Аруаққа құрмет зираттан басталады
Маусым айының басында облыстық «Ortalyq Qazaqstan» қоғамдық-саяси газетінің бетінен қарымды журналист Қызғалдақ Асқарқызының «Дәстүр мен дінді дүрдараз ету кімге қажет?» деген қазіргі қоғамның өте өзекті жағдайын бүге-шігесіне дейін талдаған салмағы қорғасындай ауыр сараптамалық мақаласын оқып шықтық.
Қазіргі қазақ қоғамында ақпарат өте жылдам таралып жатыр. Күнделікті жарияланып жатқан теледидар хабарлары мен газет-журналдардағы таралым да заман ағымына сай қарқында қалпын сақтап келеді. Әрине, қазір әркімнің қалта телефонында орнатылған әлеуметтік желінің күні туғаны да жасырын емес. Бұл да заманауи мемлекетте өмір сүріп, ғылым мен технологияның жетістіктерінен шет қалмағанымыздың белгісі.
Айтпағымыз, facebook желісінен мамыр айының ортасында Қарқаралы ауданында жергілікті жердің бір азаматының таратқан видеоүндеуі Қасиетті Алтай мен Еділ-Жайық, Каспий теңізіне дейін кең көсіліп жатқан қазақ баласын елең еткізгені. Ол бейнежазбадағы айтылған сөздеріне тоқталмай-ақ қоялық. Қысқасы, «енді қайтыс болған жақындарымызға арнап бейіт салмаймыз. Топырақпен жаба саламыз. Басына көктас қойылады. Қорым арнайы қоршаумен қоршалады» дегенге саяды.
Бірақ, біздің мыңжылдықтардан бері халқымызды тағдырдың талай сынынан сақтап келіп, осы ғылыми-технологиялық дәуірге аман-есен жеткізген дәстүрлі ұлттық дүниетанымыз бар. 960 жылы сол заман тұрғысынан алсақ, ең дамыған ел – Қарахандар мемлекетінде ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланды. Шынайы болмысымен, қаһармандық ерлігімен бүкіл әлемге әйгілі ата-балаларымыз сол уақыттан бастап мұсылман болды. Ата-баларымыз мұсылман болғанда ислам мен өзінің дәстүрі мен өмір салтын рухани болмысына үйлестіре алғаны бәрімізге аян. Себебі, ұлттың алтын тамырын сақтау керек болды.
Ал, енді зират, аруақ деген ұғымдар қазақтың ең жанды жері екенін ұққанымыз дұрыс. Себебі, қазақ дәстүрінде аруаққа деген құрмет зираттан басталады. Халқымыздың салт-дәстүрінде, діни түсінігінде, тұрмысында қайтыс болған жақын адамына бейіт көтеріп, басына белгі қою мәдениеті ежелден қалыптасқан. Оған айта берсе тарихи мысалдар да жеткілікті. Бейіт көтергенде жақын туыстар мен көрші-қолаң, сыйласатын адамдардың барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесіп кетеді. Туыстардың басын қосатын, кімнің жақын, кімнің тілектес екендігін білдіретін кез де осы. Адамдар бір-бірімен араласып, ертең бұл жағдай өзінің басында да болуы мүмкін екендігін біліп жүреді. Біле білсек, тәрбиенің өзі. Ерте замандарда ру басы немесе атақты батырлар дүниеден өткенде бұндай мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қараған. Қайтыс болған адамның жетісін, қырқын, жылын беру тек діни жоралғы ғана емес. Бұл – таза халқымыздың дүниетанымы. Ұлтымыздың дәстүрі мен қадір-қасиетін білдіретін жоралғы. Қайтыс болған атақты адамның жылдық асына ағайын-туыс, дос-жаран, жерлес-сыйлас адамдар, алыстағы тілегі бір ағайындар бас қосып, көңіл айтып, бір-бірінің амандығын біліп, жетім мен жесірдің, жер-судың, елдің болашағына қатысты тағдыршешті сұрақтардың жауабын дер уақытында шешіп отырған.
Ал, енді, бүгінгі күнде дінге байланысты мәселе Қазақстан қоғамындағы ең бір өткір, нәзік мәселеге айналып барады. Бұлай болады деп кім ойлаған. Ата-бабамыздан мұсылман едік, соның өзін азсынғандай қазір дін жөнінде ақылмандар шектен тыс көбейіп кетті. Бұрын мешітке жиі баратын жамағатқа ішіміз жылып қараушы едік. Қазір күдіктенетініміз де жасырын емес. Себебі, жігіттеріміздің шалбарларының балағы қысқарып, мұртын қырып, желбіретіп ретсіз сақал өсіре бастады. Содан келіп олардың түр-әлпетінен, сыртқы болмысынан, жүріс-тұрыстарынан, жан-дүниесінен ұлттық қасиет пен қазақылықтың бейнесін таппай барамыз. Айтатын уағыздарының мазмұны мүлдем өзгере бастады. Осы уақытқа дейін қазақтың қамал-қорғаны болып, елін қорғаған батырларымыз, әулие-әнбиелеріміз, қара қылды қақ жарған әділ билеріміздің атын мүлдем естімейміз. Заманауи білім, ғылыми жетістік, технологиялық прогресс туралы әңгімелерін естисіздер ме? Әй, қайдам?! Қазақтың дәстүрлі ұлттық құндылықтары мен мемлекеттілігін, осы Қазақстан деген елдің иесі екендігімізді, мемлекет құрушы ұлт екендігімізді айта бастасақ, бұлар бізді сыртымыздан «тәңіршілдер» дей салады екен. Бұл да қазақты бөлшектеудің, ұлттық қасиетінен жерітетін мың тәсілдің бірі.
Сондықтан, Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы мен республикалық деңгейлердегі дін ісімен айналысатын үкіметтік органдар тарапынан ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дамыту жұмыстарымен мықтап айналысатын уақыт келді. Өйтпеген жағдайда кейін бәрінен кешігеміз. Тарихтың қатал сабағы ешкімді кешірмейді.
Қазақстанда дін саясиланып барады. Ата-бабамыздан келе жатқан мұсылмандық жораларымызды жоққа шығара ма деген қорқынышымыз да бар. Бала кезімізде үлкендер «Бейітке қарай жүгірме. Бейітке қолыңды шошайтпа» деп тәрбиелеп еді. Арқа жерін, киелі Сарыарқаны ата-бабаларымыз қорғап өткен. Қазақтың әулие-ғұламасы Мәшһүр Жүсіп бабамыз «бұл Сарыарқа ата-бабамның құны болып келді» деп жазып кеткен. Енді келіп бейіт салмаймыз дейді. Қазақтан жерді қызғандық па?
Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы