Жаңалықтар

Қаржылық қызмет шебінде

Осыдан 30 жыл бұрын 1995 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Бас қазынашылық басқармасының Қарағанды облыстық қазынашылық басқармасы құрылды. Өңір қазынашылығының құрылу тарихы еліміздің егемендік алуы, жаңа экономикалық саясат, өз валютамызды шығару секілді үлкен құбылыс­тармен етене байланыс­ты. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін нарықтық экономикаға бет бұрды. Кеңестік салааралық байланыстар, қарқынды инфляция мен жұмыссыздық жас мемлекет үшін үлкен сынақ болды.\

Сурет автордан

Экономикалық дағдарыс­ты еңсеру үшін елдің ақша қаражатын қатаң есепке және бақылауға алу қажеттілігі туындады. Осы жағдайда экономикалық құрылымдарды, ең алдымен қаржыны мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру қажет болды.
Осы мәселелерді шешу үшін және республикалық бюджетті атқару процесінде табыс­тар мен шығыстарды тиімді басқару, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды жеделдету, мемлекет қаражатын мақсатты және үнемді пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 1994 жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен Бас қазынашылық басқармасы құрылды. Бюджетті атқару бойынша бірыңғай орган ретінде құрылған ведомствоға бухгалтерлік есеп бойынша бюджеттік басқару, сондай-ақ бюджеттік ұйымдар мен қаржы жүйесінде бухгалтерлік есеп жүргізудің әдістемесін жасау функциялары тапсырылды.
1995 жылдың наурыз айынан бастап өңірлік қазынашылық органдары ашыла бастады. Алғашқылардың бірі болған Қарағанды облыс­тық қазынашылық басқармасы бастапқыда 10 адамдық штатпен ашылды. Жаңадан құрылған мекеме облыс орталығындағы Жамбыл көшесі 2 үйде орналасқан ғимараттан орын теуіп, 2000 жылға дейін бірнеше мекенжай ауыстырды. Осы жылдарда өтпелі кезеңге уақытша құрылған Бюджеттік банк таратылып, қазынашылықтың құрамына қосылды. 1997 жылы Жезқазған облысы таратылып, Қарағанды облысының құрамына енді. Атқаратын жұмыс көлемі мен штаты ұлғайған басқарма 2000 жылы сол кездегі Ленин, кейін халқымыздың ұлы перзенті Абай атымен аталған көшедегі жалпақ жұртқа «Қаржы үйі» атауымен әйгілі әсем ғимаратқа қоныс аударып, бүгінгі күнге дейін сонда.
Департаменттің табысты қызметінің факторы – қызметкерлер, жоғары білікті мамандар. 30 жылда олардың басым бөлігі өңір қазынашылығының дамуына елеулі үлес қосты. Құрылған күнінен бастап, білікті қаржыгер, мықты басшы Вера Петровна Кротова басқарды. Әуелде облыстық басқарма, 2005 жылы департамент болған мекемеге 13 жыл басшылық еткен аяулы жан бүгін арамызда жоқ. Вера Петровнаның сабырлы мінезі, көреген даналығының арқасында облыс қазынашылығы республика деңгейінде қашанда көш бастап, жаңа жобалардың пилоттық алаңына айналды және бұл сындардан әркез абыроймен өтіп келеді. Ардагерлер К.Акишев, Г.Пак, Л.Хальфина, З.Хрусталева, А.Газалиева, Т.Панкратова, Г.Бисенова, Н.Иванова, Р.Абдина, Л.Кван, М.Белякова, Д.Мұхаметкаримов, С.Есимов, К.Жұмабекова, В.Крюкова, Б.Кашкынова есімдерін департамент тарихына алтын әріптермен жазып кетті.
Бүгінде Б.Ахметжанова, Н.Қайшенова, И.Трынова, Р.Касенова, Т.Руденко, М.Н.Булычева, М.Тойынбеков, С.Тәуекелов, Г.Төлеубаева, Л.Бажикова сынды қызметкерлер қазынашылықпен біте қайнасып осы күнге дейін абыройлы еңбек етуде. Бұл мекемедегі кадр тұрақтылығын да айғақтайтын жайт.
Уақытпен бірге қазынашылық жүйесі де жетіліп, қаржылық операциялардың жеделдігін және ашықтығын қамтамасыз ететін заманауи жұмыс әдістері енгізілді. Алғашқы ақпараттық жүйе болған БАСК-М бағдарламасының орнын 2003 жылы Oracle платформасында құрылған Қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі алмастыр­ды. Бұл жүйе бірегей болып табылады және әлемдік қазынашылық қауымдастықтың жоғары бағалауына ие болып, ең тиімді және киберқорғалған жүйе ретінде танылды.
