Жаңалықтар

Арумен әлем әдемі

Ер – түздің, әйел – үйдің адамы екенін қайталап айту – артық. Мұны ежелден табиғат өзі-ақ екшеп, бас-басымызға еншілеп бөліп берген. Осынау қағидат бұлжыған да емес. Қанша ғасыр, нешеме дәуір өтсе де, бұлжымайды да. Тасқа түсіп, таңба боп басылмаса да. Әйелдің маңдайына тағдырдың жазуы сол-тын. Бірақ бір нәрсені ескеру қажет. Ол – уақыттың бір орында тұрмайтындығы. Қоғамның ауыспалылығы. Заманның көші де, желі де өзгеріске бейімдігі. Содан да бүгін дүние жүзі әйелді тек ошақ қасынан ғана көрмейді. Хауа ананың ұрпағы жұмсақ жаратылысымен қоғамды дамытуға кіріскен. Осылайша, әйел заты әлеуетін әлемге әлдеқашан дәлелдеді. Бұл – «кім екенін ұмытып кетті» дегендік емес. Қайта қандай қабілеттің қаперден тысқары қалып жатқанын көрсетті. Осы күні қазақтың қаншама қыз-келіншегі қоғамды жетелеудің алдыңғы легінде жүр. Нәзіктіктің, әрі қайсарлық, төзім мен тәуекелдің туын жыққан кезі жоқ. ХХІ ғасырда жолы жіңішке қауымның күрмеулі мәселедегі көп түйінді шешкенін мойындау қажет. Алайда, ол ер-азаматтың тағы мен бағына таласу емес. Қайта азаматтар арқалаған ауыр жүкті жеңілдетуге, көтерісіп, бөлісуге ұмтылыс. Жетпегенді жетілдіру, толмай тұрғанды толтыру ғана. Әйел – әманда ердің тылы. Тыл мықтылығы жауға алдырмасы аян…

Сурет: nur.kz сайтынан

Бұл – бәсеке емес, тылдың бекемдігі

Әйелдің қоғамдағы орны дегенде, көз алдымызға от басы, бала баққан қыз-келіншектерден бастап, бүгінде ел билігінде жүрген жандар келеді.

Әлбетте, әр ұлттың «мен мұндалаған» менталитеті бар. Одан бөлек, жазылмаған, әйтсе де, қанға туа сіңген, ата-бабадан жазу-сызусыз-ақ жал­ғасқан салт-дәстүр, ғұрпы және бар. Оны өзін сыйлайтын, қадірлейтін ешбір ұлт, я ұлыс жоққа шығармайды. Ол – қазығы. Тіпті, ұлттың – күн жүйесі. Қалғаны – Күн жүйесін айналған сегіз ғаламшар секілді дүниелер. Тек соны әркім өз болмысына сай сіңіру арқылы мына қоғамның көшінен қалмайды. Көшіріп емес, ұлттық кодты өшіріп алмайтын әрекет қажет қай істе. Жаңалық атаулыны әр ел өзінің бітіміне қарай бейімдемесе, оның жібекке жапсырған жамау секілді оғаш көрінері тағы хақ.

Жер шары гендерлік теңдік туралы сөз қозғағанда Қазақстан да үнсіз қала алмайды. Әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде біздің мемлекет те бұл туралы тұжырымдама қабылдағаны мәлім. Бұл – ер мен әйелдің бәсекесі емес. Керісінше, қоғам деп аталған мынау ортаның озық үлгісін жасауда жынысқа бөлінбей әрекет ету. Ал қазіргі статистика әйел затының қоғамдағы орнының күмістей салмақтылығын паш етеді.

«Еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көп.

…Елімізде әйелдер қауымының экономикадағы рөлі артуда. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Бүгінгі қоғамды әйел араласуынсыз елестету мүмкін емес болып қалды. Қыз-келіншектер әр салада ер-азаматпен тең еңбек етіп жатыр», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бәсеке емес, тылдың бекемдігі осы болса керек-ті.

