Қарымта ойында қапы қалмады
Қазақстан чемпионатында «Сарыарқа» хоккей клубы кейінгі ойындарда жеңіске жетіп, кестенің көшін бастауға үмітті еді. «Торпеданы» тізе бүктірген. Өкінішке қарай, 10 желтоқсанда «Ақтөбе» хоккей клубына қонаққа барып, 3:0 есебімен есе жіберді. Сөйтіп, жанкүйерлерінің еңсесін түсірген. Бірақ, қарымта ойында кеткен есені қайтарды. Екінші ойында жерлестеріміз жеңіске жетті.
Екінші ойында қарағандылық ұжым шабуылға басымдық берді. Біріншісінде қорғанысқа шамадан тыс көңіл бөліп, қарсыластың еркін ойнауына мүмкіндік беріп қойған еді. Дегенмен, есепті алғаш болып алаң иелері ашты. Қонақтар болса, көп кешікпей, ойын тізгінін өз қолдарына алып, есепті теңестірді. Ұзатпай алға шықты. Бірінші шайбаны Қарағанды хоккей мектебінің түлегі Тимофей Симонов соқты. Команда капитаны Дмитрий Стулов екінші гол авторы атанды.
Екінші кезеңде командалар өзара өткір шабуылдармен алмасты. Шешуші кезеңде «Сарыарқа» форварды Евгений Королинский дубль жасады. «Сарыарқа» қақпашысы Данил Кадочников қақпаға бағытталған 28 соққыны тойтарды. «Сарыарқа» «Ақтөбені» 4:2 есебімен жеңіп, чемпионат кестесінің 3-орынына табан тіреді.
Жеңістен кейін «Сарыарқа» ойыншысы Евгений Королевский ойынға қатысты пікірін білдірді.
– Бірінші ойында сәттілік жетіспеді. Шабуылды мүмкіндігінше жасадық. Нашар ойнадық деп айта алмаймын. Бірақ, қарсыластың қақпашысы қақпасына шайба дарытпады. Бірақ, екінші ойында дегенімізге жеттік. Алдыңғы матчтағы қателіктерді қайталамауға тырыстық, – деді Евгений Королевский.
Команда жаттықтырушысы Виктор Буяльский де екі ойынға қорытынды жасады.
– Бірінші ойында өз қателігімізден жеңілдік. Қарсылас босаңсығанымызды ұтымды пайдалана білді. Екі гол қатарынан өткізіп алғаннан кейін жинақталу қиынға соқты. Шайба соға алмай қойдық. Екінші ойынға келсек, жоспарды жүзеге асырдық. Қарсыластың жойқын шабуылдарына төтеп бердік. Қақпашымыз да жоғары деңгейде өнер көрсетті, – деді Виктор Буяльский.
Қарағандылық хоккей жанкүйерлері үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Бірінші канал кубогі» халықаралық турнирі өтеді. Ұлттық құрама сол додаға қатысады. «Сарыарқа» хоккей клубының бірнеше ойыншысы Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енді. Қақпашы – Жәкен Ибрагимов пен шабуылшылар – Александр Борисович, Руслан Демин, Андрей Буяльский, қорғаушылар – Кирилл Полохов, Егор Наместников. Команда жаттықтырушысы Владимир Князев те бірге аттанады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz