Архившілер алғырлық танытты
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архивтер және құжаттама департаменті, ҚР Президентінің архиві және Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архиві ұйымдастырған ІІ Республикалық жас архившілер конкурсында Қарағанды облысының намысын қорғаған Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің «Жезқазған жауһарлары» командасы ІІІ орынды жеңіп алды.
Алматыда өткен сындарлы сынға Қазақстанның әр аймағынан іріктелген командалардан тысқары, республикалық мәртебеге ие архивтердің қатысқанын ескерсек, жүлдені жұлып алудың жеңілге түспегені аңғарылады.
Екі кезеңнен тұратын конкурстың талаптары мен шарттары Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы міндеттерді оңтайлы орындау мәселесіне негізделген екен. Соның аясында бәсекеге қабілеттілікті дамыту, еңбек ресурсының сапасын арттыру, архившілердің кәсіби ортасында позитивті, шығармашылық ахуалды қалыптастыру секілді маңызды қызметтің қажетті шарттылықтарын еркін меңгеруі мен жұмысты тиімді ұйымдастыру бағыттарын елеп-екшеу шеберліктері сарапқа түсіпті. Сайыс барысында жас мамандардың іскерлік белсенділігін бағамдау жайы да назарға алынған сыңайлы.
Мысты шаһарға мерейлері тасып оралған команда мүшелерін әріптестері мен тілегі түзу басқа да қауым жарқын жүзбен қарсы алды. Қуаныш сезімі тұнған кездесу кезінде «Мұрағатшылар маршы» әуенімен әрленген фотослайд көрсетіліп, жүлдегерлер өздерінің әдемі әсерлерімен бөлісті.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.