Қару асынған қаламгер
Арын жалау, жанын алау етіп, жауға аттанғандардың қатарында 2300 қарқаралылық азамат болды. Оның 1312-сі қан майданда қаза тауып, 489 жауынгер хабарсыз кетті. 500 адам Жеңіс туын желбіретіп елге аман-есен оралды. Төрт Кеңес Одағының Батыры – Нұркен ӘБДІРОВ, Мартбек МАМЫРАЕВ, Расул ЕСЕТОВ, Петр ТЕРЕЯВТЕРДІҢ есімі ел есінде мәңгі қалды. Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік пен батылдықтың, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иеміз. Майдан даласында оқ пен оттың ортасында қан кешкен ардагерлеріміздің қатары күн санап азайса да, соңында ерлігі мен еңбегін аңыз етіп айтар ұрпағы бар. сондай, жауынгер-ардагер әрі қаламгердің бірі – Ғалым АБДУЛЛИН.
1911 жылы Қарқаралы уезінің, Берікқара болысының екінші ауылында туған. сол кездегі қазақ ауылдарын еріксіз ұжымдастыру, байлардың малмүлкін тәркілеу, қудалаудың соңы аштыққа ұласқандықтан, Ғалым Абдуллин ағамыз жан сауғалап Қарағандыға келеді. сәті түсіп, сол кезде жаңадан ашылған «Қарағанды пролетариаты» газетінің редакторы Жұмабай Орманбаев корректор ретінде жұмысқа қабылдайды. Бұл – 1935 жыл еді. ел арасындағы дүрбелең басылған шақта Қарқаралыға оралып, «еңбек майданы» газетінде қызмет етеді. Кейін «халық жауларымен байланысың бар» деген жаламен бой тасалап, семейдегі «екпінді» газеттерінде жұмыс істейді. 1938 жылы Қарағандыға қайта келіп, бұрынғы «советник Караганды» газетіндегі жұмысын жалғастырады.
Соғыс басталысымен әскер қатарына алынып, Қиыр Шығысқа аттанады. Приморскідегі әскери округке қарасты 13 артиллерия полкінде қатардағы жауынгер ретінде екі жыл берілген тапсырмаларды ұқыпты орындайды. 1943 жылы Хабаровск өлкесіне жіберіліп, сол жерде шығатын «Тревога-Дабыл» газетіне жұмысқа алынады. Газетте жүріп соғыстың барысы, қазақ жауынгерлерінің майдан даласындағы ерліктерін жариялап, рух беріп отырды. Тағдырдың қатты дауылына ұшырап, қанды шайқасты көзбен көрсе де, еңсесін түсірмеген жауынгер Абдуллин Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарды. Фашист басқыншыларын тұншықтырған Қызыл Армия жеңіс туын желбіреткенімен, Қиыр Шығыстағы әскери бөлімдегі жауынгерлер бірден елге қайтпады. Қаламгер-жауынгер Ғалым Абдуллин де Түркістан әскери округінде резервте жүріп, әскери бөлімнің саяси басқармасында қызмет істейді.
- «Соғыстан кейін әкем Алматыға келіп, атақты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлымен танысады. Халық әртістері, актриса Шолпан Жандарбекова, әнші Венера Қармысовалармен араласады. Біз үшін әкеміздің жүріп өткен жолы – өнеге. еңбекпен ерте есейіп, бірбеткей, қайсар болып өсуі – оны ел алдында абыройға бөледі. Анам есбергенқызы Разиха екеуінің бізге берген тәлімтәрбиесі өмірдегі адастырмас темірқазығымыз» – дейді қызы Гүлжахан.
Жорық жолдары, еңбегі лайықты бағаланып, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысында Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып 1946 жылы елге оралады. Бұрынғы жұмыс істеген «советтік Қарағанды» газетінің редакциясына қайтадан қызметке орналасады. 1950-52 жылдары Алматыдағы партия мектебінде оқып, Ұлытау аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде қызмет етеді және аудандық «сталин туы» газетінде редактор болады. Кейіннен туған жері Қарқаралыға біржола қайтып келіп, аудандық газетте алдымен шығарушы редактор, баспахана меңгерушісі және жергілікті телерадио кешенінде тілші болып еңбек етеді. Қиын кезеңдерді басынан өткерсе де, шығармашылықтан қол үзбеген. соғыс жылдарында қаламын қаруға ауыстырып жерін қорғаса, бейбіт заманда қаламын қайта жанына серік еткен жауынгер-қаламгердің еселі еңбегі жерлестерінің есінде мәңгі сақталады. Осындай ардақты ардагердің даңқын асқақтатып, олардың ерлікке толы өмірін ұрпақтарға мақтанышпен уағыздай береміз.
Сағыныш ӘБІЛ.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.