Жаңалықтар

ҚарТУ – қазақ ғылымының қарашаңырағы

Қазақстанның алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне биыл 70 жыл.

Университет осынша уақыт бойы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты дамуы үшін инновациялық-инженерлік білім беруді, ғылыми зерттеулердің сапасын қамтамасыз етуді және кәсіпкерлікті дамытуды өз миссиясына айналдырып, қазақ ғылымының дамуына қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Университет Халықаралық беделді QS WUR рейтингі бойынша университетіміз 651+ кластеріне енді.

Университеттің «Тау-кен» факультетіне қарасты «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасы – Ғылым және жоғары білім министрлігі бойынша алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан 65 жылдық тарихы бар әлеуеті зор кафедралардың бірі. Кафедра «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім бағдарламалары бойынша бакалавриат және магистратура, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бойынша мамандар мен инспекторларды, өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандарды, экологтарды, еңбекті қорғау жөніндегі менеджерлерді даярлайды.

Кафедраның ғылыми әлеуеті мен сапасы жылдан-жылға артып келеді. Кафедрада жоғары білікті 26 профессор-оқытушы маман студенттер мен магистранттарға дәріс оқып, тәлім береді. Олардың ішінде техника ғылымдарының 1 докторы, техника ғылымдарының 12 кандидаты, 2 PhD доктор мен 10 магистр бар. Профессор-оқытушылар құрамы жыл сайын өнеркәсіптік кәсіпорындарда, республикадағы жоғары оқу орындарында, алыс және таяу шетелдерде, ҚарТУ-да тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білімін шыңдайды.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» орайластырылған «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасында «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» зертханасының ашылу салтанаты өтті. Зертхананың ашылуына «Maker» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Kazprom Engineering» ЖШС, «Қарағанды Су» ЖШС, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, «Өркен» ЖШС, «Bastau Expert» ЖШС еңбекті қорғау саласындағы мамандары қатысты.

Университеттің Басқарма Төрағасы-ректор, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Ибатов сапалы маман даярлау үшін университеттің техникалық базасына ерекше мән беріп, қолдау көрсетеді. Білім алушылардың теория мен тәжірибені іс жүзінде сабақтастыруы және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуы үшін «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасына 40 млн теңгеге  заманауи өлшеу құралдары мен аспаптар алынып, «Өндірістік қауіпсіздік» зертханасы пайдалануға берілді. Сонымен бірге, 15 млн теңгеге оқыту процесіне қажетті компьютерлік техника мен бағдарламалар іске қосылмақ. Зертхананың ашылуы және оның заманауи құралдармен жабдықталуы оқыту процесінің сапасын арттырып қана қоймай, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың еңбекке, мамандыққа, ғылыммен айналысуға деген құлшынысын арттыра түсері сөзсіз.

Сондай-ақ, университеттің 70 жылдығын тойлау аясында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай кафедрада «Білім. Тәжірибе. Ғылым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша консультациялық, ақпараттық және ғылыми-зерттеу қызметтерін көрсетуге қатысты өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел өткізудің маңызы –  өндірістік кәсіпорындарда орын алатын, түрлі өндірістік жазатайым оқиғалардың, кәсіби аурулардың алдын алу және азайту жөніндегі іс-шараларды сапалы ұйымдастыруды негізге алу. Осындай алдын алу шараларын кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен белгілі компаниялар мамандары талқылады.

Жалпы кафедра түлектері облыста ғана емес, республиканың әр өңірінде еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Жыл сайын кафедра түлектеріне деген сұраныс артып келеді. Бұл кафедра оқытушыларының жоғары білім сапасын және білім алушылардың адами тұлғасын қалыптастырудағы өлшеусіз еңбегінің дәлелі деуге болады. Осы орайда сапалы білім мен адами құндылықтарға деген құлшыныстары бар барлық талапкерлерге есігіміз айқара ашық дегіміз келеді.

Н.ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,

Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың

«Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасының меңгерушісі,

техника ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button