Асқа абай болыңыз!
Жаңа жыл қарсаңында аймақ гастроэнтерологтары дабыл қағады. Дәрігерлердің алаңдауының жөні бар. Былтыр жыл басын қарсы алу мерекесінде дәрігердің шұғыл көмегіне жүгінген науқастар саны алдыңғы жылдардан 20 пайызға көбейген. Олардың арасында созылмалы ауру асқынуына тап болған сырқаттар бар. Осыған орай, облыстық клиникалық аурухананың мамандары жаңа жылдық дастархан мәзірінің шарттары мен рационалды тамақтану ережелерін сақтау қағидалары жайлы халыққа кеңес берді. Сонымен қатар, астан улану кезінде не істеу қажеттігін құлағдар етті.

– Жаңа жыл мерекесінің дастарханы тағамдарға бай болатыны анық. Дегенмен, «Ауру – астан» деген ескертпені әрдайым жадыдан шығармау абзал. Мереке күндерінде де, рационалды тамақтану ережесінен таймаған жөн. Мәселен, көп адамдар Жаңа жылда күндіз нәр татпай жүріп, түнгі сағат он екіде тамақтанады. Ол ағзаға ауыр жүк түсіріп, денсаулыққа зиян тигізеді. Медицина тілмен айтқанда, асқазан-ішек жолдарының бұзылуына әкеп соғады. Ал, созылмалы ауруы барлар асқыну процесіне тап болуы әбден мүмкін, – деп ескертті облыстық клиникалық аурухананың гастроэнтеролог-дәрігері Адина Игенбекова.
Тамақты мөлшерден тыс пайдаланған кезде ас қорытуды жеңілдету үшін ферменттік дәрі-дәрмектерді қабылдаған дұрыс. Бұлай істемеген жағдайда, майлы, қуырылған тағамдар мен тұзды, спирттік ішімдіктер іштің кебуін ұлғайтып, тамақтың қорытуын қиындатады. Кейін мұндай адамдардың ұйқы безінде проблема туындауы әбден ықтимал деп отыр дәрігерлер. Тамақтан улану кезінде не істеу керек?
Жаңа жылдық дастархан мәзірінде майлы ет пен балық, майлылығы жоғары қаймаққа әзірленген тауық еті мен майонезге дайындалған салаттардың адам ағзасына зардабы жоғары. Мерзімі шығып кеткен бұл тамақтар әдетте улануға әкеп соғады. Сондықтан, тәуліктің бірінші жартысында әзірлеген жоғарыдағы тамақты 8 сағаттан кейін тұтынбаған дұрыс. Ал, аталған тамақтан уланған адам құсып, дене қызуы көтеріледі. Ондайда уақыт өткізбей жедел жәрдем шақыртып, жұқпалы аурулар ауруханасына барып, дәрігердің көмегіне жүгіну керек, – дейді гастроэнтеролог Адина Игенбекова.
Талап бойынша кешкі тамақтану уақыты ұйқыға жатардан үш сағат бұрын болуы керек.
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.