Қарындашпен сызылған тағдыр
Газетіміздің алдыңғы санында ҚарЛагта тұтқында болған Александр Чижевскийдің картиналарын жариялап, шығармашылығымен қабысқан автор тағдырын баяндаған едік. Енді сол Александр Чижевскиймен бірге ҚарЛагқа қамалған Александр Григорьев есімді суретшінің қылқаламынан туған портретті назарларыңызға ұсынып отырмыз. Портрет ҚарЛагта салынған.
Александр Чижевский мен Александр Григорьев ҚарЛагта отырған (А.Чижевский 1942 жылы тұтқындалған). Екеуі дос болған деседі. Александр Григорьев досының портретін де салған. Жоғарыда сол портрет. Соқпағы көп өмір жолдары табыстырған сырласының кескіндемесі облыстық бейнелеу өнері музейінде сақталған.
Александр Григорьев 1891 жылы Ресей федерациясының аумағындағы Марий өлкесінің Пертнур елдімекенінде дүниеге келген. Марий өлкесінде бейнелеу өнерінің қалыптасуына ықпал еткен өз халқының заңғар тұлғасы. Сталиндік репрессияның ушыққан кезінде, яғни, 1938 жылы тұтқындалып, Қарағандының іргесіндегі ҚарЛагқа қамалған. Сонда 8 жыл отырған.
Әлемдік деңгейде мойындалған қылқалам шебері. Картиналары Ресей, Ұлыбритания, Франция, Италия елдерінің музейлерінде сақталған.
Ал, облыстық бейнелеу өнері музейінде Александр Чижевскийдің портреті ғана сақталған. Басқа туындылары жоқ. Музей қызметкерлерінің айтуынша, бұл кескіндеме – қордағы ең құнды мұраның бірі.
– «Білгенге – маржан, білмеске – арзан» дейді Абай Құнанбайұлы. Рас, құнын білген адамға ең қымбат портрет. Бұл кескіндемені Гелиус қорын құрған Дмитрий Голованов тарту еткен еді. Ол –Александр Чижевскийдің есімін, мұрасын дәріптеуші болған. Әлбетте, түпнұсқасы емес. Бірақ, түпнұсқадан кем түспейді. Сапасы жоғары көшірме. Кескіндеменің салынған уақыты, жері жазылған.
Портретті кәдімгі қағазға түрлі түсті қарындаштармен салған. Лагерьде ешкім сізге сапалы қарындаш пен қалың қағазды әкеп бермейді. Осыған қарамастан Александр Григорьев қолда барымен өз досының келбетін айнытпай салған, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Айгүл Омарова.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz