Ашық пікір алмасып…
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін МҰСАБЕК бастап, Ұлытауға ат басын тірегенде өңірдің ақсақалдары мен атқамінерлері һәм оқырман қауым құшақ жая қарсы алды. Сапарымыздың екінші күнінде осы ыстық қарсы алу аудандық білім бөлімінің мәжіліс залындағы келелі кездесуге ұласты. Білім бөлімінің мамандары мен ұстаздар қауымы да арнайы келіп қатысты.
Кездесуді тізгіндеген аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек мырза жиналғандарға меймандарды таныстырып, сөз кезегін Ерсін Кәрібайұлына ұсынды. Аймақ бас басылымының басшысы алдымен газеттің тарихына қысқаша тоқталып, сапардың мақсат-міндетін тарқатып айтты.
– Бұған дейін де бейресми түрде Ұлытауға келіп, киелі жерлерді аралағанбыз. Ал, бұл жолы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық мерейтойы аясында абыз басылымның Ұлытау ауданындағы күндері деп арнайы келдік. Күннен-күнге көркейіп келе жатқандарыңызды көріп, көзіміз тояды. «Алтын бесік» қосымшасы көптен көкейімде жүрген дүние еді. Оның үстіне карантинде журналистер кеңсеге қамалып, қаламдары тұсалды. Сәті түсіп, игі бастамамен Қарқаралы, Шет аудандарынан соң Ұлт ұясына табан тіредік. Мақсатымыз өңірдің тыныс-тіршілігін, жетістігі мен проблемасын негізге алып, қалам тербеу, ел назарына ұсыну. Сіздермен көзбе-көз пікір алмасып, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау – ғанибет қой, – деді Ерсін Кәрібайұлы.
Осыдан кейін сөз алған ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, жас буынға жол көрсетіп жүрген ақсақалдар қа уымы өз ойларын ортаға салды. Кейбір түйткілді мәселелерін айтып, бірге шешуді ұсынды.
– Біз «Орталықты» жазып алып, үзбей оқимыз. Газет қазір өзгерген. Мазмұны мен дизайны да бөлек. Даму һәм тың бастамалар бар. Сәл кешігіп келсе де, қалт жібермейміз. Бір айта кетерлігі, Ұлытау ауданындағы ауыл шаруашылығы саласы алдағы уақытта көбірек жазылса екен. Баяғыдай тракторшы, механизатор дегенді қазір көрмейміз. Ауданның жері кең, халқы аз. Мынау «Оңтүстіктен-Солтүстікке» бағдарламасымен біраз отбасыны біздің ауданға да көшіріп әкелсе екен. Сонда ауыл шаруашылығы қалпына келіп, жұмыс орындары ашылып, аудан дами түсер еді. Зерттеп қараса, бұдан да басқа мәселелер бар. Осы жағдайлар газет бетіне шықса жақсы болар еді, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков.
Ұлытау газетін 40 жылға жуық басқарған Қазақстанның Құрметті журналисі Мағзұмбек Машайықов ақсақал да «Орталықтың» тұрақты оқырманы екенін айтып, ұсыныс-пікірін ортаға салды. Сонымен қатар, облыстық газеттің қазіргі ұстанымына, бет-бейнесі мен мақалалардың өзектілігіне оң бағасын берді. Ал, Ұлытау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Әбжамалов ағамыз өз ойын ашық айтып, кездесуге жиылғандарды еркін пікірлесуге тарта түсті. Оның айтуынша, Ұлытау ауданындағы киелі орындар мен өңірдің өмірінде өз орны бар аға буынды облыстық газет бетінде насихаттауды жандандыра түсу керек екен. «Өйткені, жастарға үлгі болар ақсақал көп Ұлытауда. Ел білмейтін түрлі құпияға толы қасиетті орындар да баршылық. Осы бағытта алдағы уақытта жиі қалам тербелсе, біз қариялар қуанар едік. Ал, мынау «Алтын бесік» қосымшасының сәтті шығуын тілеймін» – деді ол.
«Орталықта» бірнеше жыл жауапты қызметтер атқарып, көптеген шәкірт тәрбиелеген қарымды қаламгер, аудандық «Ұлытау» газетінің Бас редакторы Ахат Құрмансейітов те облыстың бас басылымының осыған дейінгі жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да тығыз-қарым қатынаста жұмыс істейтінін жеткізді. Ерсін Мұсабек тілге тиек етілген ұсыныс-пікірді түртіп алып, алдағы уақытта ескеретінін мәлімдеді. Келелі жиынның соңында кеш қонақтарымен естелікке суретке түсті.
Жәлел ШАЛҚАР.