Қарымды қаламгер Оралбек Жүнісұлы өмірден озды
Арқа журналистикасының белгілі өкілі, «Ortalyq Qzaqstan» газетінің ардагері, мәдениет пен руханияттың үлкен жанашыры Оралбек Жүнісұлы өмірден озды.
Оралбек Жүнісов 1954 жылы 10 қаңтарда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1974 жылы Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінің тілшісі болып бастаған ол кейіннен Қарағанды және Жезқазған облыстық газеттерінің меншікті тілшісі, Приозерск аудандық «Ленинский путь» газетінің бөлім меңгерушісі, Балқаш қаласындағы «Балқаш өңірі» және «Сырлас» газеттерінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды.
1997 жылдан бастап облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш қаласы бойынша меншікті тілшісі, кейін Балқаш, Приозерск қалалары мен Ақтоғай, Шет аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқарды. Сонымен қатар, Балқаш телестудиясында да жемісті еңбек етті.
Журналистика саласында 50 жылға жуық еңбек еткен Оралбек Жүнісұлының еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты, «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері. Сонымен қатар, ол жастарды тәрбиелеу саласындағы еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен» марапатталған.
Оралбек Жүнісұлы – әдебиетте де өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. Оның «Сағынатын күн туар», «Бұғылы мен Тағылының текті ұлы», «Мені есіңе ала жүр», «Жұлдыздар із тастап ағады», «Ел мен жер» сынды кітаптары жарық көріп, оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болды.
«Saryarqa Aqparat» ЖШС ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.