Руханият

Қарт пошташы

Басында тоқыма шәлісі, үстінде қалың пальтосы бар кейуана қос қолындағы ауыр сөмкеге қарамастан, еңсесін тік ұстап кетіп бара жатыр. Жүрісі ширақ. Жол бойында кездескен барлық адамдарға күлімсіреп, бас изеп сәлемдесіп те қояды. Сырттан қараған адам кезікеннің бәріне жапа-тармағай амандасып жатқан «Бұл кім?» деп таңғалуы әбден мүмкін. Артынан жайлап еріп келе жатқан мен де басында осындай ойда болдым.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шеті шегі көрінбейтін, ойқыш-ұйқыш шұңқыры көп жолдың екі қапталына кезек-кезек бұрылған қарт ана жүрісінен жаңылар емес. Алма-кезек қаз-қатар тізілген үйлердің ауласына кіреді де шығады. Ширақ қимылы тоқтаусыз шиқылдаған есік пен абалап, арсылдаған иттердің дауысынан білінеді. Осылай ұзын сонар жолдар мен көше қиылысын еш қиындықсыз басып өтіп келе жатқан қарт пошташы – Сара апай. Қарқаралылық дүйім жұрт осылай атайды. Құжаттағы аты-жөні – Несіпжан Әбдірахманова.

Көпбалалы отбасында дүниеге келген Сара апай үшін көпшілікпен етене жұмыс жасау қиын болмады. Мүмкін көпшілдігі болар. Еңбекке деген ынтасы, қарым-қабілеті жауапты жұмыстарды атқаруға мүмкіндік берді. Отбасындағы жауапкершілікпен бірге жұмысына деген ыждаһаттылығын айтып жеткізу мүмкін емес. Қай мекенжайдың қандай мерзімді басылым алатынын, үй иесі кім екенін, тіпті, телефон нөмірін жатқа біледі десем, артық айтқандық емес. Талай рет итке таланса да хат-хабар мен газет-журналды пошта жәшігіне салып кетеді. Болмаса, шарбаққа қыстырады. Ұқыптылығы сондай, ол кісі таратқан газеттің ұшып кетуі немесе жоғалуы мүмкін емес.

Өз көшесі тұрғындарының сый-құрметіне бөленген Сара апайды еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Бала мінезді ақкөңіл, жүзінен мейірім төгіліп тұратын пошташының кейіп, қабақ шытып, қатты сөйлегенін көрген де, естіген де емеспін.

Қарлы боран, қақаған қыс та, шыңылтыр аяз да, аптап ыстық та Сара апайға кедергі емес.

– Мен өзім істеп жүрген жұмысымды қатты жақсы көрдім десем де болады. 45 жыл ғұмырымды пошта саласына арнадым. Бес жыл жауапты қызметте, 20 жыл зейнетақы тараттым, кейін бұл қызмет түрі басқа мекемеге ауысты. Содан кейін 20 жыл хат пен газет-журнал таратуға көштім. Пошташыға деген халықтың ықыласы ерекше. Мен соны көрдім. Сондай ақпейілді адамдарға қалай қалтқысыз қызмет көрсетпейсің?! Оқырмандар газетті асыға күтеді. Жақын-жуықтан хат-хабар алып қуанып жатады. Олардың риза кейпін көру мен үшін үлкен бақыт, – дейді Сара апай.

Пошташы апай 68 жасына дейін газет таратты. Еңбегін бұлдау, сұрамшақтық деген ол кісіге жат нәрсе. Екі иыққа сенген Сарай апай табанынан таусылса да, мойнына алған ісін аяқтамай аялдаған емес. Қазір халықтың талғамы жоғары, сұранысы зор. Апталық басылымдар шығу кестесіне сай таратылмаса, пошташыларға маза жоқ. Ал, Сара апай таңмен таласа жұмысқа кіріседі. Түс ауа екі қолындағы дорба толы рухани қазынасын халыққа таратып қайтып бара жатады…

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button