, қағидалары басқа. Сондай-ақ, оның уақыты қырық минутпен шектелмейді.

 САБАҚТАР ТЕЛЕДИДАРДА ӨТЕДІ

Қағидасы басқа онлайн сабақтар төртінші тоқсан басталысымен «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарында 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн өткізіледі. Онда бейнесабақтар кестеге сай көрсетіледі. Мұғалімдер үшін цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша біраз видеодәрістер әзірленген. Инклюзивті білім беру де назардан тыс қалмайды.

«Теле-сабақтардың арнайы түсірілімі жүргізілуде. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам теле-сабақ дайындалады» – дейді вице-министр Шолпан Каринова.

Онлайн сабақтар төңірегінде ата-аналардың пікірі сан алуан.

Көпбалалы ана Майра:

– Мұғалім онлайн сабақ үшін Google-дан аккаунт ашу қажет екенін айтты. Біз үшін соның өзі күрделі. Интернет жүйесі дұрыс істемейді. Мұғалімдердің көбісінде ноутбук жоқ. 6-8 баласы бар аналардың жағдайына кім қарайды? Кері байланыс жағы қалай болар екен? – деп алаңдаулы. Ал, қарағандылық мұғалім әрі екі баланың анасы Айнұр Шаймерденқызы қашықтықтан оқытудың тиімді екенін айтады.

– Қазіргі таңда әлем бойынша 1 млрд. 37 млн. бала COVID-19 кесірінен мектепке бара алмай отыр. Балаларды үйде отырғызып, онлайн оқыту – әлемдік практика. Ұлым мен қызым бастауыш сыныпта оқитындықтан, сабақтардың теледидарда өткені ыңғайлы. Бірігіп оқып, мектеп бағдарламасынан қалмаймыз. Оқушылар теледидардан оқитындықтан, ноутбук, компьютер керек деп байбалам салу – жөнсіз,–деген пікірде.

 Еліміздің барлық өңірлеріндегі балалар үшін теле-сабақты Нұр-Сұлтан қаласының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, халықаралық және республикалық жеке мектептердің үздік ұстаздары жүргізеді деп күтілуде.

МЕГАБАЙТТАР ЕСЕПТЕЛМЕЙДІ

Қашықтықтан оқыту дегенде алдымен шалғай ауылдардағы кейбір мектептерде сапалы интернеттің жоқтығы, мұғалімдер мен оқушыларда компьютердің болмауы, отбасында бірнеше бала болған жағдайда компьютерді пайдалану кедергі келтіретіні белгілі. Министрлік мамандарының айтуынша, интернетке, құрылғыға қолжетімділігі аз оқушыларды оқыту мәселесін спутниктік телеарналар арқылы шешу қарастырылатын болады. Бұл жөнінде Асхат Аймағамбетов:

 – Видеосабақтарды, тренингтер мен ғылыми тәжірибелерді, TED-конференцияларын министрлік сайтындағы білім беру ресурстарының тізімінен таба аласыздар. Білім беруге бағытталған сайттарды пайдалану барысында трафик есептелмейді, яғни, тегін болады. Ол үшін біз интернет провайдерлерімен келісім орнаттық. Бұл қосымша білім беру орталықтары, курстар мен секциялар жұмысын тоқтатқан кезеңде өте ыңғайлы болмақ. Сондайақ, бұл – балаларды онлайн-форматта білім алуға икемдеуге жақсы мүмкіндік, – деді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button