Тарих

«Ардагерлер азайып бара жатыр…»

Шындығында, сұрапыл соғыстың не екені кейінгі буынға беймәлім ғой. Біз үшін сол майданды кешкендер – баһадүрлер. Соғыс – адамды тәубесіне келтіретін бір белгі ғана. Күнделікті көріп жүрген кинодрамадағы қантөгіс емес – бұл. Көркем шығармаға да жатпайды. Ол өмірдің – өзі. Осы бес әріптен тұратын суық сөзді есту – өте ауыр. Ал, оны басынан өткізген, толарсақтан саз кешіп, құрбан болған, ардың туын жықпай, биік ұстаған қайран бабалар қандай күйде болды екен? Бір сәтке көз алдымызға елестетіп көрейікші…

Биыл Ұлы Отан соғысының Ұлы Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толып отыр. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 1418 күн мен түн бойы созылды. Қарағанды облысынан майданға 60 мыңға жуық адам аттанып, 34 мыңнан астамы аман-есен оралса, 25 мыңға жуығы қаза болды. 9400-ге жуық адам хабар-ошарсыз кеткен. 6600-дей жерлесіміз майданда ерлік көрсеткені үшін ордендер және медальдармен марапатталды, 34 адам Кеңес Одағының Батыры атанса, 13 адам – Даңқ орденінің толық иегері.

Ұшты-күйлі жоғалғандардың бірі – жерлесіміз Жұматай Жұмағұлұлы. Оның қиын тағдыры жайлы Жайық Бектұров атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына барғанда, аяқасты білдік. Ағамыздың немере қарындасы Мейрамгүл Төлеуғазықызы кітапханашы болып жұмыс істейді.

  • Соғысқа Семей өңірінен аттанған. Ұрпақтары кейін Қарағанды облысы аумағына көшіп келді. Жұматай – менің әкемнің туған ағасы. Тегі басқаша жазылған. Осы кезге дейін қанша жыл сабыла іздеу салсақ та, табылмап еді. Ресейдің арнайы іздеу орталығы тауып берді. Биыл мамыр айында хабар келді. 1942 жылы соғысқа аттанған. «Беларусь майданына кіргелі тұрмыз» деп хат келіпті. Содан кейін хабар болмаған. Минск қаласында тұтқынға түсіп, Штатлаг 316 түрмесінде қайтыс болған. Деректерге сүйенсек, «азиат» деп, ауыр жұмыс істеткен. Суықта ашық аспан астында аш-жалаңаш ұстапты. Азапты көтере алмай бақилық болған. Жеңістің 75 жылдығында табылғанына шүкір! – дейді Мейрамгүл Жұмағұлова.

Соғыс ардагерлерінің табанды ерліктері ескеріліп, облыс бойынша осы уақытқа дейін 145 ескерткіш, монумент, мүсін және ескерткіш тақталар орнатылған. Кейінгі жылдары Ақтоғай ауданындағы Сәуле ауылында Қазыбек Нұржановтың 100 жылдығына орай ескерткіш орнатылып, «Батыр гүлзары» ашылса, Нұра ауданында Кеңес Одағының батыры Семен Лебедевке, Даңқ орденінің толық иегері Мұташ Сүлейменовке ескерткіш орнатылды. Былтыр Ақтоғайда Нұркен Әбдіровке де ескерткіш қойылды. Облысымыздан соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен ардагерлерден – Бүркіт Есжанов, Василий Волокин, Серафима Пономарева, Нина Сорокина сияқты көзі тірі батырлардың есімін мақтынышпен атаймыз. Тылда аянбай еңбек еткендер – Жұмабек Әбдіраманов, Раиса Базанова, Боранқұл Ысқақов пен Социалистік Еңбек Ері – Сайлау Біләлов және басқаларының ерен еңбектері жеңіске жетуімізге үлкен көмек болғанын ұмытпауымыз керек.

  • Соғысқа қатысып, Ұлы Жеңіске қол жеткізген ардагерлер қатары сиреп барады. Олар – соғысты өз көзімен көрген көзі тірі батырлар. Биыл Жеңістің 75 жылдығына да біршама іс-шаралар жоспарлап қойдық. Отан үшін от кешкен жерлес батырларымызға арнап кітап шығармақшымыз, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Жазыкен Томпиев.

Ардагерлер кеңесінің мәліметінше, Қарағанды облысында Ұлы Жеңістің 75-ші мерейтойын 76 майдангер қарсы алуы тиіс. Олардың 8-і қазақ. Қалғаны – өзге ұлт өкілдері. 15-і – көмекке мұқтаж жандар. Сонымен қатар, олардан өзге концлагерде болғандар – 80 адам. Ленинградты қорғауға 14 адам қатысқан болса, қаза тапқан батырлардың жарлары – 28 адам.

Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген зейнеткерлер – 9 болса, әлеуметтік еңбек ардагерлері – 7 адам екен.

Бүгінгі таңда майдангер Нина Сорокина – 101 жаста. Облысымызда соғыс жылдарында тылда еңбек еткен 9 мыңнан астам азамат тұрады.

Ақтоғай және Нұра, Ұлытау аудандары мен Қаражал, Приозерск қалаларында көзі тірі бірде-бір майдангер қалмаған екен. Шет, Қарқаралы ауданы мен Сәтбаев қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан бір-бірден, Шахтинск, Абай, Балқаш қалалары мен Жаңаарқа, Бұқар жырау аудандарында екі ардагерден бар. Қарағандыда – 35, Теміртауда – 13, Жезқазғанда – 4, Осакаров ауданында – 5, Саран қаласында – 6 ардагер тұрады.

Аудандар мен қалалардағы ардагерлер кеңестері ынтымақтаса жұмыс атқарады. Олар Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойының алдын ала жылдық жоспарын бекітіп, жүзеге асыруға белсене кірісті.

Бала күнімде оқыған соғыс тақырыбындағы бір шығарманың мына сюжеті есімде сақталып қалыпты.

Бір топ солдат су іздеп шығады. Су алатын орын неміс фашистері орналасқан жерге жақын еді. Су алып жатқанда байқап қалып, немістер қуа жөнеледі. Оларға тапсырылған міндет шелектегі суды төкпей жеткізу. Ну орманда, аптап ыстықта шөлдеп, әбден титықтаған солдаттар суды күтіп отыр. Межелі жерге жеткенше бәрі оққа ұшып, Егор деген жауынгер тірі қалады. Ол бар пәрменімен жүгіріп келіп, ортайып қалған суы бар шелегімен арғы жағында үзеңгілестері күтіп отырған төбеге ұмтыла бергенде оқ тиіп, қаза болады. Қолындағы суды төбеден асырып, беріп үлгереді. Суды ішіп, шамалы тыныққан достары ашуға мініп, жауды жайратып салады.

Осы сурет әлі көз алдымда, авторы есімде жоқ.

Соғыс біздің санамызға осындай ерліктермен орнықты. Ол туралы айтылса көз алдыма сол Егордың тағдыры және 15 республиканың түпкір-түпкірінен барып, бір үйдің баласындай ел қорғаған жауынгерлер көз алдыма келеді, рух береді…

Сөз соңында айтарым, көзі тірі соғыс ардагерлерін көрсем, сол Егордың суын ішіп, аман қалған солдаттар сияқты елестейді маған. Егордың қолымен берілген жарты шелек су, жарым-жарты көңіліме үнемі медеу. Сол суды жеткізу арқылы аталарымыз бізге осы бейбіт күнді, тату өмірді, ашық аспанды, тәуелсізсіздікті сыйлағандай…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button