Аршынды істер атқарылуда

   Приозерск қаласына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су тарту нысандарын қалпына келтіруге 1 млрд. 8 млн. теңге қаражат бөлінген. Айтулы жоба аясында тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылып, су өткізу желілері жетілдірілген. Бұл жөнінде Приозерск қаласының әкімі Қайрат ҚАМЗИН аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы игі істер атқарылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жіті назарға алынған. Толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, атаулы әлеуметтік көмек, материалдық жәрдемақылар тағайындалған. Осы жылдың тоғыз айында 110 отбасыға 2534,7 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек көрсетілген. 504 адам жұмысқа орналастырылып, 265 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылған. Оның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарына – 54 адам, жастар практикасына – 28 адам, қайта оқытуға – 78 адам жіберілген. Сондай-ақ, 175 жаңа жұмыс орны ашылған. Әлеуметтік сала бойынша 858 адам қамтылған. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен ұлттың бірлігі рухында тәрбиелеу мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылған. «Ардағым-Ардагерім» жобасы жолға қойылып, еріктілер қозғалысы мен белсенді жастар бірігіп, ҰОС ардагерлеріне көмек берген.

Туризм саласы да қанатын кеңге жая бастаған. Қазіргі заманғы тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристік кешен құру және оны жоғары кірісті экономика секторына айналдыру мақсатында 42 бөлмелі ғимараттың жұмысы қолға алынған. Бұдан бөлек қала ішіндегі көше жолдарын жөндеу, көше атауларын қазақыландыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта 12 үй алаңына жөндеу жұмыстары жасалады деп жоспарланып отыр.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.