Жаңалықтар

Асау жүрекпен жазылған тағдыр

«Қайран Қара Дәулет». Жүрегі ояу, санасына Жаратқанның титтей де болсын сәулесі түскен ерлердің басы қосыла қалса, марқұм Дәулет Ырысбайұлын еске алып, күрсініп отырады. Қуатты жүрегімен Алашқа үн қатқан, пенде көрмес құдіретті рухты сілкіген Серік Ақсұңқарұлының жанында жүргенде де «Қара Дәулетімді сағындым» деп балаша мұңайғанын талай көрдім. Бір әке мен анадан тумаса да, сана мен өнер биігінде туысатын бауырлар болады екен. Сағынсаң, ақындай сағын! Дәулет Ырысбайұлының «Қарағандым» әні шырқалғанда, көзіне жас алғандарды кештерде байқағанмын. Сол әннен тағдырлы тұрғындарының шер-шеменін салтанатымен, сауық-сайранымен бүркеген, махаббатымен жұбатқан Қарағандының тылсым тынысын сезесіз. Бұл – нендей сағыныш? Маңдайы жарқыраған, кеудесіндегі жұмыр етімен мұнша жұртты баураған нендей махаббаттың иесі екен? Кейде жан түпкірімдегі бір түсініксіз сезім Қара Дәулеттің дәуірі дүркіреген сол кезеңге құштар етіп қояды. Бұл күнде тірі болса, 60 жасқа толады екен.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейде Қара Дәулеттің жан дүниесіне үңілгім келеді. Үңіліп отырып, ақын жайлы ойға батамын. Әттең… Ақын жанының сыңары – өлеңі емес пе? Өлең – ақынның өзі. Бірақ, жанының сыңары болуға жарайтын, тіпті, тылсым күйге бөленген оқырман жанын әлдилейтін өлеңді қалам ұстағанның бәрі жаза бермейтіні анық. Жаратушының таңдауы түскен ақындар ғана өлмес сөз жазады. Қаламгер атаулының асқақ арманы – осы. Бұл – шындық. Мұндай сөздің өтеуі де бөлек. Сол сөзді жазғызу үшін кейде Жаратқан таңдаулы Ұлын бұралаң жолдарға түсіретін секілді. Анығын айтқанда, Құдай өзі әкелмейді (Құдай ондай әділетсіздікке бармаса керек). Тек, ояу жүрек береді. Ал, ояу жүрек қайда апармайды?! Дүрсілі тоқтағанша әлденені іздейді де жүреді байғұс. Сыңар езу жарау аттай. Бақыттың құшағында шаттанған пенде өмір һәм тағдыр жайлы толғанып қайтсін?! Құдай сөзін арқалаған Пайғамбарлардың қайсы рахат өмір сүрді, сөзі ұлтымен жасасып келе жатқан қай ақын шалқып өтті? «Махамбеттер, Абайлар-ай!» (М.Мақатаев). «Ақында адамзаттан дос болмайды, Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деген Мағжан емес пе?! «Көңілімнің түбінде бір құрдым бар, Содан аман жүргенге шүкір деймін» дейді Ұлықбек Есдәулет. Міне, өлмес өлеңнің құны – осындай. Дәулет Ырысбайұлының «Таудағы жаңғырық» деген өлеңі бар. Мәдидің (Мәди Бәпиұлы) монологы депті.

Арбасқан жылан айналаң,
Адаспай қалды қай балаң?!
Қынаптан шыққан қылышпын,
Қаскөй Қандасым қайраған, – дейді. Қара Дәулет жайлы естеліктерді естіп келемін. Ер мінезді, өр тұлғалы азамат болған деседі. Өлең түгілі қарабайыр сөзді ұқпаған қаскөй наданыңның бетіне тік қараған қайратты жігіт екен. Батыр да, ақын да аңқау болады деуші еді. Қиып түсер қылыштай болған бетті ақынды кімдер қайрамайды мына қоғамда?!

Арғымақ етіп арманды,
Алашқа бердім алғанды.
Жалтақтай қоймас жан едім,
Жақтырмай барам жалғанды.

Арғымақ арманын ерттеп, халқыма берерімді берсем дейді шын талант. Талаттың арманы ұлтының арманымен егіз келеді. Жолы – сол. Ер Мәди де жалтақтай қоймас жан еді. Заманына сыйыспады. Сыйдырмады. Жал ғаннан күйініп өтті. Тағдыры әді летсіздіктің үңгіріне қуып тықты. Жалғанды жақтырмады. Өзіне ме кен таппады. Анығын айтқанда, мекен таппаған – жүрегі.

Көлденең тұрса көк бестім,
Көк дауыл-ғұмыр көп кештім.
Көп иттен көріп қорлықты,
Көксерек-тағдыр от кештім.

Туғаным-жауым қасымда,
Туладым жалын жасымда.
Қара баланың қазығы,
Қарқаралының басында.

Барымтам болса есепте,
Қарымтам Қаракесекке.
Ақыры адуын жанымды,
Қалдырдың жала, өсекке.

Сонардан соңғы таңғы ізбін,
Талқаның шығар жар-құзбын.
Қалың елімнің ішінде,
Ағайыны көп, жалғызбын.

Сорлатып едің «зорларын»,
 Қараөткел болды қорғаным.
Қалғып кеткенде ояттым,
Қарқаралының орманын.

Қиялдай жүріп, түсіндім,
Қияңнан бүркіт ұшырдым.
Қарқаралының басынан,
Қаралы бұлтын ысырдым.

Болыстың міндім қылаңын,
Орыстың көрдім ылаңын.
Түн қатып жүріп жазғанмын,
Қарқаралының ұранын.

Ту ұстағанды бөлмедім,
Туыстан қасты көрмедім.
Туралап келген ажал жоқ,
Туралап аттың, өлмедім.

Бес қаруымды сайладым,
Бес Бошанымды жайладым.
Имедім итке басымды,
Итжеккенге де айдадың.

Суынан іштім Қайнардың,
Қайнаған кекке айналдың.
Мені туған жер киелі,
Атыңнан сенің айналдым!

Ақын шер-шеменін осы өлеңге төккен секілді. Мәдидің ғана емес, өзінің де монологы. Меніңше, мұнда тағдыры жатыр. Жүрегі «аһ» ұрған жанды өлеңді оқып отырып, Қара Дәулетпен сырласқандай күй кешесіз.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button