Жаңалықтар

Асқынған тұмау қауіпті

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, қазіргі вирустық респираторлық инфекциялар қаңтарда бұдан да бетер белең алып, ақпанда «шыңына» жетеді екен. Аурудың беті сәуірде ғана қайтпақ, болжам бойынша. Эпидемиологиялық жағдай әсіресе, балаларға қиын соғып тұр. Ауырып жатқан оқушылар қатары былтырғымен салыстырғанда 1,7 есе көп. Десе де, департамент басшысы Юрий Залыгиннің айтуынша, бүгінгі таңда қандай да бір шектеу шараларын енгізуге негіз жоқ. Бір сынып оқушыларының 30%-дан астамы ауырған жағдайда ғана онлайн оқуға көшуге болады.

– Облыста осы эпидемиологиялық мерзімде ЖРВИ-дің 128 774 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауырғандар 35%-ға артық. Оның ішінде, 14 жасқа дейінгі балалар – 53%. Қазіргі уақытта әлемде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен А(H1N1), А(H3N2) және В тұмауы вирустарының айналымы байқалады, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Юрий Залыгин.

Оның айтуынша, тұмаудың 289 жағдайы тіркелген. Оның ішінде А тұмауымен 60 адам, В тұмауымен 229 адам ауырған. Дегенмен, соңғы аптада А тұмауының белең алғанын айта кету керек. Бұл ретте Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, шектеу шаралары жалпы ЖРВИ, тұмау ауруларының көрсеткіші өткен аптамен салыстырғанда 1,5 және одан артық өскен жағдайда енгізілетін болады.

Сонымен қатар, спикер тұмаудан басқа тұмауға ұқсас вирустар да айналымда жүргенін айтты.

– Ағымдағы маусымда ЖРВИ белгілері бар науқастардан шамамен 1129 үлгі зерттелді. Тұмаусыз вирустардың үлес салмағы зерттелген сынамалардың жалпы санының 17%-ын құрады. Негізінен риновирус, РС вирусы, аденовирус анықталды. Сонымен бірге, коронавирустың да өсуі байқалады. Күн сайын КВИ-мен ауырған 15 шақты адам тіркеледі. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда ауыру 35%-ға өсті. Жалпы, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, өңір «жасыл» аймақта орналасқан, – дейд департамент басшысы.

Тұмау кез келген адамға тиюі мүмкін. Тұмаудың алғашқы белгілері ағзаға түскен вирустық бөлшектердің санына, адамның иммундық жүйесіне, сондай-ақ вирустың түріне байланысты. Оның инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан бірнеше күнге созылуы мүмкін. 3-5 күнге созылған дене қызуы 38°С және одан жоғары болса, қатты бас ауруы, ентігу сияқты белгілер көмек шақыру керектігін білдіреді.

– Балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, сонымен қатар, медицина қызметкерлері, жұмысы халықпен тығыз байланыста болатын адамдар қатер тобына жатады. Осыған байланысты, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммунитеті төмен балалар, медицина қызметкерлері және екінші, үшінші триместрдегі жүкті әйелдер вакцина алды. Аурудың өзі емес, одан болатын асқынулар қауіпті. Вакцина сол асқынуларды болдырмай, аурудың жеңіл өтуіне септігін тигізеді, – деді Ю.Залыгин.

Департамент басшысы адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағуға, қол гигиенасын, «жөтел этикетін» сақтауға, құрамында С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп тұтынуға, дәрігердің нұсқауымен ғана емделуге кеңес берді.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button