Басты тақырыпРухани жаңғыру

Арман қала – Астанада қонақта

    Күрмеуі қиын мынадай заманда жасаған жақсылығын бұлдамай, ол үшін, тіпті, ештеңе дәметпей, таза ниетпен, шын көңілмен ізгілік көмек жасайтын қайырымды жандар аса көп те емес. Осы тұрғыдан алғанда, Балқаш қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың бағы бар деуге болады. Неге десеңіз, олардың өмірлерін жақсылыққа, көңілдерін қуанышқа толтырудан шет қалмайтын жақсы достары бар.

Ерлан Зайроллаұлы Нығматулин – үлкен жүректі адам, нағыз атымтай жомарттың өзі. Ол балалар үйінен көмегін ешқашан аяған емес. Бірнеше жылдан бері балаларды киім-кешекпен, музыкалық аспаптармен, гаджеттермен, велосипедтермен, спорт құралдарымен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етіп келеді. Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іс жүзіне асыра отырып, Е.Нығматулин өзінің ізгі істерімен өскелең ұрпақтың рухани жағынан кемел, адамгершілік қасиеттерге бай әрі дені сау болып өсуіне жағдай жасап отыр. Ол Қазақстанның болашағының қамын ойлап жүрген азамат.

Ерлан Зайроллаұлы балаларға тағы бір қуаныш сыйлады. Осыдан бірер күн бұрын балалар үйінің тәрбиеленушілері. Елордамыз – Астанадан оралды. Екі күндік тартымды экскурсиядан балалардың алған әсері мол. Қызықты бағдарлама, көрсетілген құрмет оларға шаттық пен қуаныш сыйлады.

18 қыркүйектегі сарышуақ күздің ақ таңын балалар Астанада қарсы алды. Жол біршама алыс болғанымен, қонақ үйге жайғасқан соң, таңғы сәресін ішіп, шамалы уақыт демалып алған балалар елорданы саяхаттауға асықты. Олар үшін Бейбітшілік пен келісім сарайын, Тұңғыш Президент музейін көрудің өзі бір ғанибет болатын. Астананың бұдан басқа да көрікті орындары қаншама! Балалар солардың көпшілігін түске дейін аралап көріп шықты. Түскі дәмді астан кейін оларды «Думан» Орталығындағы ойын-сауық бағдарламасы күтіп тұрды. Балалар Қазақстандағы ең үлкен океанариумға барып, суасты әлеміне саяхат жасады. Аниматорлардың «Джунгли» театрында болып, Есіл өзенінде су трамвайымен серуендеді, Астананың саябағында қыдырып, пицца әзірлеушілердің шеберлік сағатына қатысты. Кешкі Астананы тамашалады.

Келесі күнге жоспарланған бағдарламалар да өте тартымды.Балалар бұл күні «Конго» арқан саябағын, эврикум мен «Енотия» хайуанаттар бағын аралады. Керемет саяхаттың әсерімен бақыттан бастары айналып, мәз-мәйрам болған балалар ақшам уақытында Астанамен қимай қоштасып, қайтар жолға шықты.

Еліміздің бас қаласына жасаған саяхаттың балалар зердесінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз. Осыдан соң олардың жүрегіндегі жақсылық пен мейірімділікке деген сенімнің нығайып, Отанға деген сүйіспеншіліктің арта түсетініне шек келтірмейсің. Олар нағыз патриот, есімі үлкен әріппен жазылатын меценат Е.Нығматулиннің қолдауының арқасында армандардың орындалатынына нық сенімді.

Қуандық МАҚСҰТҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button