Елімізді цифрландыру жолындағы тиімділігі толық дәлелденген елеулі қадамдардың бірі – «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесін қолданысқа енгізу. Қаржылық құжаттарды сапалы, транспарентті және оперативті түрде орындауға мүмкіндік беретін электрондық құжат айналымы жүйесі сонымен қатар, адами факторларды барынша азайтуға бағытталған. Қазынашылық органдары арқылы өтетін қаржылық құжаттарды өңдеу процесінің ашықтығы осы саланың «қызмет ету тазалығының» кепілі болып табылады. Мемлекеттік мекемелер мен өзге де клиенттер, яғни квазмемлекеттік сектор субъектілері, қазынашылық сүйемелдеу субъектілері, қаржылық және қаржылық емес қолдау операторлары өздеріне бөлінген қаражатты игеру бойынша операцияларды онлайн режимінде қашықтықтан жүзеге асырып, қаржылық есептерді қалыптастырады. «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесінің көмегімен төлем құжаттарын толтыру, ұсыну және бақылау мемлекеттік органдар мен қазынашылық органдар қызметкерлерінің тікелей контактысыз іске асуда. «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесінің арқасында мемлекеттік мекемелердің бюджеттік тәуелсіздігі мен жауапкершілігі артты.
Бюджет процесінің жалпы ашықтығы жолында қазынашылықтың қолға алған қадамдарының тағы бірі – «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесін басқа ақпараттық жүйелермен, мәселен, «Электрондық мемлекеттік сатып алулар» және «Электрондық шот-фактура» жүйелерімен интеграциялау. Бұл қадам құжат айналымын, мемлекеттік мекемелердің жасасқан шарттарын тіркеудің уақытын және процедураларын, адами факторларды азайту, бюджет қаражатын үнемдеу секілді игіліктерге қол жеткізді.
Жоғарыда аталған ақпараттық жүйелерді интеграциялау, яғни біріктірудің арқасында бүгінгі күні құжаттар бір жүйеден екіншісіне оңай көшірілуде, ал бұрын қазынашы мәліметтерді жүйеге клиент әкелген қағаз құжаттарға қарап қолмен енгізетін.
Сондай-ақ қазынашылық органдарында табысты іске асқан жобалардың бірі – құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық қолдау. Бұл жобаны енгізудегі басты мақсат – бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына және құрылыс саласы субъектілерінің арасындағы төлемдердің ашықтығына бақылау жасау. Қазынашылық қолдауға сметалық құны бір миллиард теңгеден асатын барлық жобалар жатады. Қазіргі таңда облыс бойынша қазынашылық қолдау шеңберінде 18 нысан бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қазынашылықтың аумақ­тық органдары өз ережесіне және қолданыстағы заңнамаға сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуына қазынашылық қызмет көрсетумен айналысады. Департамент құрылған күнінен бастап өңірдің ақша қаражаттарының мақсатты жұмсалуы бойынша маңызды функцияларды атқарып келеді. Қазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша қазынашылық департаменті мен оның аудандық және қалалық басқармаларында 980 клиентке қызмет көрсетіледі. Оның ішінде, 98 республикалық бюджеттен, 378 облыстық бюджеттен, 217 аудандық (облыстық маңыздағы қала) бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер, 164 жергілікті өзін-өзі басқару органдары, 18 квазимемлекеттік сектор субъектісі, 95 қазынашылық қолдау шеңберіндегі бас және қосалқы мердігерлер, 10 қаржылық және қаржылық емес қолдау операторлары.
Департамент осы үш онжылдықта отандық қазынашылық жүйесімен бірге дамудың ұзақ және күрделі жолынан өтіп, қазіргі таңда өңіріміздегі іргелі мекемелердің бірі де бірегейіне айналды және Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында үлкен рөл атқарып отыр.
Бюджеттің атқарылу үде­рісін тоқыратпай қамтамасыз етіп отырған барша әріптестерімізді және ардагер қазынашыларды мерейтоймен құттықтап еңбекте табыс, дендеріне саулық, отбасының бақыты мен берекесін тілейміз.

З.Абсадирова,
Қарағанды облысы бойынша
қазынашылық департаменті басшысының орынбасары

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button