Жаңалықтар

Армандар орындалатын ел

Ешбір елде баламасы жоқ, уақыт ырғағымен үндескен, бірліктің бірегей моделін қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы XXIX сессиясының маңызы да ерекше болды. Егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап, бүгінге дейінгі жетістіктері айтылған жиын «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбында өтіп, жауапты кезеңге аяқ басқан тұғыры берік еліміздің толымды табыстары, сол табысқа жету жолындағы қиындықтары да айтылды. Осы уақытта бірлікті мақсат тұтып, бір шаңырақтың астында бас қосқан түрлі ұлт өкілдері талай тағдырлы сәтте ортақ мүдде жолында біріккенде ғана алынбайтын қамалдың жоқ екеніне көзін жеткізді. Соның нәтижесі – экономикасы өркендеген, халқының әл-ауқаты нығайған, әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналуы болды. Бірақ, қай кезде Қазақстан үшін басты мақсат – татулық пен бірлік болып қала бермек. Ассамблеяның да көздегені – осы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясының облыстық деңгейдегі жұмысына ҚХА 22 мүшесі мен аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн қатысты.

– Биыл біз ортақ отанымыз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. 1991 жылы еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты болды, – деп сөзін бастаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы көпұлтты халқымыздың еліміздегі бірлікте, бейбітшілік пен келісімде алға жылжудың іргелі таңдауын жасағанына тоқталды. Бұл заманауи Қазақстанның бет-бейнесін қалыптастыруда қолайлы жағдай жасады. Ұлты, діні, тілі әр түрлі, соған қарамастан ортақ тарих біріктірген қазақстандықтар интеграциялық процестердің арқауын қалыптастырды. Ал, халықты біріктіретін тіл екеніне баса назар аударған Тұңғыш Президент әлемнің барлық елінде де осы үрдіс бар екенін қадап айтты. «Тіл барлығын біріктіреді. Мәселен, америкалықтар мыңдаған халықтан құралған. Бірақ, оларды ағылшын тілі біріктіріп отыр. Біз де соны түсінуіміз керек» деген ол елімізде этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын айтты. Сол арқылы қазақстандықтар ортақ мақсаттың және ортақ ұмтылыстың төңірегіне топтасты.

Қазақстан қоғамның алуантүрлілігін өз пайдасына жаратты. Этностардың бай мәдениеті, дәстүрі ұлттық кодты қалыптастырды. Ортақ мәдениетке әр ұлттың қосқан үлесі елімізді ең бай мемлекетке айналдырды. Бұл байлық әлеуметтік-экономикалық тұрғыда да көрініс берді. Жоқтан құралған елдің экономикасында түрлі реформалар табысты жүргізілді. «Тәуелсіздікте өскен ұрпақ сол кездегі қиындықтарды біле бермейді. Олар өткенін біліп, болашаққа нық қадаммен қарауы үшін біздің міндетіміз – соларды айтып отыру» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынында да, соның арқасында Қазақстан орташа табыстан жоғары деңгейдегі елдер тобына кіреді. Тәуелсіздік жылдарында ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 13 есе өскен. Кеңес құлағаннан кейін кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық белең алғанда 2 миллион адам жұмыссыз қалды. Халықтың тең жартысы кедейлікте өмір сүрді. Тығырыққа тірелгендер тарихи отанына қайтуға шешім қабылдағанда, оларға да ешқандай кедергі болған жоқ. Тоқсаныншы жылдың тоқырауында 3 миллионға тарта адамның көшіп кеткенін көрсетеді деректер. Сол кезде 14 миллион ғана қалған Қазақстан халқының саны бүгінде 19 миллионға жете қабыл. Ал, 2025 жылға таман бұл сан 20 миллионға дейін жетеді деген жоспар бар.

Бүгінде қазақстандықтардың табысы 9 есеге өскен. Қазақстанға сенім артып, инвестиция салуға мүдделі болған елдердің қатары да артуда. Ал, бүгінгі таңда кең ауқымды индустрияландыру және сервистікөнеркәсіптік саланы дамыту белсенді жүргізілуде. Бұл экономиканы шикізатқа тәуелділіктен құтқарады.

