ЖаңалықтарРуханият

Қарымды қаламгер еді

Бірге жүрген дос туралы қалам тербеу, әсіресе оның артынан естелік жазу дүниедегі ең қиын нәрсе. Тура сол кезде менің екі бірдей жақын қаламгер досым өмірден өтті. Әуелгі кеткені – қазақтың белгілі сатиригі, қаламы қылыштың жүзіндей өткір Көпен Әмірбеков болса, екіншісі – жасымнан бірге өскен, бір класта оқыған досым Балтабек Әбеуов еді.

СУРЕТТЕ: (оңнан солға қарай) «Арқа еңбеккері» газетінің қызметкерлері, тілші Балтабек Әбеуов, жауапты хатшы Елубай Адамбаев, газет басушы Сүйіндік Жанысбай редакция алдында. 1966 жыл.

Әуелде Көпен туралы жазбақ болып оқталдым. Оқталдым да – тоқталдым. Жазу стөліне отыра бастағаннан-ақ Көпеннің бейнесі көз алдыма келіп, ойым – он саққа, санам – сан саққа жүгіре жөнеледі де, не жазарымды білмей қаламын. Балтабек қайтыс болғанда да сондай күйге ұшырадым.

Ақтоғай селосындағы М.Горький атындағы №1 орта мектепте бірге оқыдық, бірге бітірдік. Балтабектің алғашқы фантастикалық әңгімесі облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жарық көргенде тек біздің сынып қана емес, бүкіл мектеп болып қуанғанымыз есімде. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде менің алғашқы «Кітабым» деген үш шумақ өлеңім сол кездегі «Арқа еңбеккері» газетінде оқу жылының басында жарық көрді. Көп ұзамай аудандық газетке оныншы сынып оқитын Дәуітәлінің бір өлеңдері басылды. Он бірінші сыныпта оқитын Тілеген Айтжановтың өлеңдері мен шағын мақалаларын аудандық газеттен жиі оқитынбыз. Сол-ақ екен оқуын жаңа бітіріп келген жас мұғалімдер, неміс тілінен беретін Төкен (Төлеуқадыр) Тыныбеков пен тарихтан беретін Елубай Адамбаев мектепте жас әдебиетшілер үйірмесін құрды. Қолына қалам алып, балауса жырлар жаза бастағандар мен жазушы боламын деп талпынғандар үйірмесіне Балтабек пен Төкен (Төлеуқадыр) Оразбеков мүше болды, одан соң Базыл Аманжолов, Торғай Бейсекова қосылды. Барлығымыз айына екі рет сабақтан соң жиналып, өлеңдерімізді оқимыз, жаңа жазғандарымызды ортаға саламыз. Жетекші мұғалімдеріміз оларды мақтаса, марқайып қаламыз, кемшілігімізді айтса, кәдімгідей көңіліміз пәс болады. Бәрі де балалық, жастық көңілден шыққан алғашқы балауса туындылар еді. Оларымыздың сапасы әр түрлі, тіпті сын көтермейтіні де болатындығы сөзсіз. Бірақ редакция қызметкерлері біздің сондай «дүниесымақтарымызды» қарап, жөндеп, іске асырып, яғни, газет бетіне басып жататын. Сол кезде қызмет атқарғандар ішінде Қасымхан Қаленов ағамыздың қамқорлығы ерекше болатын. Қолына тиген өлеңімізді болсын, мақаламызды болсын жерде қалдырмай, пайдаға асыруға үлес қосатын. Бөлім меңгерушісі болған Жұмабай Есекеев пен жауапты хатшы болған Рымқұл Сүлейменов ағаларымызға да алғысымыз шексіз. Марқұмдардың рухы пейіште шалқысын.

Айтпағым – сол кездің өзінде Балтабектің жазғандары аудандық газетке де, облыстық газетке де тоқтаусыз шығып жатты. Бір-екі әңгімесі де жарық көрді. Кластасымыздың және бірге жүрген досымыздың осындай жетістіктеріне риза көңілімізді білдіруге тырысамыз. Ол мұны ерекше талант деп емес, жай ғана талпыныс деп түсінетін. Ол сондай қарапайым болатын, бірақ кемпір мен шалдың бетінен қақпай өсірген жалғыз ұлы болғандықтан, кез келген жерде батыл да, батым да еді. Өзіміз кіре алмай тұрған жерге Балтабекті алға салатынбыз. Біз үшін киноның кешкі сеансына кіру өте қиын шаруа болатын. Өйткені, жасымыз тола қойған жоқ, ал жақсы киноларды көбіне кешкі сеанста көрсетеді. Сондай да Балтабекті жұмсаймыз. Ол бірдеңе етіп кассадан билет алып келеді. Одан соң есіктің алдында тұратын бақылаушыдан өту одан да қиын. Досымыз оның да ретін келтіруші еді.