Экономика һәм бұрымдылар

– Әйелдің қоғамдағы орны қашан да маңызды. Сонау отбасынан басталатын құндылықтан бері қарай жалғасатын мемлекет мүддесінде де орны алабөтен. Біздің ел бұл орайда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Гендерлік саясат аясында қыз-келіншектер қоғамға орасан зор үлес қосуда. Сол арқылы елдің ұйытқысына айналды. «Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымызға айрықша серпін беріп отыр. Еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын мейлінше ширақ пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көп. ..ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Қоғамды қалыптастырудағы әйелдің рөлі анық та айқын. Бұл бағытта заңнамалық негіздер де арнайы қарастырылған. Мәселен, заңнама шығарушы ұйымдарда әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл дегеніміз, зор серпін. Оның үстіне гендерлік саясат, әйелдердің қоғамдағы орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұдайы назарында. Сондықтан да, жалпы, қоғамдағы әйелдің белсенділігі осы күні аса жоғары деуге әбден негіз бар. Соның жарқын дәлеліндей олар әр салада еңбек етуде. Соның ішінде, кәсіпкерлікте де үлес салмағы басым. Өзіміздің өңірде де кәсіпкерлікті ұршықша иірген қыз-келіншектер жетерлік», – дейді Айжан Қиясова Қарағанды қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары.

Халықтың үштен біріне жұмыс ұсынды

Бұған дейін жария етілген деректер Қарағанды облысында 42 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанды әйелдердің басқаратынын айтады. Бұл болса, аймақтағы кәсіпкерліктің тең жартысына жуығы. Сөйтіп, аймақтағы жұмыспен қамтылғандардың үштен біріне нәпақа тауып беріп отыр. Олар саудада ғана емес, қызмет көрсетудің әр түрінде, жылжымалы мүлік нарығында, өнеркәсіпте, тіпті, ауыл шаруашылығында кәсіп ашқан. Кәсіпкерліктегі әйелдердің 82 пайызы – жеке кәсіпте. 12 пайызы – заңды тұлға. 6 пайызы – шаруа қожалығын басқарады екен.

Кәсіпкер ханымдардың 25 пайызы облыс орталығында тіркелген. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қорының дерегінше, былтыр 22 ханым қордан кәсіпкерлікті дамыту үшін 14,3 млн.теңге алған. Осыған дейінгі ақпараттар әйел кәсіпкерлігінде еліміз бойынша Қарағанды облысының алдыңғы қатарда екенін көрсеткен болатын.

Бұдан бөлек, арулар мемлекет ісінде де жүр. Әзірге ондағы үлес салмағы аздау. Әйткенмен, деректер әйелдердің жұмысқа тиянақты әрі сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтінін аңғартқан. Мұны Президент те атап айтқан болатын.

«Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құ­рамда бұл көрсеткіш 39 пайыз­дан аспайды. Өз тәжірибемнен бі­летінім, әйелдерді қызметке тарту ке­рек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн», – деді Президент.

Зерттеулерге зейін қойсақ…

HeadHunter зерттеуінің нәтижелері Қазақстандағы еңбек нарығындағы әйелдер үлесін жариялады. Мәселен, 2023 жылы әйелдерді қызметке шақыр­ған 5 сала анықталған. Олар – медицина, фармацевтика, дәріхана (75%), бухгалтерлік есеп (69%), персоналды басқару (61%), білім беру мекемелері (59%), өнер, мәдениет (56%). McKinsey жүргізген зерттеулері топ-менеджерлері арасында әйелдер бар фирмалар тек ер адамдар басқаратын ұйымдарға қарағанда кірісі жоғары екенін көрсеткен. Жалпы, әлемдік зерттеулер әйел басшылары бар компаниялардың гүл-гүл жайнағанын, оларда тәртіп пен жетістік барын айғақтаған. Маңайының бәрінен әдемілік пен үйлесімді ғана көруге, соны орнатуға ұмтылатын әйел затының болмысы да сол емес пе? Ендеше зерттеулердің зая емес екені даусыз. Жалпы, әйел жүрген жер әдемі екені шүбәсіз ғой…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button