Ардагер
Ел шетіне жау тиіп, сүттей ұйып отырған бейбіт қауымның басына қатер төнгенде, халық ұранын байрағындай желбіретіп, елім деп еңіреген түкті жүректі, мықты білекті ерлер аз болмаған. Күндей күркіреп келген соғыста, жаңбырдай сіркіреген оқтың ортасында жанын шүберекке түйіп жұртым деп қару асынған ардагерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Жиырмасыншы ғасырда қанмен жазылған тарих жүректерде жазылмас жара болып қалды. Ай тумай солған, таң атпай сөнген жұлдыздардай болған оғыландардың ормандай халқы үшін жанын қиған ерліктері әлі де айтылып, ел ішін аралап жүр. Ортамызға аман-есен оралған ерліктің куәгерлері қазіргі уақытта сирей бастады. Көнекөздеріміздің көңілдегісін, өмір өрісін елге жеткізу – бізге аманат. Кейінгі ұрпақ аталарының халқы үшін қан майданда қаймықпай соғысқанын білуге тиісті. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болар жауынгер-қартымыз – Мұқажан Омаров.
Бүгінде Балқаш қаласында тұратын соғыс ардагерінің айтуынша, балалық шағында батпандай мұң арқалап, сонау отызыншы жылдардың қыруар қырғынынан аман қалған. Ата-анасымен ерте қоштасып, тағдыр оған «әке», «ана» деген сөздің орнына «жетімек» деген атауды айырбастап кеткен. Балалық шағынан тағдырдың теперішін көп көрген ақсақал қиындықтарға болаттай төзімді, берік болып өскен екен. 1925 жылы 1-ші мамырда Ақтоғай ауданының Өндіріс колхозында (қазіргі Шабанбай би ауылы, Қасабай бөлімшесі) дүниеге келіпті. Ата-анасынан айырылған соң Балқашта Ақбелдес және Мәмилә апайының қолында өсіпті. Екі үйдің ортасында жүргенде, оны Рыбтрестің Қарамұрын балалар үйіне алып кеткен. Бұдан соң, ашаршылық жылдары еміс-еміс есінде қалған қарт жауынгердің бала күні Талдықорғандағы балалар үйінде өрбіген. Балалар үйінен интернатқа ауысып, сонда біраз тұрады. Нурифа Жақсылыққызы деген әже оны асырап алады. Бұдан кейін қамқорлық танытқан әжесінің бауырлары Саттай, Аманбаймен Жалғызағаш колхозын мекен етіпті. Сол жерде еңбекке араласып жұмыс жасайды. Он сегізге толып Қызыл Армия қатарына шақырылады.
1943 жылы 6 сәуірде әскери комиссариат шешімі бойынша Қиыр Шығыстағы соғысқа жіберіледі. Ол Жапон милитаристеріне қарсы ұрыстарға қатысып, қайсарлық танытқан. Майданда минометшы болған. Соғыс аяқталған соң 1948 жылы 20 қарашада ауылға қайтады. Сол жылы аға кондуктор болып жұмысқа орналасады. 1952 жылы Балқаш көлінің жағасына көшіп келіп әр түрлі еңбек етеді. 1952-1961 жылдар аралығында «Балқаштүстімет» ӨБ-де қызмет етеді. Жер алып, үй салады. Өмірлік қосағы Күлдараш Бейсенбаевамен отбасын құрады. 7 бала тәрбиелеп, өсіріп-жеткізеді. 1961-1981 жылдары Балқаш қаласындағы қалалық білім бөлімінде көлік жүргізушісі болып, сол жерден зейнетке шығады.
Майданда батылдық, ерлік көрсеткені үшін Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен, Ұлы Отан соғысының I дәрежелі «Жуков» медалі және II дәрежелі орденімен, «СССР-дің қарулы күштеріне 70 жыл» медалімен марапатталған.
Майдангер – Мұқажан Жөкенұлы өз елін, өз жерін, өз Отанын сүйіп, халқының туын жоғары ұстау адамдық қасиеттің ең биік сатысы екендігін арада болған аз-маз әңгімесінде аңғартты. Мұз жастанып, қар төсеніп, от пен суды кешкен ардагер елдің болашағына алаңдайтындығын да жеткізді.
Бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған майдангер ата 95 жаста. Биыл Ұлы Жеңістің 75-ші көктемін қарсы алғалы отыр. Майданда қолына қару алып, қасқайып жауға қарсы шыққан күндерін еске алған ардагердің арман-тілегі – ел іргесінің тыныштығы.
«Соғыс салған жара әлі жазылған жоқ. Соғыс жылдарында басаяғы бүтін болып кеткендер жараланып келіп жатты. Талайдың тағдыры жұмбақ күйінде қалды. Ол кезең елге қасірет әкелді. Соғыстың бетін аулақ қылсын. Бүгін біз еркін елде аман-есен өмір сүріп жатырмыз. Ол – Тәуелсіздіктің арқасы. Менің басты тілегім – ешқашан елімізде соғыс болмаса екен» – дейді соғыс ардагері Мұқажан Омаров.
Нұрдос КӘРІМ