 – 1991 жылы біз Қазақстанды шикізат, көмір, металл, мұнай шығарумен ғана күн көрген қалпында қабылдадық. Өңдеуші сектор мүлдем болған жоқ. Қазір осы тәуелділіктен арылу үшін үлкен қадамдар жасадық, – деген Елбасы экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту жаңа экономикалық серпіліс бергенін де атады.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп, бүгінде өздері де ел дамуына үлесін қосып жүрген жастар да Ассамблея сессиясында өздерінің ойларымен бөлісті. Қазақстанның ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Кайраев «Біздің жастар «дайын асқа тік қасық» болмайды. Оны өзі жасайды және басқалармен бөліседі, Қазақстанда жұмыс бәріне жеткілікті, бастысы жалқау болмасаң болды. Ең бастысы – Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біздің жастарымыздың бойында «қазақ» деген тарихи сөз оның бастапқы мағынасында қайта жанданды. Бұл әрқайсымыздың еркіндік, патриотизм және тәуелсіздік рухында өмір сүріп жатқанын білдіреді» дейді.

Ал, Алматы облысы «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Аладин Мұстафаевтың атасы 1940 жылдары Қазақстанға жер аударылып келген. Қазақ елінің қайырымдылығын естен шығармай айта жүріп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді аманат еткен атасының өсиетін Аладин Мұстафаев жалғастырып келеді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтан «Барбанг» күрдтер қауымдастығының бастамасы бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда ерекше сұрыптағы 500 түп алма ағашын, сондай-ақ, 30 түп Кубан қарағайын отырғызуға рұқсат етуді сұрады.

Талай сындарлы сәтті басынан өткізген Қазақстан біраз елдің экономикасына ойсырата соққы берген коронавирус індеті кезінде де өзінің бірлігін тағы бір мәрте танытты. Елбасы құрған «Біз біргеміз» қорының қиын жағдайдағы отбасыларға көрсеткен көмегі індетпен күресте мойымауды, қиындықты бірлесе жеңгенде ғана жетістікке жетуге болатынын көрсетті. Әлбетте, індетті жеңуде ұлтқа, нәсілге бөлмейтін, міндеті – адам жанына арашашы ғана болу болған медицина қызметкерлерінің еңбегі орасан. Ал, вирусқа қарсы вакцина өндірген 5 мемлекеттің қатарында Қазақстан да бар.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Инна Гловацкая медицина қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысының, Қазақстан халқы Ассамблеясының тұрақты қолдауын сезінетінін айтып, қазақстандық дәрігерлер атынан алғыс білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде алдағы жылдары мемлекеттік саясат пен ұлттың жаңа біртектілігі қалыптасуы тиіс бес қағидатқа назар аударды. Бұл мемлекет пен азаматтар арасындағы сенім мен өзара іс-қимылға негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты, азаматтық тең құқықтылық қағидаты, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлінің қағидаты, іс жүзінде интермәдениеттілік қағидатымен белсенді түрде толықтырылатын «Алуан түрліліктегі бірлік» қағидаты, ұлтты тұрақты жаңғырту қағидаты.

– Осы жылдар ішінде мен халық бірлігін, бақуаттылық пен үндестікті, қауіпсіздікті, азаматтардың тұрақтылығы мен тыныштығын бірінші орынға қойдым. Мен соғыстардың, діни және этносаралық қанды қақтығыстардың қасіреті ешқашан отандастарымыздың өміріне көлеңке түсірмеуі үшін Отанымыз бейбітшіліктің эпицентрі болғанын қалаймын. Бүгін менің арманым орындалды деп айтуға болады. Бұл ретте менің бастамам бойынша 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз рөлін атқарды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сессия соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея мүшелеріне елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқандары үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес, маған өмір бойы Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығы тиесілі екені белгілі. Бұл ретте Ассамблеяны басқару бойынша бірқатар өкілеттіктер еліміздің Президентіне бекітілген. Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің қасында болуы керек. Сондықтан, мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді шештім. Бүгінгі шешім Ассамблея қызметінің мүдделеріне қызмет ететініне және біздің Президентімізге барлық ағымдағы жұмыстар мен азаматтарымыздың, қоғамымыздың және мемлекетіміздің болашағына арналған жоспарларды біріздендіруге көмектесетініне сенімдімін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Ал, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін бекітуді ұсынды.

– Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу туралы жалпы ұсынысымызды қабылдау жөнінде өтініш білдіремін. Бұл мәртебе біздің халқымыз бен мемлекет алдындағы тарихи еңбектеріңіздің арқасында Сізге тиесілі. Ассамблеяның барлық мүшесі бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button