«Арулар асыл жандар…»
Ауданда алғаш рет аймақтық «Арқа аруы-2017» сән байқауы өтті.
Қарағанды облысының қалалары мен аудандары арасынан ең әдемі ару атағы үшін 16 мен 22 жас аралығындағы 9 үміткер сынға түсті. Қарағанды қаласынан Ырысты Рахымжан, Жезқазған қаласынан Майра Тұңғатарова, Осакаров ауданынан Гүлбану Байжанова мен Оразгүл Қуанған, Абай ауданынан Қызғалдақ Әуесхан мен Яна Лундина,Ұлытау ауданынан Әйгерім Марғұлан мен Мақпал Сайлау және Жаңаарқа ауданынан Айдана Егінбай сынды арулар бақ сынасты.
Бұл сайыста, тек, ең сұлулар ғана іріктелген жоқ, сонымен бірге, талантты, ең бастысы, өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен мәдениетін жақсы білетін жас қыздар таңдалды.
«ЭКСПО-2017», «Алаш» партиясының 100 жылдығы, Қазыбек би бабаның 350 жылдығына арналып ұйымдастырылған байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Айта кетсек, арулар қазақ киімінің сән үлгісі, қазіргі заманға сай сән үлгісі, өнерін көрсету және арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беру сияқты шығармашылық, зияткерлік және сұлулық әлеуеттері сынынан өтті. Сонымен қатар, қатысушылардың сұлулығы, шашының ұзын болуы және сахнада өзін-өзі ұстай білу сияқты шарттар да қойылған болатын.
Байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлде және «Арқа аруы-2017» атағы Абай ауданынан келген қатысушы Қызғалдақ Әуезханға бұйырды. Оған ару тәжін өткен жылғы республикалық «Қазақ аруы-2016» байқауының ІІІ орын иегері Гүлімай Оразбек салтанатты түрде табыс етті.
Сән байқауында инабаттылығымен, талантымен және әдемі келбетімен көзге түскен басқа арулар да жүлдесіз қалмады. Қарағанды қаласының намысын қорғаған Ырысты Рахымжан – І орын, жаңаарқалық Айдана Егінбай – ІІ орын, Ұлытау ауданынан келген Айгерім Марғұлан ІІІ орын иеленсе, «Көрермен көзайымы» номинациясына Жезқазған қаласынан келген Майра Тұңғатар ие болды.
Байқауға қатысушы аруларға әділ баға беріп, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтау үшін аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев, облыстық мәслихат депутаты, Ғ.Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің директоры Ғазым Жарылғапов, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Кагиза Сәдуақасова, Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің жүргізушісі Мейрамгүл Кәріпжанова, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Асан Мирас, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсет Аманжолов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Амангелді Түсіпов, республикалық «Қазақ аруы-2016» байқауының ІІІ орын иегері Гүлімай Оразбек, республикалық «Қазақ аруы-2015» байқауының дипломанты Қарлығаш Тынысбаева қазылық етті.
Сән байқауын жүргізуге ауданға арнайы шақыртылған кеш жүргізушілері – шоу бағдарламалар жүргізушілердің республикалық байқауының Бас жүлде иегері Айтуған Рсалдин, иығына гитарасын іліп алып, кезінде талай байқаулардың, оның ішінде, «Арқа аруы» байқауының лауреаты атанған гитарашы Бақытжан Хасенова, 2010 жылғы облыстық «Арқа аруы» байқауының жүлдегері, биші Мәрмәр Қабденова, танымал актер Тұрсынбек Қабатовтың КТА алаңының белді мүшесі Аңсаған Тоқсанбаев байқаудың шырайын кіргізді.
Аудан әкімі Ғабдрахман Омаровтың қолдауымен, мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ләззат Жұмабекованың бастамасымен ұйымдастырылған байқау өте жоғары дәрежеде өтті. Сахнаның безендірілуі, аудан өнерпаздарының кешке арнаған әндері – бәрі бір-бірімен үйлесімді болды. Жаңаарқа ауданында бірінші рет ұйымдастырылып отырған «Арқа аруы-2017» сұлулық байқауының жоғары деңгейде өтуіне аудандық мәдени-сауық орталығы қызметкерлері зор еңбек сіңірді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Индира АСАМИДАНОВА,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.