«Арман деген көп белес…»

    Аға буынның мағыналы ғұмырын паш ететін көріністер Ғабиден МҰСТАФИН шығармаларында жиі кездеседі.«Арман деген көп белес, біріне шықсаң бірі бар» дейтін жазушы туындылары арқылы әр оқырманын жайлы өмірге сендіреді, жақсы күндерге шақырады. Әсіресе, Қарағандыны арқау еткен шығармаларындағы автордың ерекше  қаһармандары – өз еңбектерімен табысқа жетіп, тарихта қалған жандар.

Жазушы шығармаларын насихаттап, оны ұрпақ жадында қалдыру мақсатында өткен байқау – автор шығармаларын сүйсініп оқитын жастарды театрға жинады. С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына  оқушы, студенттер автор шығармалары бойынша ұйымдастырылған қалалық байқауға қатысты. Ғабиден Мұстафиннің 115 жылдығына арналған қалалық көркемсөз оқу шеберлері байқауы бірнеше талантты жастарды анықтады. Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болған шараға қала мектептерінен, колледждерден 24 үміткер бағын сынады.

Сайысқа қатысушылар екі кезең бойынша Ғ.Мұстафиннің шығармашылығынан прозалық (драмалық)  үзінді (монолог) оқыды. «Өмір не өлім», «Қарағанды», «Дауылдан кейін» романдары, «Шығанақ» повесінен алынған үзінділерді жатқа айтты. Жастар жазушының соғыстан кейінгі күйзелген елдің болашағын жарқын қалыпта көрсеткенін сахналық көріністер арқылы сәтті ұсынды.

Екінші бөлімде қарағандылық ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл сайыста Аружан Мағаз дауыс үнінің әуезділігімен көптің қошеметіне бөленді.

ҚР Мәдениет қайраткері Сламбек Жұмағали төрелік жасаған қазылар алқасы жастардың өнерін саралап, жан-жақты талдады.

Сламбек ЖҰМАҒАЛИ,  актер, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Қазақ даласы таланты, дарынды әнші мен жыршыға, биші мен күйшіге, шешендерге толы. Қасиетті жер Ананың бұл Сарыарқаға сыйлаған ерекше құт-берекесі. Ал, бойына елден ерек қасиет дарып, өнер  ұшқыны тасқындаған дарабоз тұлғалар – халқының мақтанышы. Бұл орайда қаламын Қарағанды тақырыбына әсіресе, нұрлы Нұраны шығармасына арқау еткен Ғабиден Мұстафин шығармаларын жетік меңгерген жастарды байқадық. Талантты жастар көп екенін аңғардық. Бұл өнер адамын, жалпы ұстаздарды да қуанышқа бөлейтін мақтаныш сезімі. Алдағы уақытта жастар осы әдетінен танбай, өнерді ұштап, жаттайтын шығарманың санын көбейтсе нұр үстіне нұр болар еді. Киелі сахнада тұрған әрбір жас өзін елінің патриоты, халқына қызмет етер азаматы сезінуі керек. Сол сияқты шығарманы жаттап, ұғынып, оның көркемдік кескінін ашса ғана толық жеңіске жетеді.

Байқау тартысты өтті. Бас жүлдені Болашақ колледжінің ІІ курс студенті Жансая Кәменова жеңіп алды. Жансая өзінің актерлік қабілетін көрсетіп қоймай, екі бөлім бойынша Ғабиден Мұстафиннің шығармаларын мәнерлеп айтуымен қатардағылардан оқ бойы озық шықты. Бірінші орынды №74 мектептің оқушысы Аружан Мағаз иеленді. Бұл ретте Аружанның облыстық байқауларда Абай, Шәкәрім шығармаларынан бас жүлдені иеленіп жүргенін айта кеткен жөн. Ол алдағы уақытта Ғабиден шығармашылығын жаттауды қолға алатынын тілге тиек етті.

Екі екінші орынды Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті Айдана Ерғали мен №17 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Арайлым Еспай иеленді.

Ал, үш үшінші орындар Қарағанды политехникалық колледжінің студенті Жайдар Хайдаров, Қарағанды Теміржол колледжінің студенті Абылай Бәкіровке және №102 мектеп гимназиясының оқушысы Хадиша Біләлға бұйырды.Бұл байқауда шығармашылық қабілет сарапқа салынатын болғандықтан, жас буын өкілдерінің көптеп қатысқаны қуантты.

Жалпы, жазушы шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылып, қалың  оқырманнан өз бағасын алған. Мұны ескерген талапкерлер автор шығармашылығынан, өз көңілінен шыққан драмалық немесе прозалық туындылардан көпшілік назар аударатын шынайылықты көрсете білді. Әр шығарманы өз деңгейінде аса шеберлікпен орындады. Жас таланттардың әдебиетті сүю арқылы ұлттық тіліміздің деңгейін биіктетіп, ұлттық ерекшеліктер арқылы рухани дамуымызға үлес қосқандары қуантты.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.