Ардагер спортшыны ардақтады
Президент теледидар көреді екен. Оған дәлел – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақадырда тұратын 73 жастағы пауэрлифтинг чемпионы Дәрібай Оспановқа арнайы тарту-таралғы, сый-сияпат жіберуі. Мемлекет басшысына чемпионды таныстырған «Хабар 24» арнасындағы «Туған ел» хабары. Әйтпесе, Ақадырдағы қарт чемпион есімі Ақордаға жетпес еді. Әрі чемпион, әрі бапкер қарияны теледидардан көріп, риза болыпты Президент. Содан ыстық ықыласын жолдаған көрінеді. «Міне, осындай адамдар жастарға үлгі болуы тиіс. Қолдау қажет» деген екен. Ақордадан келген Алғыс хат пен арнайы тартуды аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев табыстады. Президент чемпионға Алғыс хатпен бірге естелік сағат, Бурабай шипажайына жолдама жіберіпті. Сонымен бірге, аймақ та чемпионды құр қол жібермеді. Әлемдік аренада аймақтың ғана емес, дүйім қазақтың намысын қорғап жүрген чемпионға, 9 рет чемпион шыққан әулет иесі арқылы Ақадырдың спорт мектебіне халықаралық деңгейдегі штанг жиынтығын алатын 10 млн. теңге сертификат сыйлады.
Дәрібай ақсақал әлемдік рекордты қайталаған адам. Өз категориясында 180 килограмм зілтемірді көтерген. 56 жасынан бастап пауэрлифтингке ден қойған ақсақал Азия біріншілігінде Гонконг, Филиппин, Үндістанға барды. Әлемдік біріншілікте АҚШ, Прага, Чехия, Жапония төрінде өнер көрсетті. Әлемдік деңгейде 5 алтын, 5 күміс медалі бар. Екі дүркін Азия, үш дүркін Әлем чемпионы. Осылайша әлемдік бәсекеде он жүлдесі жарқырап төрде тұр.
– Мен инженер-геодезист болып жұмыс істедім. Құбыр тартып, айдалада жүргенде бос пластмасса құтыларға құмды толтырып, көтеріп жаттығатын едім. Содан әлемдік деңгейге шықтым. Алғаш рет 2008 жылы Гонконгтегі Азия біріншілігінде күміс жүлдегер атандым. Одан кейін Филиппинде алтын алдым. Америкада 2012 жылы күміс иеленіп, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормасын орындадым. Қазіргі дәрежем – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, –дейді Дәрібай Оспанов. Бұдан соң Литвада екі дүркін Әлем чемпионы атанды. Бұдан соң жапондарды таң қалдырып, Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ал, былтыр Алматыда өткен Әлем біріншілігінде абсолютті әлем чемпионы ретінде мойындалыпты. Рекорды 180 келі болғанымен, жаттығуларда 200 килограммға дейін күші жететін чемпион әулетімен жат жерде 31 рет жеңіс туын желбіретіпті. Оның ішінде, Әнұран 18 рет әуелеп, шырқалған екен.
Ақсақалдың балалары да, жоғарыда айтқанымыздай, Әлем чемпионы. Үш. ұлы да осы пауэрлифтингтен зор жетістіктерге жеткен. Екі үлкен ұлы және немересі әлем чемпионы.
Ал, кенже ұлы Әбдулкарим Қараманның жаттықтырушысы – өзі. Әбдулкарим әлемнің төрт дүркін, Азияның алты дүркін чемпионы, алты рет Азияның күміс жүлдесін жұлып алған, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.
– Үш дүркін әлем чемпионы атанған соң балама Еңбек сіңірген спорт шебері, жаттықтырушысы маған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Балам қазір классикалық түрден әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. 175,5 килограмм көтерген рекордын 4 жылдан бері ешкім жаңарта алған жоқ. Бұл – Қазақстанда болмаған нәтиже. Қазақстанда бір спортшы әлемдік рейтингте 4 жыл қатарынан бірінші тұрған емес. Қазір ол Ақадырда. балаларды жаттықтырады.. Чемпиондарды дайындап жатыр, – дейді ақсақал.
Дәрібай Оспанов мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Ол аптасына бес рет жаттығады. Үш ұлымен биылғы халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға дайындық үстінде.
– Қазан айында Моңғолиядағы Әлем біріншілігіне қатысуды жоспарлап отырмыз, ал маусым айында Үндістанға барамыз, – дейді спорт ардагері. Сәт сапар. Ал, бұл әулеттен мұқым қазақ тек жеңісті күндерді ғана күтеді. Ол да алыс емес.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК.