Қарағанды облысында жағалауды нығайту, өзен арналарын тереңдету және тазарту амалдары жалғасуда
Қарағанды облысында жағалауды нығайту, өзен арналарын тереңдету және тазарту амалдары жалғасуда. Еске сала кетейік, жоспарлы жұмыс 2017 жылдан бастап су тасқыны қаупін азайту жөніндегі республикалық жол картасы шеңберінде жүргізілуде.
Соңғы жылдардағы көктемгі кезеңдерде аймақтың негізгі су тасқыны қаупі бар өзендерінің арналарында түйткілдер туындады. Су деңгейінің көтерілуіне төменгі тұнба шөгінділері мен тығыз өсімдіктерінің көлемі себеп болған.
Қазіргі уақытта Бұқар жырау, Нұра аудандарының аумағында жол картасы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Теміртау, Чкалово, Садовое, Тассуат және Майоровка ауылдары маңындағы Нұра өзенін санациялау жобасын іске асыруда. Жалпы ұзындығы – 19,02 шақырым.
Жол картасынан тыс жүзеге асырылатын бастамалар да бар. Қарағанды облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті Бұқар жырау ауданы басшылығы мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының қатысуымен Қ.Сәтбаев каналынан «Қызылорда – Павлодар» автомобиль жолындағы көпірге дейінгі учаскедегі жұмыстардың қалай жүріп жатқанын тексерді. Учаске ұзындығы – 2,4 шақырым.
2022 жылы мұнда қорғаныс бөгетін орнату жұмыстары ішінара орындалды, қазір Нұра өзенінің арнасын тазарту, түбін тереңдету және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс кестеге сай, кешігу жоқ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»