Досымыздың тағы бір ерекшелігі – футбол ойнауды өте жақсы көрді. Керемет жанкүйер. Бүкіл әлем футболшыларын жатқа айтатын. Өзі де жақсы ойнады. Екі мыңға тарта бала оқыған М.Горький атындағы мектептің футбол командасында ойнады. Біздің тоғызыншы кластарды («а», «б», «в» кластары) ұйымдастырып, футбол командасын құрып, өзі оның капитаны болды. Спортпен айналысқанды өте жақсы көретін және бәрімізді спорттық ойындарға қатысуға көндіретін. Балтабек мектеп бітірісімен аудандық «Арқа еңбеккері» газетіне тілші болып қызметке кірді. Менің ойым оқуға кету болып жүрген. Қыс бойы газет басушы (печатник) Мәделхан Кәдірбековтің жанында жүріп, газет басу жұмысын үйреніп алған болатынмын. Сонымның пайдасы тиіп, шілде айында Мәделхан демалысқа кеткенде оның орнына бір ай газет бастым. Сол кезде ол редакцияда, мен баспаханада бірге қызмет атқардық. Одан соң мен оқуға кеттім де, тек демалысқа келгенде ғана кездесіп жүрдік. Кәрі әке-шешесін тастап кете алмаған Балтабек ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. Өзімізбен қатар класта оқыған Орал Қасенбековаға үйленді де, кішкентайлы болып, әкесі мен шешесін мол қуанышқа бөледі. Оқу бітірген соң мен Қарағандыда қалып қойдым. Кейін Жезқазған облысы енші алып, бөлініп шыққан кезде Балтабек облыстық «Жезқазған туы» газетіне қызметке кетті. Мен әуелі Қарағанды облыстық телерадиокомитетіне қызметке тұрып, одан облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне ауысқан соң жолымыз тағы да тоғысып жүрді. Жезқазған облысы қайта қосылған соң біраз уақыт біздің газеттің сол өңірдегі меншікті тілшісі де болды. Газетке талай проблемалық материалдар жазды. Не жазса да өткір, нақты дәлелдермен, өзіне тән қаламгерлік шұрайлы тілімен жеріне жеткізе жазы отырды. Қай кезде болмасын Балтабектің жазған материалдарына шәк келтіріп, «мынауы қисынсыз екен» дегенді естіген емеспін.

Ол өмірде де өзіне тән принцип ұстанды. Ешқашан тайсақтап, төменшіктеп көрген жоқ. Оқып жүрген кезінің өзінде әділетін тіке және бетке айтатын. Сол әдетінен өмірі айнымай өтті. Сонау бір жылдары Ақтоғайда айтыс-тартыс көбейіп, бүкіл ел көтерілген шақта да сол тік мінезінен қайтпай, облыстық газет редакторының орынбасары ретінде анығын, әділін жазуды талап етіп, қаламы ұшқыр журналистерді жіберіп отырды. Кейін бұл туралы дау айтпақ болғандарға тойтарыс беріп, сол журналистердің мүддесін қорғады да.

Бұған қарап оны өзінің туған жеріне мойын бұрған жоқ деуге болмайды. Ол өзінің туып-өскен, доп теуіп ойнаған Ақтоғайын, ондағы шаңғы тепкен Шатыршасын, суына шомылған Тоқырауынын ешқашан естен шығарып көрген емес. Бұл жерлердің аттары аталғанда ерекше бір серпіліп, көзі оттай жайнап шыға келетін. Туған жерін ешкімнің Мысыр шаһарына айырбастамас еді.

Жезқазған өңіріндегі облыстық «Жазқазған туы» (кейіннен «Сарыарқа»), аймақтық «Мысты өңір» газеттерінде қырық жылға жуық еңбек етіп, өзі де қаламы қарымды қаламгер болып жетілді, соңынан ертіп, көптеген мықты-мықты журналистер тәрбиелеп шығарды. Қалам ұстағандар кейінгі інілерінің барлығынан әділетті болуды, адалдықты талап етті.

Міне, бірге өскен досымыз жайлы өзегім өртеніп, жүрегім қан жылап отырып жазып шықтым. Дос туралы өткен шақта жазудан артық азап жоқ. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, қимас досым! Енді артыңдағы жарың, үш балаң мен немерелерің аман болсын.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

ҚР ақпарат саласының үздігі.

Басқа материалдар

Back to top button