«Арманай» Астанадан олжалы оралды

Топар кентіндегі «Энергетиктер» Мәдениет үйінің жанындағы «Арманай» би тобы Астана қаласынан олжалы оралды. Олар Елорданың Оқушылар сарайында 30 сәуірде өткен балалар шығармашылығының халықаралық «Ғажайып жұлдыздар» би фестиваліне қатысып, «Шалқыма» биімен «Қазақтың таңдаулы биі» аталымы бойынша І орын, ал «Домбыра» биімен ІІ орын алды.

Би тобы 2013 жылы құ­рылған. Оған сол күннен бастап аталған Мәдениет үйінің директоры, өнер жанашыры Әдемі Әбдиева жетекшілік етіп келеді. Қазір бұл топтың құрамында 11-13 жас аралығындағы 30 қыз бала болса, репертуарында қазақ және басқа да халықтардың билері бар.

– Бұл жолы би бәсекесіне солардың арасынан 8 баланы апарғанмын, – дейді Әдемі Қыдырқызы. – Атап айтқанда, Алуа Мамаева, Нұрайлым Камай, Әзиза Сағадиева, Нұрлана Тоқметова, Әлмира Ержан, Фелис Елубаева, Әнел Хамза, Айкерім Белгібай есімді қыздар екі биді де әсем билеп, сан өнер ұжымдары қатысқан сайыста сыннан сүрінбей өтті.

Қазақстан, Ресей мен Қырғызстанның білікті биші мамандарынан құралған қазылар алқасы «Арманай» тобы жас бишілерінің шеберлігін жоғары бағалап, алған І, ІІ орындары үшін арнайы кубок пен би тобы мүшелеріне медальдар, дипломдар табыс етсе, топ жетекшісі Әдемі Әбдиеваға еселі еңбегі үшін Алғыс хат берді.

Мұндай байқаулар өнерпаздарды ынталандырары анық.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.